21 Шілде, 2017

Қазақ осы!

1754 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қадағаңның – атақты ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Қазақ осы!» деген атпен кең таралған, тамаша мақамды әнмен шалқыта шырқалатын өлеңін білмейтін адам кемде-кем болар, сірә. Шетелдік мейманға қазақты таныстыру ретімен жазылған өлеңнің айтары астарлы, мағынасы қатпарлы. Осындай форма арқылы кеңестің әр сөзден пәле іздеген қырағы көздерін адастырып кеткен ақын шын мәнінде қазақ деген халықтың жан дүниесін, бекзат болмысын жарқыратып ашып, көзіқарақты жұртқа ұлттың керемет қасиеттерін тамыршыдай тап басып таныта білген.

Қазақ осы!

Сәл шегініс жасасақ, қазақты басқаларға білгізу, қазақтың атын шығарып таныту Қадырдың алдындағы толқын-толқын тағдырлы ағалардың да негізгі мақсат-мұраттарының бірі болғанына көзіміз жете түспек. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында өр дауысты Қасым ақын: «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, мен қазақтың баласы!» деп үлкен тебіреніспен, намысты тектілікпен жырлағаны осыны аңғартады.
Жетпісінші жылдардың басында құрметті ұстазымыз, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиет зерттеушісі Белгібай Шалабаевтың айтқан бір әңгімесі есімде. Ол кісі Ұлы Отан соғысы кезіндегі бір ұрыста ерлік жасап көзге түссе керек. Соған риза болған командирі әскер сапының алдында алғыс жариялап, өзінің қай ұлт екенін сұрайды... «Мен – қазақпын!» дейді, мақтанышпен айтады. Бірақ командир де, сол арадағы басқалар да қазақты білмейді, ондай ұлттың барынан бейхабар болып шығады. Бұған назаланған Белгібай ағамыз енді қазақтың атақты адамдарын еске түсіріп айта бастайды. Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин. Олар жайлы да естімеген. Ол кезде халық жауы санатындағы Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің атын да атауға болмайды. Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовті де біле қоймайды. Содан, «Қиналған Жамбыл жері осы» дегендей, туған халқының жалпақ қауымға мәшһүр бірде-бір адамын таба алмай әрі намыстанып, әрі қатты қысылған ағамыздың аузына дес бергенде Жамбыл түсіпті. Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңінің «Правдада» басылып, радиодан оқылып, дүркіреп тұрған кезі. Өзі де қуанып кетіп: «Жамбыла Жабаева знаете?!» депті. Сол сәтінде командир де, солдаттар да: «Знаем, знаем!» деп шулап қоя беріпті. Сонда мақтанып мерейленген жауынгер ағамыз: «Вот, я – казах!» деген екен саңқылдап.
Иә, ұлттық сезім өте нәзік нәрсе. Барлық замандарда солай болған. Ұлттық сезіммен ойнауға болмайтынын Кеңес Одағының үлкен саясаты, әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында жақсы түсінген, ұлттық сезімді өз пайдасына жаратқан. Қазақтың ежелден батыр халық, жүрек жұтқан ер халық екендігін, басқыншыларға қарсы қаһармандықпен шайқасып жатқандығын айтып «Правда» газетінде мадақ мақалалар жариялатқан. Сөйтіп, қазақ жауынгерлерінің рухын көтерген, ерлікке үндеген. Қан майданда қазақтың да атой-дабылы, батырлары танылып, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Мәншүк пен Әлия сынды ерлеріміз қазақтың кім екенін білгізген, «Қазақ осы екен ғой!» дегізген.
Бірде ғұлама ғалым, әйгілі академик Қаныш Сәтбаев Кеңес елінің бір мәртебелі делегациясының құрамында Англияға барыпты. Неше күнгі әңгіме, жиындарда ол кісінің пайым-парасатына қоса түр-тұлғасына да сүйсініп таңырқаған ағылшын лордтары: «Сәтбаев мырза! Сіз қазақ халқының өкілі екенсіз. Айтыңызшы, барлық қазақтардың бойы осы сіз сияқты биік болып келе ме?» деп сұрапты. Сонда Қанекең ұлық бойын кішік ұстай жымиып: «Менің халқым менен әлдеқайда биік. Солардың ішіндегі ең бойы кішісі мен боламын» деген екен. «А-а, солай ма?» деп тәкаппар да талғампаз ағылшындар қатты таңданыпты. Қаныш ағамызға қарап қазақ халқын елестетіпті. Ойын да, бойын да! «Қазақ деген халық осындай екен ғой!» деген пікір қалыптастырыпты. Қазағымызды, хал­қы­мызды жаһанға жақсы жағынан таныта жүрудің бір асыл үлгісі осындай болар. 
Осы орайда кезінде кескін-келбетімен, тектілігімен Галина Серебряковадай дегдар сұлуларды сұқтандырған тағы бір кемел қазақ Сәкен Сейфуллинді қалай айтпай тұра аламыз. Сырбаз ақын Сырбай айтса айтқандай, жырласа жырлағандай: «Өлімге жан екенсің қия алмайтын, Өлеңнің құшағына сыя алмайтын. Қазақты көргің келсе, міне, осы деп, Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын!» Иә, қазақ осы!.. дейміз тағы да. Қазақтың тал бойында да, болмыс-табиғатында да, тарихында да халқымыздың бүгінгі ұрпағы, бүгінгі Алаш баласы ұялатындай, намыстанатындай, қорланатындай ештеңе жоқ. Тұла бойы тұрған қалпымызбен, қара тырнағымызға шейін қазақпыз. Дәстүр-салтымызбен, тілімізбен, ділімізбен, әнімізбен, жыры­мызбен. Тойшылдығымызбен, қона­­ғуар­лығымызбен. Ашық жарқын қабағы­мызбен, тіпті, аңғалдығымызбен де қазақпыз.
Әлқиссада келтіргендей, «Қазақ осы!» деп шетелдік мейманға таныстырғанда Қадыр ақын да туған халқының осындай көпшілдік, адамзаттың бәрін бауыр санайтын бекзат қасиеттерін баса айтқан болатын. Рас, қазір қазақтың тойшылдығы – ойшылдыққа, аңғалдығы – ақылмандыққа ұласып бара жатқандай. Дәлірек айтсақ, той да бар, ой да жеткілікті. ЭКСПО тойын тағылымды оймен, тамаша өрнекпен өткізіп жатуымыз соның дәлелі.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»