Аймақтар • 21 Шілде, 2017

Әулиеата жеріндегі ауқымды істер

233 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысының даму қарқыны жоғары. Ағымдағы жылдың өзінде облыс өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім және өзге де салаларда айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Сондай-ақ, өңірде инвестиция тарту, баламалы электр көздерін өндіру сияқты ірі жобалар да өңір экономикасының дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр. Жалпы, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі және келешек жоспары жөнінде облыс әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВПЕН әңгімелескен едік.

Әулиеата жеріндегі ауқымды істер

Өркенді өндіріс және инвестиция игілігі

– Кәрім Нәсбекұлы, әлеуеті артқан Әу­ли­еата халықтың көз алдында. Дегенмен, әр­бір өңірдің өзіне тән даму ерекшелігі болады ғой. Жамбыл өңірі бүгінде қай салада соны серпін танытып, ерекшеленіп отыр?

– Жалпы, өңірдің дамуына серпін беріп отырған бұл – өнеркәсіп саласы. Біздегі ең үлкен зауыттың бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Өткен жылы ғана жылдың аяғында экстракциялық фосфор қышқылын шығаратын зауыт іске қосылып, бүгінде бұл жоба өз жұмысын атқарып отыр. Бұл сон­дай-ақ, амафос тыңайтқышын шы­ға­ру арқылы өңір өндірісін ілгерілетіп ке­леді. Аталған көрсеткішпен біз биылғы жыл­дың бес айы мен өткен жылдың ме­жесін толықтай бітіріп қойдық. Енді ал­дағы уақыттарда үш жүз мың тоннадай өнім өндіруді жоспарлап отырмыз. Биыл көк­темнің біраз созылғанына байланысты біз Қазақстанның бүкіл облыстарын қамти алмадық. Келешекте белгіленген межеге жетіп, одан да артығымен жұмыс істейтін боламыз.

Жаңа зауытты іске қосу арқылы 150 адам­ға жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жоба 8,9 миллиард теңгеге салы­нып, енді жалпы көлемі бес жүз мың тоннаға дейін тыңайтқыш шығаруды жос­пар­лап отырмыз. Жалпы, «Қазфосфат» жау­апкершілігі шектеулі серіктестігінде ал­ты мың халық жұмыс істейді. Соның өзін­де Жаңатас және Қаратау қаласындағы «Қаратау», «Шолақтау» зауыттары фосфор­ды орталыққа алып келеді. Жоба бойын­ша олар да өздерінің жұмыстарын арты­ғымен іс­теп отыр. Мемлекеттік қол­дау мен мем­лекеттік және үкіметтік бағ­дар­ла­ма­лар­ды жүзеге асырудың нәтижесінде облыс­та экономиканың барлық салаларында дамудың оң динамикасы сақталуда. 

– Жалпы, облысқа инвестиция тартып, өңір экономикасының өркендеуіне ықпал етіп отырған қандай жобалар бар?

– Облысқа ірі инвестиция тартып, айтарлықтай жұмыс атқарып отырған «ЕуроХим» тыңайтқыштар зауыты. Бұл зауыт комбинатын толығымен аяқтады. Оның жанынан шағын өңдеу зауыты да салынды. Биыл аталған зауыт 600 тоннаға дейін фосфор ұнтағын шығаруды жоспарлап отыр. Оның жанында қазір «Химкомплекс» деген зауыттың жобасы басталды. Екі жылдан соң, яғни 2019 жылдың соңына қарай зауыт пайдалануға беріледі. Ол зауыт толығымен жұмыс істеу үшін әуелі газ керек. Сондай-ақ, жолдың және темір жолдың да қажеттігі туындайды. Жол мәселесі бойынша Инвестициялар және даму министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі және «ЕуроХим Қаратау» мекемесі болып, үш­жақ­ты меморандумға қол қойылды. Бұл жер­де министрлік мемлекеттік-жекеменшік әріптесігі арқылы қаржысын бөлетін болды. Ал «ЕуроХим» тыңайтқыштар зауыты салады, біз жер береміз. Одан кейін көгілдір отын мәселесі бар. Жалпы, «ЕуроХим» толығымен жұмысқа кіріскенде, бұларға 300 миллион текше метр газ керек. Сонымен қатар, «Қазфосфат» және шағын бизнес орталықтарына 200 миллион көгілдір отын тағы қажет. Ал Жаңатас қаласы және Сарысу ауданының 17 елді мекенін қосқанда, бізге бәрі 750 миллион текше метр газ қажет болады. Бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаты бүгінде толығымен дайын. Бұл жұмыстардың бәрін де Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев толығымен қолдап, қажет болса көмек беруге дайын екенін ай­тып отыр. Мұның жалпы құны 8,7 миллиард теңге болады. Біз мұны да мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі арқылы салсақ па деп отырмыз. Келетін газдың 30 пайызы «ЕуроХимға», 10 пайызы «Қазфосфатқа», 5 пайызы шағын бизнеске, қалған 65 пайызы халыққа беріледі. 
Бұдан кейін Жаңатастан Түркістанға дейін темір жол қажет. Мәселен, алдағы уақыттарда бұл зауыт 1 миллион 400 мың, 2020-2021 жылдарға қарай 3-4 миллионға дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр. Оның құрамында глифосфат, декальцийфосфат, гипс бар. Егер мұның бәрін Жаңатас, Қаратау, Жамбыл, Шымкент, Арыс, Түркістан арқылы тасымалдайтын болса, 500-600 шақырымға дейін айналып кетеді. Егер Жаңатастан Түркістанға дейін жүретін болса, 115 шақырым ғана болады. Мұның 25 шақырымы Жамбыл облысына, қалған бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына қарайды. Бірақ ол жақта 78 шақырым бұрын салынған жол бар екен. Олар техникалық жөндеу жасайтын болып отыр. Егер бұл жоба жүзеге асса, мұны да мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі арқылы салсақ па деп отырмыз. Сонымен қатар, болашақта «ЕуроХим» тыңайтқыштар зауытында екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта Жаңатас қаласының әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында жоспар жасалды. Мәселен, осыдан 20-25 жыл бұрын халық Жаңатастан жаппай көшіп, әлеуметтік жағдайы төмендеп кеткен еді. Елбасының шағын қалаларды дамыту туралы бағдарламасы еліміздегі көптеген қалалардың өркендеуіне себепші болды. Жалпы, еліміз бойынша 27 шағын қала болса, аталған бағдарламаға Жамбыл облысынан Жаңатас және Қаратау қалалары кірген. Бағдарлама аясында бөлінген ақшадан біз Жаңатастағы үйлердің кейбірін бұзып, қалғанына жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. 

Одан кейін Қаратау қаласында «Талас Инвест компани» деген үлкен зауыт салынды. Биыл 2,1 мың тонна цианид натрийін шығарып жатыр. Мұнда зауыт салынғалы бері 600 адам жұмыс істейді. Кезінде бұл жердегі біраз халық та жұмыссыз қалған болатын. Ал қазір аталған зауытта 80-90 пайыз жергілікті жердің адамдары жұмыс істеп келеді. Одан кейінгі тағы бір ірі жоба «Химпарк Тараз». Бұл жобаның сыртқы инфрақұрылымының 90 пайызы бүгінде толығымен аяқталды. Газ, ауыз су, автожол, темір жол, электр қуаты 90 пайызға тартылды. Сондай-ақ, зауыттың ішкі инфрақұрылымы да 55-60 пайызға бітіп қалды. Ал әкімшілік-тұрмыстық корпус, өрт корпусы, су резервуарлары, оның қоршауы да қолға алынған. Соның ішінде екі зауыт бой көтеріп, ол жерде Қытай инвесторлары жұмыс істеуде. Жалпы, облыста химия саласы өркендеп келеді. Егер Қазақстан бойынша химияның 30 пайызын Жамбыл облысы беріп отырса бұл да өңір үшін үлкен жетістік. Ал егер жоғарыда аталған төрт зауыт бірдей жұмыс істейтін болса, республикаға химияның 65-70 пайызын Жамбыл облысы береді. Сондай-ақ, бұлардан бөлек қазір 5-6 зауыт салуды көздеп отырмыз. Негізі 16 зауыт салыну керек еді. 16 зауытқа арнап 505 гектар жер де бергенбіз. Дегенмен дағдарыс кезеңінде мұның бәрі тоқтап қалды. Болашақта бұл зауыттардың бәрі де салынады деп ойлаймын. 

Тағы бір үлкен жоба Қордай ауданында қолға алынды. Темір логистикалық жобаның құны 2,3 миллиард теңге. Бұл жерде 1,5 мың халыққа жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Біз Қытайда өткен үшінші іскерлік кеңесте еліміздің Премьер-Министрімен келісімшартқа қол қойғанбыз. Енді ол азаматтар екінші жартыжылдықта жұмысын бастайын деп отыр. Сонда «ЕуроХим», «Химпарк Тараз», Қордай Темір логистикалық зауыты – үшеуінің өзі-ақ облысқа 7 миллиард доллар инвестиция тартады. Болашақта бұл жұмыстар арқылы Әулиеатаның әлеуеті артып, экономикасы өседі деген ой бар. Бұдан кейін Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл Цемент» зауыты жылына 1 миллион 400 мың тонна цемент беріп отыр. Зауыт 39 миллиард теңгеге салынған, қазір мұнда 450 адам жұмыс істейді. Оның жанында «Хантау» цемент зауыты бар. Негізі 500 мың тонна цемент шығаруға жоспарланған зауыт қазір 350 мың тонна цемент шығарады деп отырмыз. Ал «Ақбақай» зауыты 50-60 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

Ауыл шаруашылығы алға басуда

– Бүгінде жасыл экономиканы дамыту басты міндет. Ал Жамбыл өңірі күн, жел, су электр көздерін өндіруде өнім­ді жұмыс істеп отыр. Жалпы, жасыл экономикаға облыстың қосқан үлесі қан­шалықты?

– Баламалы электр қуатын өндіруде де біз өзге өңірлерден алдыңғы қатарда тұрмыз. Қазір 114 мВт баламалы қуат көздерін алып отырмыз. Мұндағы 54 мВт қуат көзі жел электр стансасы арқылы, 50 мВт қуат көзі күн электр стансасы арқылы, ал 10 мВт қуат көзі гидроэлектр станса арқылы алынуда. Ал 2018-2019 жылдарға қарай 274 мВт электр қуатын өндіру жоспарда бар. Біздің бұл бастамаға голландиялық, германиялық азаматтар да қызығушылық танытып отыр. Мысалы, бір жылда 365 күн бар болса, соның 350-355 күнінде бізде күн шығып тұрады. Екіншіден, Қордай асуында үнемі жел соғып тұрады. Міне, сол желді де біз пайдаланып отырмыз. Сондай-ақ, Жамбыл облысында 117 су қоймасы бар. Су қоймаларынан түскен сулар арқылы гидроэлектр стансасын салып жатырмыз. Мұның бәрі облыстың жасыл экономикаға қосып отырған үлесі деп ойлаймын. 

– Жамбыл облысы қант қызылшасын егуде, егін шаруашылығын өркендетуде ай­тарлықтай жұмыс атқарып отыр­ға­нын білеміз. Жалпы, ауыл ша­руа­шы­лығы саласында қол жеткен же­тіс­тік­тер мен алға қойған қандай мақ­сат­тар бар?

– Ауыл шаруашылығы саласы бізде жылдан жылға дамып келеді. Өңірде қазір қой мен ешкінің басы 3 миллионнан асып кетті. Ірі қара мал басының өзі 390 мыңға жетті. Жылқы 105 мың, ал шошқа 45 мың бас болып отыр. Осы күнге дейін Жамбыл облысында тауық еті мәселе болып келді. Тауық етін Ресей және Қырғыз елінен алып келетінбіз. Қазір Байзақ ауданында жылына 3600 тонна тауық еті өндіріледі. Бүгінде облыста тауық етінің де мәселесі шешіліп, бағасы тұрақтанды. 

Мал шаруашылығында ет комби­на­ты­ның да мәселесі шешілді. 2,5 миллиард теңгеге Тараз қаласының жанынан «Халал Ет» комбинаты салынды. Бұл комбинат қазір Иран, Түркия, Кувейт, Араб елдерімен жұмыс істеп отыр. Қазір келісімшарт арқылы 500 кило ет Кувейтке, 500 кило ет Иранға жіберілді. Одан бөлек, «Меркі ет» комбинаты жұмыс істейді. Бұл комбинат тікелей Иран мемлекетімен байланыста. Бүгінгі күнге Иранға 28 тонна қой еті тасымалданды. Сондай-ақ, олар 24 бас тірі қой алып кетті. Олардың біздің етке қызығып қарайтын себебі, біздің жеріміз бай, құнарлы. Сондықтан еттің сапасы да жоғары болады. Ал үшінші ет комбинаты Қордай ауданынан бой көтерді. Қордай ауданында да мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Негізі Қордай ауданы Алматы облысымен шектесіп жатыр. Енді сол өңірде тұратын 2 миллион халыққа ет керек болғанда, оларға етті Қордайдан алу тиімді. Және сол комбинаттың жанында шұжық шығарады. Бұл да елге пайда, халыққа жұмыс. 

– Ауыл шаруашылығы саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалар өңірде және аудандарда қалай орындалуда?

– Елімізде «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары жылдан-жылға тиімді орындалып келеді. Мысалы, «Қазагро» АҚ арқылы бізге қаржы бөлінеді. Елбасы өз Жолдауында да кооператив құру мәселесін айтты ғой. Қазір Жамбыл облысында 120 кооператив құрылды. Оның 42-сі Меркі ауданында сүт бағытында жұмыс істеуде. Одан бөлек, бізге Малайзияның «Агростан Фермес» деген үлкен компаниясы келіп, өңірді бір жыл зерттеп, қазір 3 мыңнан 12 мың басқа дейін ірі қара малдарын бор­дақылау алаңдарын салып жатыр. Соны­мен қатар, қой бордақылайды. Былтыр ғана 20 мың бас қой Алматы қаласына өткі­зілді. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданында «Мойынқұм Агро» деген үлкен компания бар. Аталған компания да Ресейден қалмақ тұқымды 5 мың бас сиыр, 1200 бас жылқы алып келіп, жұмыс істеп отыр. Жамбыл облысында 144 мың шаршы шақырым жер бар. Оның 758 гектар жеріне өсімдік, 254 гектар жерге арпа-бидай, 15,5 мың гектар жерге жүгері, 9 мың гектар жерге қант қызылшасы салынды. Енді мал шаруашылығына шөп, жоңышқа керек. Бұл жағынан да қиындық жоқ.

Қазір облыста жаппай егін орағы басталып кетті. Орташа есеппен алғанда 1 гектардан 21 центнер астық түсіп отыр. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болмаған. Негізі жаңа технологияларды пайдалану арқылы да көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары жақсы нәтиже беруде. Мәселен, біз қазір тамшылатып суғаруды 15 мың гектардан 18 мың гектарға дейін, ал жаңбырлатып суаруды 27 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, өңірде қант қызылшасынан өзге сафлор майын егу де қолға алынып отыр. Әсіресе, Шу ауданының шаруалары мұнымен көп айналысады. Бұлар тікелей әлгі майды Иран мемлекетіне жіберуде. Сондай-ақ, мұндай игі бастама Жуалы, Меркі, Қордай аудандарында да бар. Бізге қазір қант қызылшасын, сафлор майын, жүгері, соя егу тиімді. Облыста бүгінде сала бойынша үлкен стратегия жасалып, бірқатар жұмыстар атқарылды. 

Қарқынды құрылыс

– Елімізде мемлекеттік «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бар. Бағдарлама аясындағы құрылыс қарқыны және облыста тұрғындардың тұрғын үймен қамтылу деңгейі туралы да айтып берсеңіз?

 – Құрылыс саласы 101 пайызға орындалып отыр. Ал пәтер 126 пайызға артығымен орындалды. Биылғы жылдың өзінде Астана күніне орай жамбылдық 800 отбасы баспаналы болды. Тұрғындар «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы баспанаға қол жеткізді. Бүгінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары бар. Бұл пәтерлер «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша берілді. Сондай-ақ, бүгінде жер кезегінде тұрған 70 мың халық бар. Ал облыс бойынша 90 мың халық жер кезегінде тұр. 360 гектар жерге «Тараз сити» деген жаңа қалашық салуды жоспарлап отырмыз. Оған 6,7 миллиард теңгеге газ, электр қуаты, ауыз су тартылды. Қазір алғашқы үйлердің құрылысы басталып та кетті. 500-ге жуық азаматқа жер телімдері де берілді. Алдағы уақытта бұл жерге 100-ден астам көп қабатты үйлер салынады. Бұл жер 5,7,9,12 қабатты үйлерден тұратын жаңа қала болады. Сондай-ақ, аурухана, емхана, балабақша, мектеп, мәдениет үйі, спорт нысандары орналасады. 

Болашақта Талас өзенінің жағалауына 26 көп қабатты үй салынады. Бұл Тараз қаласының 14-шағын ауданы болады. Егер бұл жобаның бәрі де іске асырылса, Әулиеата өңірі одан әрі дами түседі. Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы 15 жылға жоспарланған. Бұл бағдарлама әсіресе, жастар үшін өте тиімді. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданында 370 адамға жер учаскесі берілді. Әрине, бір күнде бәрін қамту мүмкін емес. Сол себепті кезең-кезеңімен жұмыс атқарып отырмыз.

Әлеуметтік саланың әлеуеті жоғары

– Денсаулық, білім беру салаларының дамуы туралы айтсаңыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары аталған салалар бойынша қандай жобалар қолға алынып отыр?

– Жамбыл облысында 451 және жеке 2 мектеп бар. Облыс бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Меркі ауданында 600 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аталған бағдарлама шеңберінде жыл соңына дейін Тараз қаласындағы 1000 орындық орта мектеп пайдалануға беріледі. Ал бағдарламадан тыс жыл соңына дейін 2 мектепті және орта мектепке жапсарлас спорт залын, акт залын, алты сынып бөлмелерін, асхана және қазандық құрылысын пайдалануға беру жос-парлануда. Енді жаңа бой көтеріп отырған шағын аудандарға 600, 1000 және 1200 орындық мектептер қажет. Өткен жылы 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың көрсеткіші 80,2 пайыз болған. Биыл 82 пайызға шығатын боламыз. Облыста «Үш тілде білім беруді дамыту бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзір­леніп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүр­гізілуде. Ал жоғары сыныптарды ағыл­шын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу үшін 7 мектепте Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің іс-тәжірибесі таратылуда. 

Денсаулық сақтау саласы бойынша да облыстағы көрсеткіш жоғары. Балаларды емдеу үшін 200 орындық облыстық және 200 орындық қалалық балалар ауруханасы салынды. Ауруханалар заманауи технология­лармен жұмыс істеп отыр. Әйтпесе, бұрын халық балаларын қарату үшін Астана, Алматы, Шымкент қалаларына, тіпті көрші Қырғыз Республикасына дейін баратын. Әрине, мұны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір артықшылық, Тараз қаласында кардиохирургиялық көмекті 3 медициналық мекеме көрсетеді. Оның біреуі мемлекеттік мекеме, яғни облыстық аурухана болса, қалған екеуі жекеменшік мекеме. Олар «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы мен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми клиникалық орталығы. Ол жерді елімізге белгілі азамат Сейітхан Жошыбаев басқарады. Бұрын халық жүрегін емдету үшін еліміздің өзге облыстарына, не болмаса шетелдерге барушы еді. Қазір қайта көпшілік Тараз қаласына келеді. 

Бұдан бөлек, 2015 жылы Тараз қала­сын­да 300 төсектік көп бейінді аурухана және 200 төсектік облыстық перинаталдық орталық, Байзақ ауданында 60 төсекті туберкулезге қарсы аурухана және Жамбыл ауданында 100 келушіге арналған алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету пункті пайдалануға берілді. Өткен жылы әрқайсысы ауысымына 250 келушіге арналған 2 емхана Меркі ауданы, Меркі ауылында және Талас ауданы, Қаратау қаласында ел игілігіне берілді. Байзақ және Сарысу аудандарында 2 дәрігерлік амбулатория, Талас ауданында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, Мойынқұм ауданында 5 келушіге арналған 1 медициналық пункт пайдалануға берілді. 

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлт руханиятына қатысты көптеген мәселелерді айтты. Сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасы аясында да жұмыс жасау керектігін тапсырды. Бұл тұрғыда облыста қандай жұмыстар атқарылды?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Манарбек Ақайдаров деген азамат өз қаражаты есебінен 2 миллиард 600 мың теңгеге спорт нысанын салды. Ал кезінде КСРО аумағында бас жаттықтырушы болған, Шу қаласында туып-өскен Юрий Цхай деген азамат 470 миллион теңгеге бокс сарайын салдырды. Ол жерде бокспен де, күреспен де айналысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, «ЕуроХим» тыңайтқыштар зауыты да денешынықтыру кешенін салды. «Қазфосфат» ЖШС да спорт нысандарын салуда. 
Халық ұғымында туған жер деген қастерлі ұғым. Елбасы бүгінде алдымызға рухани жаңғыру арқылы туған жерге ту тігу­ді міндеттеп отыр. Ел арасында бұл мін­детті жете түсініп, халық игілігіне жұмыс істеп жүрген азаматтар да бар. Қордай ауданында Қайрат Молдасейітов деген азамат мешіт, спорт зал және тағы басқа қажетті дүниелерді салу үстінде. Елбасы айтқандай, әрбір азамат туған жерге өзінің үлесін қосатын болса, туған жеріміз бұдан да өсіп-өркендей береді. 

– Жамбыл облысы дегенде, тарихи Тараз шаһары еске түседі. Жалпы, облыс­та бүгінде үш мыңнан астам тарихи-мә­дени ескерткіштер бар. Енді сол құн­ды­лықтарымызды елімізге, қалаберді өзге мем­лекеттерге насихаттау қандай дең­гей­де? Болашақта нәтиже қандай болады және өңір туризмін дамытуға толықтай мүмкіндік бар ма? Сонымен қатар, турис­тер қатынау үшін инфрақұрылым, жол мәселелері толығымен шешілді ма? 

– Биыл жол мәселесіне 8,2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі толығымен аяқталды. Тек Қордай ауданындағы Кенен ауылы мен Көкқайнар ауылының арасындағы 40 шақырым ғана жол қалып отыр. Ол да жылдың соңына дейін бітетін болады. Сондай-ақ, облыстағы көптеген мәдениет үйлері ретке келтірілді. Кітапханалар да тұрақты жұмыс істеуде. Инфрақұрылым дегенде, біздің халықаралық әуежайымыз бар. Темір жол саласында 25 бағыт бойынша пойыздар жүреді. Енді туризм саласына келетін болсам, Жамбыл өңірінің екі мың жылдық тарихы бар. ЮНЕСКО тізіміне елімізден 8 жоба енгізілсе, оның 5 жобасы Жамбыл өңірінде. Өткен жылы еліміз бойынша көрнекті болып саналатын «Ақыртас» кешеніне 354 миллион теңге бөлінді. Ол жерге қазір жол салынуда. Сондай-ақ, «Тау самалы» кешеніне де 150 миллион теңге бөлінді. Әуелі ішкі туризмді дамытсақ деген ой бар. Себебі облыстың өзінде 1 миллионнан астам халық бар. Одан кейін облыстарды, одан соң жақын шетелдерді тартсақ деген жоспар бар. Ал «Көне Тараз» кешенінен көне замандарға жататын алтын, күміс тиындармен қатар, 809 мың жәдігер және 33 мың жәдігер бөлшектері табылды. Тарихқа үңілетін болсақ, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун сияқты көрнекті кесенелеріміз де бар. Елбасы «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп айтты ғой. Сол сияқты Жамбыл облысының тарихы тереңде жатыр. 

Әңгімелескен
Хамит ЕСАМАН
,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы