Аймақтар • 21 Шілде, 2017

Батыс өңірінде теріс діни ағым ұстанушылар қатары көп

221 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында тұрғындардың діндарлығы жоғары. Әрине, мемлекет дінге қарсы емес. Бірақ, ескірген діни қағидаларға көзсіз еру қазіргі заманғы шындыққа сәйкес келмейді. Адамзат прогресс, ғылым, инновация жолымен келе жатыр. Осындай жағдайда орта ғасырлық діни қағидаларға орынсыз еліктеу қоғамымызды кері тартады». Атырауда өткен батыс аймағы бойынша тәжірибе алмасу семинарында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осылай деді.

Батыс өңірінде теріс діни ағым ұстанушылар қатары көп

Аймақтардағы имамдардың білім деңгейлері жеткіліксіз
Министрдің айтуынша, елімізде адам­дардың діндарлығы діни мәде­ниеті­нің қалыптасу қарқынынан озып кет­­кен. Бұл өз кезегінде радикалды идео­логияның қалыптасуына ықпал етеді. Ал ради­калданудың салдары жақсылыққа апар­майды. «Сондықтан, діндарлықтың тым жылдам өсуі қауіп-қатерлер әлеуе­тін арттыруы мүмкін. Теріс діни ағым­дар қызметіне тосқауыл қою – дін саласын­дағы саясатымыздың маңызды бағыты. Бірақ теріс діни ағымдармен күресу жет­кілік­ті емес. Елбасы айтқандай, біз кез келген радикализмге мүлде төзбеу­шілікті қалыптастыруымыз керек. Діни ради­калдар қазақ­стан­дық қоғамның дәс­түр­лі рухани құндылықтарына қауіп төн­ді­реді. Сондықтан, терроризм мен діни экстре­мизмнің ал­дын алудың жүйелі мәселе­лері­не тұрғындардың барлық белсенді азаматтарын жұмылдыру маңызды», – деді Н.Ермекбаев.  
Жасыратыны жоқ, теріс діни ағымды ұста­ну­шылар, әсіресе, батыс облыстарда тұрақ­ты сақталып отыр.  Оларға идео­ло­гиялық тұрғыдан қарсы тұруға қабілет­ті бі­лім­ді, беделі бар мұсылман діни қызмет­шілерінің жетіспеуі өзекті жайтқа айналды. Аймақтардағы имамдардың білім деңгейлері жеткіліксіз. 302 мұсылман діни қызмет­шісінің тек 52,3 пайызының ғана теоло­гиялық білімі бар. Батыстағы төрт облыс­тың мешітінде ауыл имамдарының 12 орыны бос тұр. 
Діни наным себебінен балаларына ек­пе салдырудан бас тартудың 4005 дере­гі тіркелген. Білім және ғылым министр­лігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова бірыңғай мектеп фор­ма­сын енгізу дін саласында өзекті мәсе­ле болып отырғанын айтады. Бір ғана Аты­рау облысында соңғы жылдары діни атри­буттағы киіммен мектепке келуші оқу­шылар қатары көбейген. 2015-2016 оқу жылында 194 бала білім ошағына ора­мал тағып келсе, 2016-2017 жылы бұл көрсеткіш 315-ке жетті. Министрлік өкі­лі бұл жағдайға заңдағы олқылықтар мен әлеуметтік проб-лемалар, мемлекеттік ді­ни саясатты тиімді жүргізбеу, мүдделі құрылымдар арасында өзара байланыстың жоқтығы себеп болып отыр дейді.

Бүркеніп киініп, берекетсіз сақал қою сән бе?
Қазіргі қолданыстағы заңда заманауи үдерістер мен проб­лемаларды есеп­ке алмаған олқылықтар бар екенін айт­қан министр Нұрлан Ермекбаев заң­ға енгізу үшін өзгертулер топтамасы дайын­далғанынан хабардар етті. Жақында Елбасы жүріс-тұрысымен, сыртқы кел­беті­мен қоғамды жіктеуге тырысатын адам­дарды сынға алып, азаматтарды қан­дай да бір дінді немесе діни ағымды ұста­нуы бойынша бөлуге және өзінің ді­ни көзқарастарын әдейі жарнамалауға жол бермеу туралы айтқан болатын. «Сон­дықтан заң жобасында қоғамдық жерлер­де адамның бет-келбетін жабатын, жасы­ратын киімдерді киюге тыйым салу ұсы­нылады,  дейді ведомство басшысы. Қыздардың беттерін тұмшалап қара көй­лек киюі дәстүрімізге де, ұлтымызға да жат нәрсе. Бұл біздің сана-сезімімізге де, 
за­ма­науи дамыған елдің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына да сәйкес кел­мейді.  Қазақ ұлттық мәдениетіне, тари­хы мен салт-дәстүріне қарайтын бол­сақ, қазақ қыздары мен әйелдерінің бет тұмшалаған қара киім кимегенін нақ­ты айта аламыз.  Нағыз мұсылман киген киімінен не сақал қоюымен емес, ішкі жан дүниесімен танылады. Біз дін саласында мемлекетімізге қауіп төнді­ретін кез келген діни құбылысқа тос­қауыл қоюымыз керек. Елімізде діни сипатта бүркеніп киініп, берекетсіз сақал қоя­тын және балақтарын қысқартып киетін азаматтарға бұл мұсылмандықтың белгілері емес,  өзге дәуірдің және өзге халықтардың ұлттық көріністері екенін түсіндіруіміз керек». 

Террористер азаматтығынан айырылады
Бүгінде 323 қазақстандық әлемнің 13 мем­лекетінде білім алып жатыр. Оның ішінде 76 студент батыс өңірінен, көбі Аты­раудан. Шекара асып діни білім алуға бар­ып, теріс идео­логияның ықпалына түскен жас­тар туралы мысал аз емес. Қазақ­стандықтарды шетелдік оқу орындарына жіберу тәжірибесінің реттелмегені де про­блеманың бірі. «Діни білім алу жүйе­сіне тәртіп енгізу қажет» деген министр бұдан былай бакалавриатты тек қана қазақстандық діни мекемелерде оқу тала­бы қойылатынын айтты. Ал шетелде өз бетімен діни білім алып келсе, ел аума­ғында жұмысқа тұру мүмкін болмайды. Ен­ді мүфтияттың жолдамасы магистратура мен док­торантурада оқу үшін беріледі. 
Назар аударатын жайт,  шетелдердегі лаң­кес­­тер лагерінде Қазақстанның 500 аза­ма­ты жүр. Сирия-Ирак аймағында тер­ро­ристік топтардың жағдайы қиын­дап, содырлар шегіну жолдарын, со­ның ішінде туған жерлеріне қайту мүм­кіндік­терін қарастыруда. «Бірақ бұл олар­дың қылмыстық пиғылдарынан бас тартқандарын білдірмейді. Қазақ­стандықтардың арасынан шыққан осын­дай адамдар қылмыстық тәжірибе жи­нақтап, елімізге арам ниетпен оралуы мүм­кін», деген министр заңға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес террористік және бас­қа да аса ауыр қылмыс жасаған қазақ­стандықтар азаматтығынан айырылуы мүм­кін екенін ескертті.  

«Адасқандармен» жұмыс жүйелі болуы керек
Атырау облыстық дін істері жөніндегі бас­қармасы басшысы Қайролла Көш­қа­лиевтың айтуынша, облыстағы түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушы 57 адамның 50-і экстремизм  мен терро­ризм баптары бойынша сотталған. Басқарма тара­пынан жүргізілген жүйелі жұмыстың нәти­жесінде 17 адам дәстүрлі дінге оралды. Қазір аймақта басқа облыстардан шақырылған 4 теолог жұмыс істейді. Ал Батыс Қазақстан облыстық дін істері жө­нін­дегі басқармасының басшысы Сая­л­бек Ғизатов теріс діни ағымдағы азамат­тармен жұмысқа теологтармен бірге пси­хологтардың да тартылғанын айтады. Маң­ғыстау облысындағы басқарма басшысы Ерлан Есберген «Теріс ағымдағылар біз­бен кездесуге мүдделі емес, сондықтан ұжым­дарға өзіміз барып, әңгімелесу өткі­земіз. Түсіндіру жұмыстарының ар­қа­сын­да 19 азамат дәстүрлі дінге орал­ды» десе, Ақтөбе облыстық дін істе­рі басқармасының басшысы Жолдас Қал­мағам­бет психологиялық оңалту қызметін көр­се­тетін «Аңсар» ұйымының жақсы нәти­желерге қол жеткізгенін баяндады. 
Семинарға қатысқан Атырау облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі қоғамдық келісім, сая­си тұрақтылық, ұлт­ара­лық, дінаралық келісім Елбасы сая­сатының жемісі екеніне тоқталды. «Мем­лекет басшысы әрдайым тұрақтылық мәселесін, халықтың әл-ауқатын артты­руға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру­ды өз бақылауында ұстап отыр. Облыс­ты мекендеген жүзге жуық  ұлт пен конфессия өкілдері бірлікпен қызмет ат­қарып келе жатыр. Әр аймақта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде тәжірибе ор­таға салынып, пікір алмасып, өзекті мә­селені бірлесіп шешуге бағытталған мұндай шаралардың маңызы зор», – деді Н.Ноғаев.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ