Аймақтар • 11 Шілде, 2017

Ескі «Москвич», екі жарым күн, екі мың шақырым

227 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Риддердің үш тұрғыны ескі «Москвичпен» облысымыздың көрікті жерлерін бар болғаны екі күннің ішінде аралап шығыпты. Нақтырақ айтсақ, олар осы мерзім аралығында 1900 шақырымды бағындырған көрінеді.

Ескі «Москвич», екі жарым күн, екі мың шақырым

Бір мекемеде еңбек ететін үш жігіт – Виктор Володин, Владимир Барышев пен Артур Полеткин таза ауаға шығып, саяхаттағанды тәуір көре­тін­діктерін айтады. «Атың барда ел таны желіп жүріп» дегендей, Артур 2007 жылы сатып алған «Москвичімен» бұған дейін 200 мың шақырымға жуық жерді жүріп өтіпті. «Әрине, екі жарым күн бізге оңай соққан жоқ. Риддерден шығып, Зырян мен Үлкен Нарынды басып өтіп, таң қылаң бере Зайсанды бетке алдық. Зайсан көлінің жаға­сымен 20 шақырым жүрдік. Ешкіөлмес пен Қиын керішті тамашалағаннан кейін «Марқакөл қайдасың?» деп Күршім өңіріне қарай тарттық. Бәрінен де бізге қиын соққаны, кезінде австриялық тұтқындар салған Мрамор жолы болды. Асуға шығу үшін жаман мәшинеміз бір емес, бірнеше рет тоқтады. Теңіз деңгейінен 1399 метр биіктіктегі Мрамор асуына шыққан кездегі көрініс ғажап екен. Қытайдың шекара жақ беті шөл дала, аппақ қудай, біздің жақ жап-жасыл, жайқалып тұр. Қысқасы, бұл бір естен кетпес, тамаша сапар болды. Шырайлы Шығысымыздың көрікті жер­лерін аралап, керемет әсер ал­дық», дейді Виктор Володин.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы