Чатуранга – екі тараптың соғыс алаңын бейнелейтін интеллектуалдық ойын есебінде дүниеге келген. Үнділер оның басты тасын (фигурасын) «раджа» деп атаған. Кейін парсылар оны «шах» деп өзгерткен. Ал ойын әлемге әйгіленген кезінде «жоғарғы бұйрық берушіні» әр ел өз тілінде айдарлады. Мәселен, еуропалықтар бұл фигураны «король» десе, славяндар «царь» дейтін болған.
Бұдан кейінгі орында тұрған маңызды ойыншы – ферзь. Белгілі бір себептермен Еуропада король болатын болса, оның қасында королева да болу керек деп ұйғарылған. Бірақ үнділерде бұл фигура кеңесші («manri» – хакім) есебінде әрі оның қозғалыс аясы өте тар болған. Себебі ол жауынгер емес еді. Ферзьдің Еуропада неліктен әйел бейнесінде сомдалатыны әртүрлі себеппен түсіндіріледі. Зерттеушілер мұны әулие Мария культімен байланыстырады.
Ладья. Үнділерде бұл фигура «ратха» сөзімен, яғни соғысқа арналған арба деп түсіндіріледі. Парсылар оны «рох» (кеме) деп атаса, арабтар оны ұлттық мифологиядағы «рух» құсымен шендестірген.
Піл. Бұл – атауы ең көп фигураның бірі. Француздарда – «fou», «әзіл» немесе «масқарапаз» дегенді білдірсе, немістерде ол – «жүгіруші» деген мағынаны үстейтін «läufer». Болгарлар мен белорустарда ол – «офицер». Ағылшындар мен португалдарда – «епископ» Бірақ парсыларда бұл фигура піл болып сақталған. Шығыстың кей мекендерінде оны «түйе» деп те жатады. Бастапқыда ауыр піл тек бір өрістігі диагональ бойынша секіре алатұғын, бірақ шыдамсыз еуропалықтар ережелерді жылдамдыққа қарай өзгертті. Бірақ олар оны басқа фигуралардан секіру мүмкіндігінен шектеді.
Ал «ат» қай заманда да «ат» болған. Ол Үндістанда «ашва» деп аталды, содан кейін бұл фигураның атын барлығы өзгеріссіз аударды. Оның қозғалыс түрі өзгерген жоқ. Тек Сицилияда ғана бұл фигура есек деп аталады. Қызық.
Ойынның негізгі жауынгерлері – пешкалар. Үндіше бұл фигура «падатам» деп аталады, бұл жаяу сарбаз дегенді білдіреді. Кейін еуропалықтар жорғын жауынгерге ферьз бола алатұғын әлеует сыйлады.