Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Спортқа жетелейтін төсбелгі

1013 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көптен көкейде жүрген ойымды газет оқырмандарымен бөліскенді жөн көріп отырмын. Сөз түсінікті болуы үшін басынан бастайын. Кешегі Кеңес өкіметі заманында спортпен айналысатын мектеп оқушыларына жетістіктеріне қарай: «І разряд», «ІІ разряд», «ІІІ разряд» және «Кандидат в мастера спорта», «Мастер спорта» төсбелгілері берілгенін жақсы білесіздер (1-сурет).

Спортқа жетелейтін төсбелгі

1-сурет

Сол кезде осы төсбелгілерді тағып жүрген құрбыларымызға қарап қатты қызығатын едік. Қазіргі мектеп оқушы­ларынан спорттағы жетістіктерін көрсететін төсбелгі көре алмай жүрміз. Спортшы бала мектеп қабырғасында өзінің спортта жеткен жетістігін танытатын төсбелгі тағып жүрсе, ол дегеніміз,  жанындағы құрбыларының, артында өсіп келе жатқан іні-қарындастарының қызығушылығын оятып, спортқа жетелейтін белгі емес пе?! Бәріміз де бала болдық, бала жылтыраққа әуес, еліктегіш болатынын бір адамдай білеміз. Сыныптасы төсбелгі тағып жүрсе, оны көрген досының да спортпен айналысуға құштарлығы артпай ма?! Осыны ойлай отырып, өз басым қаладағы спорт мамандарымен кеңесіп едім, олардан ауыз толтырып айтарлық жауап ала алмадым. Ғаламтор арқылы «СПОРТ ШЕБЕРІ» мен «ХДСШ» «СШҮ» деген төсбелгілерді  таптым (2-сурет).

2-сурет

Бұлардың өзін спорт майталман­дарының кеудесінен көре алмай жүрмін. Тіпті, Семейде мен кездестірген спорт­шыларға атағын қорғаса да, «Қазақ­стан спорт шебері» төсбелгісі әлі беріл­меген. Ал кеңес заманында мектеп қабыр­ғасында берілетін І,ІІ, ІІІ разрядтты жетістіктер мүлдем алынып тасталған. Мұны қалай түсінуге болады? Тәуелсіздік алу дегеніміз, өткен­нің бәрін жоққа шығарып, оның жақсы жақтарынан да бас тарту  емес қой?!

Көрші  Ресей мектептерінде І,ІІ,ІІІ рарядтты төсбелгілер сонау тоқсаныншы жылдары қабылданып, қолданысқа еніпті. Ресей бұл мәселеге мән беріп отыр. Бізде әлі жоқ.

Осының бәрін пайымдай келе, маманды­ғым дизайнер болғандықтан, өзім жасаған ұсыныс-жобаларымды Мәдениет және  спорт министрлігіне ұсынып көрдім. Әзірге ол жақтан хабар болмай тұр. Бірақ бұл идеяның әйтеуір бір күні қолға алынатынына сенімім мол.

3-сурет

Мен жасаған жобаларды көрген адам бұл белгілердің Қазақстанды айғақтап тұрғанын бірден ұғынатыны сөзсіз (3-сурет).

Ерлан Әмірбеков

Семей