08 Қазан, 2011

Елімізге капитал тартудың жаңа мүмкіндігі

353 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Гонконгтағы инвестициялар жөніндегі бірінші қазақстандық форум табысты өтті Дағдарыстан кейін жылына 7-8 пайыздық даму деңгейін қайта қалпына келтіріп отырған Қазақстан экономикасы айдан-айға өсе түсуде. Өсімнің осы деңгейін одан әрі тереңдету үшін біздің жас мемлекетімізге көп қаржы қажет болатындығы түсінікті. Сондықтан елімізде инвестициялық саясатқа ерекше мән берілуде. Оның жолдары айқындалып, нығайтылуда. Қазақстанның ірі компаниялары соңғы жыл­дардан бері өздеріне тиімді инвестиция тартудың үлкен көзі ретінде дүние жүзінде қаржы капи­талы неғұрлым көбірек шоғыр­ланған әлемдік ірі қор биржаларына шыға бастады. Осының сәтті мүмкіндігі ретінде қазақстандық бірқатар ірі компаниялардың Лондон қор биржасына тіркелгендігін айтуға болады. Алайда мына өзгеріске толы өмірде соңғы жылдар ішінде азиялық қор рыногының жедел даму үстінде екенін байқаймыз. Жуықта ғана Гонконгта өткен «Инвестициялар мен капитал тартудың қазақстандық форумына» қатысу барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қоры» АҚ басқарма төрағасының орын­басары Айдан Кәрібжановтың бізге берген шағын сұхбатында атап көрсетілгеніндей, қа­зіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс Азиядағы, со­ның ішінде Сингапур мен Қытайдың қор биржаларындағы қаржы көлемі Лондон, Нью-Йорк қор биржаларымен теңесе бастады. Егер үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында шық­қан облигациялар мен бағалы қағаздар санының орналасуына назар аударатын болсақ, Шанхай, Гонконг, Сингапур қор биржаларында олардың неғұрлым көбірек шығарылғандығын көруге болады. Әрине, жедел даму үстіндегі Қазақстан компаниялары бұл факторды назардан тысқары қалдыра қоймайтыны анық. Сөйтіп, осы уақытқа дейін Батыс елдерінен инвестициялар тарту мүмкіндігіне бірінші кезекте назар аударып келген Қазақстан енді Оңтүстік-Шығыс Азияның қор рыноктарына да өз қолын соза түсті. Соның сенімді бір куәсі ретінде жуықта ғана Гонконг қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының қа­ты­суы­мен өткен жоғарыдағы инвестициялық форумды айтуға болады. Сөз арасында келтіре кететін бір жәйт, бұл форумның өтуіне Қазақстанның Гонконг пен Макаодағы бас консулы Нұржан Әбдімомынов та өз тарапынан барынша үлес қосқан. Бас консул бұл бағыттағы өзінің жүргізген жұмыс­тарын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына арнайтындығын бізбен әңгімесінде айтып өткен еді. Ал «Самұрықтың», жалпы Қазақ­стан­ның азиялық кеңістіктегі қор рыногы бойынша алғашқы инвестициялық форумын өткізетін орын ретінде дәл осы Гонконгты таңдап алуы бекерден-бекер емес секілді. Бізге келтірген деректер бойынша, Гонконг қор биржасы өзінің көлемі жағынан қазіргі күні әлемде жетінші орында тұрса, Азия құрлы­ғында бірінші орынды иеленеді. Оның үстіне ұзақ жылдар бойы Ұлыбритания секілді еркін рынокты жақтайтын елдің еншісінде болып келген Гонконгта қор биржасының жұмысы неғұрлым демократиялық қағидаттарға сәйкес келеді деп айтуға болады. Бұл жағдай да Қазақстанның оң жамбасына дөп келіп отыр. Қазақстан компанияларының Гонконг қор биржасына келуіне бұл елдің іскер топтары да аса ықыласты. Біз мұны форум барысында айқын аңғардық. Осыдан бірқатар жылдар бұрын, яғни тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қазақстандық ірі банктердің бірінің басшысы болып жұмыс істеген Берлин Иришевтің айтуы бойынша, Қазақстан мен Гонконг арасында алғашқы келісімге қол қойылған тұста Гонконг үшін Қазақстанның бейтаныстығы сондай, бұл елдің  іскерлері Қазақстанның атын қате жаз­ған екен. Ал бұл жолғы басқосу басқа рәуіште өтті. Форум жұмысына Гонконгтың қаржы министрінен бастап қор рыногында қызмет ететін ірі тұлғалар тегіс қатысты деп айтуға болады. Себебі олар Қазақстанның қандай елге айна­лып келе жатқандығын көріп отыр. Енді бұл жағдайды қор акционерлерінен бастап қара­пайым халқына дейін жеткізу қалған секілді. Сол кезде осы қор биржасына алдағы уақытта тіркелуді ниет етіп отырған Қазақстан компа­ния­ларының акциялары неғұрлым құнды бағаланатындығы айқын болмақ. Гонконг жеріндегі алғашқы инвестициялық форумның өтуіне әлемдік банктік және қар­жылық қызметтің еуропалық көшбасшысы бо­лып табылатын, әлемдегі аса қуатты 6 банктің қатарына кіретін BNP Paribas (Париба) банкі­нің мұрындық болғандығын айтуға болады. Бұл банктің штаб-пәтерлері Париж, Лондон, Женева қалаларында орналасқан. Енді Оңтүс­тік-Шығыс Азияның қор рыногына белсенділікпен шығып отыр. Global Finance журна­лының қорытындысы бойынша 2010 жылғы әлемдегі ең сенімді деген 20 банктің қатарына кіреді. Міне, осындай әлемдік деңгейдегі ірі қаржы институтының қолдау білдіріп, қызмет етуінен-ақ Қазақстанның әлемдік қаржы рыно­гында қандай тартымдылыққа ие бола баста­ғандығын анық байқауға болады. Осы банктің Азия-Тұнық мұхит елдеріндегі қаржыландыру корпорациясының басшысы Кристиан де Шарне форумдағы беташар сөзінде елі­міздің соңғы жылдардағы экономикалық жетістіктерін жақсылап таныстырды. Қазақстан­ның Азиядағы стратегиялық орталықтарының біріне айнала бастағандығын айта келе, көне Жібек жолының бойында орналасқан бұл мемлекет бірте-бірте Ресей мен Қытайды, Үндістан, Еуропаны байланыс­тыратын басты буын болады деген сенімін жеткізді. Қазақстанның Гонконг пен Макаодағы бас консулы Нұржан Әбдімомынов Қазақстан атынан Гонконг жерінде өтіп отырған осынау алғашқы үлкен бизнестік басқосуға құттықтау сөзін жеткізіп, үстіміздегі жылдың соңында өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін елде соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық салада үлкен өзгерістер жүріп жатқандығын, бұған ел басшылығының халықаралық деңгейде жү­йелі де жан-жақты саясат жүргізуінің нәтиже­сінде Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанға 120 миллиард доллар көлемінде шетелдік тікелей инвестицияның тартылуы өз ықпалын тигізгендігін, елдің жағдайының жақсаруына байла­нысты зейнетақының 4,5 есе, жалақының онда­ған есе көтерілгендігін, соңғы жылдардың өзінде Қазақстанға шеттен мыңдаған адамның көшіп келгендігін тілге тиек етті. Гонконгтың қаржы министрі Джон Тцанг форумға қатысушыларға Қазақстанның қандай ел екендігін, оның экономикалық жетістіктерін әдемілеп жеткізуге тырысты. Екі елдің ара қашық­тығы 4 мың шақырымды құрағанымен, сауда-саттықтың жылдан-жылға артып келе жатқандығын, ең бастысы, екі елдің арасында бір-бірімен ынтымақтастыққа деген үлкен мүд­денің барлығын атап көрсетті. «Қазақстанның қандай ел екендігін түсінулеріңіз үшін мына бір жәйтті атап көрсетейін. Бұл елдің жер көлемі біздің Гонконгтан 2,5 мың есе артық. Бізде өндіріс жоқ десе де болады, шикізатқа аса зәру­міз. Ал бұл елде осының барлығы бар. Эконо­микасының жылдық дамуы әлем елдері ауыр қаржы дағдарысынан есеңгіреп қалған қазірдің өзінде 7 пайызға көтеріліп отыр», дей келе Гонконгтың өз тарапынан алғанда қаржысы арқы­лы мықты екендігін, мұнда өткен жылы ғана 17 миллиард доллар кіріс алынғандығын айтып өтті. Гонконг қор биржасының басшысы Рональде Аркуле өз биржаларында күніне 5 миллиард доллардың сауда-саттығы жасалатындығын, оның сауда ауқымы жылдан-жылға артып келе жатқандығын, осыған орай батыстық компаниялармен қатар, Ресей мен Қазақстанның бұл рынок­қа қатысуы пайдалы болып табылатын­дығын жеткізді. «Былтыр бізге Ресейдің «Русал» компаниясы келіп тіркелді. Қазақстан тарабынан «Қазақмыс» тіркеліп отыр. Біз өз жұмысымызды ағылшын дәстүрі бойынша жүргіземіз. Қытай экономикасы дамыған сайын юань бойынша капиталдың артуы біздің дамуымызға үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр», деді. Форумға қатысушылар осында қазақстандық іскерлерді бастап келген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдан Кәріб­жановтың сөзін аса бір ықыласпен тың­дады. Ол өз сөзінде Қазақстан мен оның басты мемлекеттік компаниясы «Самұрық-Қазына» қоры­ның инвестициялар бойынша жүргізіп жат­қан жұмыстарын жан-жақты әңгімелей келе, бұл қордың құрамына табиғи ресурстық, энергети­ка­лық және инфра­құрылымдық аса ірі компа­ния­лардың кіретіндігін айтты. Қазақстанда қазіргі күні өнеркәсіптік сектордың, өңдеу сала­сының дамуына инвести­циялық үлкен мүмкін­діктердің тудырылып жат­қан­дығын, елдің ауыл шаруашылығы сала­сында, оны әртараптандыру бағытында көптеген жұмыс­тардың жүргізілген­дігін, Қазақстанның мұ­най, газбен қатар, астық пен мал өнімдеріне бай екендігін, ендігі мақсат оларды өңдеп, экспортқа шығару үшін инвести­ция­ларды молынан тартуға жол ашыл­ғандығын жеткізді. Кезінде Жібек жолы арқылы Қытай мен Батыс аралығында үлкен сауда жолы болған Қазақстанда ол  өз тәуелсіздігіне ие болған сәт­тен бастап ел аумағы арқылы Қытай мен Ресей аралығында экономикалық қарым-қатынас­ты кү­шей­туге ықпал ететін үлкен инфрақұрылым­дар пайда болу үстінде екендігін, бұл дәліз арқылы Батыс елдеріне шығуға да болатынды­ғын айтып өтті. «Қазіргі күні Қазақстан экономикасында үлкен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Міне, осы үшін бізге қаржы керек. Осы қаржы арқылы біз өз экономикамыздың әлеуетін одан әрі аша аламыз. Инвесторлар үшін Қазақстанда назар аударатын жәйттер өте көп. Тіпті, басқаны былай қойғанның өзінде, Қазақстанда минерал­ды тыңайтқыштардың өндірістерін ұйымдасты­рудан да үлкен пайда табуға болады. Сондықтан бізге қазіргі күні әлемнің көптеген компания­лары назар аударуда және олардың келуіне қолайлы жағдайлар жасалыну үстінде» дей келе, еліміздің заң бойынша берілетін жеңілдік­теріне, басқа да көрсетілетін қолдауларына тоқталып өтті. Форумда «Самұрық-Қазына» қорының құра­мына кіретін бірқатар компаниялардың басшылары мен өкілдері сөз алды. Солардың бірі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілі Дастан Абдулғапаровтың айтуынша, компа­нияның акциялары батыстық қор рыногында тіркелген. Ол қызмет ететін «ҚазМұнайГаз» құрамындағы іргелі компания соңғы жыл­дардың өзінде мұнай өндіруді 60 пайызға дейін арттыруға қол жеткізе алды. Компанияның акцияларына келетін дивидендтер 2 миллиард долларды құрап отыр. Компания газ өндіру жөнінен Қазақстанда екінші орынға ие. Оның кен орын­дарындағы барлан­ған газ қорының көлемі 25 жылға еркін жетеді. Ком­пания­ның қаржы жағдайы күш­ті және тұрақты деп есептелінеді. Рыноктағы капиталдану деңгейі 1 баррель – 1 доллар деп есептегенде, 7 миллиард доллар­ды құрайды. Компанияға барлау, өнімді өңдеу жұ­мыс­­тарымен шұғылда­ну үшін жаңа инвестициялар қажет. Форумға қатысушылар еліміздің тағы бір іргелі ұлттық компаниясы «КЕGОC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қа­жиев­тің сөзін ынтамен тыңдады. Еліміздің магис­тралды электр желілеріне мемлекет атынан иелік етіп келе жатқан бұл компания электр қуатының Қазақстан аумағы арқылы мемлекетаралық және өңір­аралық тасы­мал­да­ну­ын қамтамасыз етеді. Компаниядағы жаң­ғыр­ту жұмыстары 2000 жылдан бастау алған болатын. Содан бері активтерді жаңарту, қажетті электр қуатын тарату желілерін салу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы мақсатқа халық­ара­лық қаржы институтта­рынан 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартылып отыр. Сонымен қатар «КЕGОC» АҚ қазақстандық электр рыногын реттеудің үкіметтік операторы болып табыла­тын­дықтан, оған деген мемлекеттік қолдау да күшті. Мемлекет компанияны қаржыландыру ісіне қатысумен қатар, мемлекеттік кепілдікті беру секілді көмектер көрсетеді. Форумда Қазақстан жағынан «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Салтанат Шунаева, «Мемлекеттік жинақтаушы зейнета­қы қоры» АҚ атқарушы директоры, Астаналық дербес қызмет көрсету орталығының директо­ры Салтанат Елшібекова, «Жайық мұнай» компаниясының басшысы Франк Монстрей, SB Capital компаниясының әріптесі Берлин Иришев және басқалар сөз алып, елімізде қажет етілетін инвестициялық көздер мен оның жұмсалу бағыттары жайында әңгіме қозғады. Жалпы, Гонконг жерінде Қазақстанның бірінші рет өткізіп отырған инвестициялық форумы өте табысты өтті деп айтуға болады. Оған еліміз жағынан барған әр қатысушы өз компаниясына қажетті мәселелер туралы тың идеялар мен пайдалы мәліметтерге ие болды. Мәселен, Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының атқарушы директоры Салтанат Елшібекова форумнан кейінгі бізбен әңгімесінде бұл жиын өзіне форумда сөз сөйлеп, Қазақ­стандағы зейнетақы қорының жұмыс тәжіри­бесін ортаға салумен қатар, алдағы уақытта еліміздегі осы жүйені жетілдіруге қатысты бірқатар жаңа істерді назарға алуына мүмкін­дік бергендігін атап көрсетті. – Өздеріңіз білесіздер, соңғы уақыттардан бері әлемдік қаржы жүйесінде жаңа орталықтар пайда болып, олардың жұмысы қайнап жатыр. Гонконг құрамына кіретін ұлы көршіміз Қытай мемлекеті экономикасының көлемі жөнінен әлемде екінші орынға берік табан тіреді және қаржысының молдығы мен капиталдануы жөнінен әлем назарын аударып, Оңтүстік-Шығыс Азияны үлкен инвестиция­лық көзге айналдырып отыр. Ол өз саясаты бойынша Шанхай, Гонконг, Сингапур қор биржаларының қанат жаюына үлкен ықпал етіп келеді. Қазақстан қалыптасқан тарихи-экономикалық факторлар бойынша өзінің инвестиция тарту саясатында бірінші кезекте Батыс елдеріне үлкен мән берсе, енді Шығыс елдерінің күшеюіне байланысты бұл өңірдегі қор рыноктарына шығу мәселесін ойлас­тыруда. Жалпы, бұл жұмыс бүгінгі күні ғана басталып отыр деуге келмейді. Жұмыс бірте-бірте жүйелі жүріп жатыр. Мәселен, біздің осы Гонконгта инвестициялық форум өткізуіміздің қарсаңында «Самұрық-Қазына» қоры экономи­калық байла­ныс­тарды нығайту мақсатында бірқатар шара­ларды жүзеге асырған болатын. Гонконгтағы қор биржасына Қазақстан жағы­нан бірінші болып «Қазақмыс» АҚ тіркелді. Енді біз осы биржаға «Самұрық-Қазына» қорына қарайтын ұлттық компанияларымызды кіргізу мәселесімен шұғылдану үстіндеміз. Менің ойымша, енді біраз уақыттардан кейін мұндай жұмыстар елімізде жүйелі сипатқа ие болады деп ойлаймын. Әрине, біз бірінші кезекте таяудағы уақыттың ішінде бірқатар ұлттық компаниялардың акция­ларын қара­пайым халық арасында тарату­ға бағытталған мемлекеттік маңызды шараны жүзеге асыруға кірісеміз. Мұндағы мақсат ұлттық компания­лардың қолындағы игіліктерге халықтың қолын жеткізу. Дегенмен, халыққа таратылған бағалы қағаздар арқылы компания­лардың серпінді дамуы үшін көп қаржы келе қоймас. Сондықтан мұнан кейінгі уақыттарда дамуға қажетті мол қаржыны тартуда қор биржа­ларына шығатын боламыз. Біздің бүгінгі сапарымыз осының алдындағы қажетті бір қадам болды. Бұл қадам арқылы біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Гонконг, Сингапур, Шанхай қор биржаларының (олардың өкілдері осы форумға қатысты), сондай-ақ жекелеген инвесторлардың Қазақстанмен жұмыс істеу­ге мүдделі екендігін байқап қайттық. Сондықтан алдағы уақытта бұл шараның өзіндік нәтижесі зор болады деген сенімдемін, – деді осы форум­ға қазақстандықтарды бастап келген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдан Кәрібжанов форум соңынан журналистерге берген шағын сұхбатында. Астана – Гонконг – Астана. Суреттерді түсірген Күлпаш ҚОҢЫРОВА.