Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Қазақстан мен Қытай аграрлық салада 160 млн доллардың келісімшартына қол қояды

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай аграрлық салада 160 млн доллардың келісімшартына қол қояды. Бұл туралы бүгін  Қазақ-Қытай аграрлық-инвестициялық форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мен Қытай аграрлық салада 160 млн доллардың келісімшартына қол қояды

«Осы форумның аясында жалпы құны 160 млн. долларды құрайтын 7 құжатқа қол қойылады. Аталған құжаттардың ішінде 3 сауда келісімі бар. Оған сәйкес біздің «Азық-түлі» корпорациямыз 200 мың тонна астық пен 100 мың тонна майлы дақылдар жеткізетін болады. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы шекаралық аймақта астық пен майлы дақылдарды сақтауға арналған терминал құрылысы да басталатын болады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұлардан бөлек ғылыми инновация трансферті саласындағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар келісім рәсімделеді. Атап айтқанда, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универсиетінде Аграрлық парк құрылады. Бүгін биоқауіпсіздік жөніндегі зертхана құрылысының іргетасын қалау шарасы өткізіледі. Ол бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. 

«Бірінші кезеңде қытай тарабынан бөлінетін гранттың есебінен заманауи ветеринарлық зертхана құру жүзеге асырылады. Онда ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларына бірлескен зерттеулер жүргізіледі. Одан кейін дәл осындай зертхана карантиндік нысандар бойынша құрылады. Осылайша, ауыл шаруашылығының барлық спекторы қамтылмақ», - деді Гүлмира Исаева.

Сонымен қатар вице-министр Қытайдан Қазақстан жеріне көшірілетін 51 кәсіпорынның 6-ауы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, ал 4-еуі азық-түлік саласында болатындығын атап өтті.  Кәсіпорын жұмыстарына қазақстандық жұмыс күші тартылады. Дегенмен, кәсіпорындардың құрал-жабдықтарын орнату жұмыстарына қытайлықтармен қатар шетелдік мамандар да келеді.