Аймақтар • 12 Шілде, 2017

Теміртауда газблок өңдеу зауыты іске қосылды

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың туған күніне орай Теміртау қаласы түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Солардың ішіндегі ең негізгісі – кенді аймақтың іргесінен бой көтерген «ҚазГазБлок» ЖШС жоғары заманауи технологияларды пайдалана отырып, газблок өңдеп шығаратын зауыттың өз жұмысын бастауы.

Теміртауда газблок өңдеу зауыты іске қосылды

Жаңа кәсіпорынды аймақ басшысы Ерлан Қошанов пен «ҚазГазБлок» ЖШС акционері Болат Әбілов арнайы келіп іске қосты.
– Бүгін өңірдің әл-ауқатын арттыратын құрылыс материалдарын шығаратын зауыттың жұмысын іске қосамыз. Облысымызда апта сайын бір зауыт іске қосылуда. Елбасымыздың: «Құрылыс саласы ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуы керек деген» сөзі бар. Бүгін Елбасы тапсырмасының орындал­ғанының нақты көрінісін көріп отырмыз. Зауытқа 1,5 млрд теңге ин­вестиция салынып, 70 адам жұмыс­пен қамтылды. Ендігі уа­қыт­та айма­ғымызда құрылыс саласы жан­да­натын болады. Осындай игі істі бастап, туған жерге туын тігіп жат­қан Болат Мұқышұлына ризашы­­лығымыз шексіз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рустам Ақбердин, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов өз тілегін жеткізді. «ҚазГазБлок» ЖШС акционері Болат Мұқышұлы да зауыттың ел игілігі үшін жұмыс жасайтынын айтып өтті. 
– Газблок – қазіргі заманғы әм­бебап құрылыс материалы. Бүтіндей бір ірі кешенді құры­лыстың міндетін тиімді шешеді. Газбетонды блоктар түрлі өлшемдегі ғимараттарды салуға қолайлы. Біздің өнім Қазақстандағы ең сапалы өнім болады. Оның ішінде, Теміртаудың құмындағы кварцтың үлесі шамамен 70 пайыз. Зауыт жылына 150 мың текше метрден аса газблок шығаруға қауқарлы, – деді Б.Әбілов.
Компанияның құрылтайшысы Еркебұлан Ахметовтің айтуынша, автоклавты қатаюдан өткен газблок өте төзімді, құрылыстың түрлі нысандарына қолдануға ыңғайлы, әрі дыбыс жұтылымы мен жылу сақтау қасиеті де жоғары. Ұзаққа төзімділігі кәдімгі кірпіштің пайдалану мерзімімен бірдей. Өнімнің сапасына  80 жылға дейін кепілдік беріледі. Бүгіннің өзінде Қарағанды облысындағы және Астанадағы құрылыс компаниялары тауарға тапсырыс беруге келіссөз жүргізуде.
 
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы