Білім • 21 Шілде, 2017

Телағаңның әлемі

988 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақ ономастикасының көрнекті өкілі, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Телғожа Жанұзақов тоқсанның төріне шықты. Біз ардақты ағамызды осынау мерейтойымен құттықтай отырып, төмендегі мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Телағаңның әлемі

Қазақ ономастикасы туралы ғылыми- зерттеулер өткен ғасырдың басынан бері қа­райғы кезеңде ғана жүйеленді. А.Байтұр­сынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, С.Аман­жолов, Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров салған ізбенен А.Әбдірахманов, Ғ.Қоңқашбаев, Е.Қойшыбаев, В.Попова, О.Сұлтаняев, т.б. ға­лымдар қазақ ономастикасының туын тіктеп, өмірдің түрлі салаларындағы ор­­нын анықтауға мол үлес қосты. Осы топ­тың бел ортасында, белсенділердің қатарында қазақ ономастикасын жүйелеп, теориялық негізін қалаған ғалымдардың бірегейі Телғожа Жанұзақов бар еді. 

Түрлі ғылымдардың басын тоғыс­тыра­тын саланың күрмеуі күрделі тұстарына қа­лам тартып, өткен замандардан бүгінге дейін­гі тарихын түгендеді, ғылыми негізде­рін айқындап, өзіндік жүйесін зерделеді, бүкіл саналы ғұмырын қазақ ономастикасының гүлденуіне арнады. Жер-су атаулары, кісі есімі, этнонимдер (халық, ру, тайпа атаулары), жануар­лар атаулары, аспан денелерінің атау-лары, т.б. жүйелегенде бірнеше ғана тақы­рыптың аясына жинақталғанмен, әрқайсысы тамырын тереңге жіберіп, жапырағын биікке жайған алып бәйтерек іспетті. Т.Жанұзақов олардың ешбірін бөтен көрмеді, барлығының ішкі әлеміне үңілді, сыбдырынан сыр аулады. Кейінгі буын шәкірттер Телағаң деп атап кетті. Шындығында, ол ономастиканың бар саласына тел қараған, төл болмысты тұлға, сондықтан болса керек, өзіне осы ат тамаша жарасады.

Телғожа Жанұзақовтың зерттеулері адамзат пен ғаламзат есімдерін қамтиды. Аспан мен жердің арасындағы қазақ баласы ат қойып, айдар таққан барша жара­тылыстың лингвистикалық табиға­тына ұлттың көзімен қарады, оларды ұлттық танымымен таныды. Осынша ауқымды саланың ғылыми негізін қалап, біртұтас бейнесін сомдады. 

Әуел баста қазақ ономастикасының антропонимика (кісі есімдері) саласына ат байлаған. Себепші болған – белгілі түркітанушы С.Е.Малов. 1953 жылдың желтоқсан айының соңында 2 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасау жұмыстары бойынша тәжірибе алма­су үшін Қазақ КСР Ғылым академия­сы жанындағы Тіл және әдебиет ин­сти­­­тутының аманатын – академик І. Кеңес­баевтың жазып берген хатын алып Ленинградқа барған қаршадай бала үлкен олжамен оралады. Сөздік жасау жұмыстарынан мол мағлұмат алумен қатар, С.Е.Маловпен жолығып, көп ақыл-кеңес тыңдайды. Сол жолы ғалым «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» деген тақырыпты ұсынады. Алғаш атағы жер жарған түркологтың алдында жүрексініп отырған жас талапкер өзінің зеректігімен ғалымның назарын аударса керек, бір ай бойы үйіндегі кітапханасымен танысуына мүмкіндік жасайды, өзі де алтын уақытын қиып білгенін аямайды. Рухы желпініп, жаңаша түлеп шыға келген талапкерге ғалым үш түрлі шарт қояды: біріншісі – араб, парсы тілдеріндегі материалдарды пайдалана білетіндей оқу, жазуын білуің керек; екіншісі – Орхон-Енисей жазуын білуің керек; үшінші – тарихи әрі этнографиялық еңбектерді көп оқып, же­тік білуің керек. Бұл үлкен өмірге қа­дам басқалы тұрған жас шәкірттің бағы­тын айқындар сәттегі жанашырлық талап еді.

Елге де үлкен аманат арқалап оралған Тел­ағаң со­дан бері күні бүгінге дейін, тоқ­­сан­ға кел­се де арқасын суытып бір де­м­­ал­ған емес. Қазақ есіміне деген сүйіс­­­пен­ші­лігінен жаңылып көрген жоқ. Оны өмір­лік отасқан жары, үйдегі жеңгей­­дің (профессор Ерғазиева Нари­ма Исмайылқызы) мына бір ауыз сөзінен түсінуге болады: «Мен Төкеңнің адал­дығына күмәнданған емеспін, бірақ өмір бойғы қызғанышым ономастика болды, өйт­кені ол ономас-тиканы менен де бетер сүйе­ді!» – деп жұртты бір күлдірген еді.

Ғылыми бағытын айқындап алған жас талап алдынан ашылған ономастикалық кеңіс­­тіктің әр қиырына қалам сілтеді. Ілге­рі­де атап өткеніміздей, қазақ тіліндегі атау­лар әлемін барынша шарлады. Ен­ді соның ішінде адам, жер-су, аспан дене­лерінің атаулары дейтін үштікке тоқталып көрелік.

Кісі аттары

Қазақ есімдерінің лингвистикалық табиғатын ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негізінің қалыптасуына Т.Жан­ұзақов ерекше еңбек сіңірген ғалым. «Қа­зақ тіліндегі кісі есімдері» тақырыбы бойын­ша 1961 жылы І.Кеңесбаевтың жетек­шілігімен кандидаттық диссертация қор­ғады. Сол еңбектің негізінде «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» атты студенттерге арналған оқу құралы жарық көреді. 1971 жылы «Қазақ есімдерінің тарихы» атты монографиясын жариялады. Көне түркі жазба мұраларынан қазіргі заманға дейінгі кісі есімдерінің лингвистикалық, тарихи-этнографиялық, танымдық-мә­дени негіздерін зерделеген, ғылыми қа­уым үшін де, жалпы кісі есімдерінің тарихы мен тағылымдық мәдениетін білгісі келе­тін көпшілік оқырмандар үшін де аса маңызды бұл еңбек түркі әлемінде алғаш рет жарық көрген көлемді ғылыми-зерттеу болатын. Осы зерттеу­лердің негізінде кісі есімдерінің мағынасын, шығу уәждері мен этимологиясын айқындауға арналған еңбек қалың қауымға «Есімдер сыры» деген атпен ұсынылды. Бұл кітап уақыт талаптарымен өзгеріп отыратын кісі есімдерінің табиғатына сай әр жылдарда толықтырылып, қоғам сұраныстарына сәйкес қайтадан жарияланып отырды. 

Қазақ есімдерінің күрделі тұстарының бірі оның, әсіресе, соңғы жүз жылдық та­рих­­тағы күрделі тағдырымен байланысты. Лингвистикалық табиғатына тікелей әсер еткен тарихи факторлар сол саланың ма­ман­дарын толғандырмай қоймағаны бел­гілі. Қазақ есімі орыс тіліне аударылмайды, бірақ орыс тілінің заңдылығына бейім­деле жазылады. Бұл талаптың астарында үлкен шығын жатыр еді. Үлкен шы­ғын деп отырғанымыз ұлттық болмысынан ауытқып, сол тұста құжаттарда не орысша емес, не қазақша емес аты-жөн­дер пайда бола бастаған. Оның ұлттық таби­ғатымызға қаншалықты жат екенін тек кі­сі есімдерінің сырларын терең танып жүр­ген Телағаң сияқты мамандар ғана аң­ғара алды. Қатал жүйені тек жүйемен ғана жеңу мүмкін еді. Сондықтан, осы қиындықты жеңудің жолы ретінде 1988 жылы К.Еспаевамен бірлесіп, он мыңға жуық жиі қолданылатын кісі аттарын қамтыған «Қазақ есімдері» атты сөздігін жариялады. Бұл сөздікте ер мен әйел есімдері жеке тізіліп, тек есімдер ғана емес, әке аттары мен фамилияларының орысша, қазақша жазылу нұсқалары да көрсе­тілді. Ең бастысы, бұл еңбек қалың көпшілікпен қатар, Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары мен паспорт орындарына, ауылдық, селолық, қалалық, облыстық әкімдіктерге, бұқаралық ақпарат пен мектеп оқушыларына арналып еді. Қоғам өмірінің ауқымды бөлігін қамтыған бұл еңбектің негізгі мақсатын түсіне отырып, оны патриот ғалымның ішкі жан шырылы деп те, ауруды дәл табатын тамыршы деп те бағалауға болады. Идео­логияның бет қаратпай тұрған тұсы­нда, ол үнсіз дайындалып, мәселенің ың-шыңсыз шешілуіне, яғни ресми ме­ке­ме­лер­де біршама қиындықтардың жеңіл­деп, істің оңға қадам басуына ықпал етті. Ең бас­тысы, ресми мекемелерге қа­зақ есім­­­­дері­нің ар­тын­да іздеушісі барын сезіндірді.

Қазақ есімдерін осы қиыншылықтан құтқарудың құқықтық-нормативтік шеші­мін іздеу тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап-ақ қолға алынды. Осы мақсатпен 1991 жылы қыркүйекте «Егеменді Қазақстан» газетіне «Аты-жөн тарихына тереңдесек» дейтін мақала жазады. Артынан академик Ә.Қайдаримен бірігіп «Қа­зақстан Республикасында қазақ аза­мат­тары­ның есімдері мен әке аттарын және фамилияларын реттеу туралы» тұжы­рымдаманы ұсынды. Бұл еңбек те 1994 жылы ақпан айында «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланды. Осы тұжырымдаманың негізінде 1996 жылғы сәуірде Президент Н.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жа­зуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты. 

Т.Жанұзақовтың антропонимика сала­сындағы еңбектерінде қазақ есімдерінің тілдік табиғаты, тынысы мен тіршілігі, өткен тарихы мен болашақ тағдыры түгел қамтылды. Олардың әрқайсысына тоқталып, талдау жасауды мақала көлемі көтермейді. Осы айтылғандардан-ақ оның ұлттық есімдердің жоғын түгендеуге қаншалықты үлес қосқанын шамалауға болады.

Жер-су атаулары

Кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін зерттеу еңбектерінің көкжиегі ке­ңейе түседі. Қазақ есімдерімен қатар, оно­мастиканың топоним, этноним, космо­ним, зооним, т.б. салаларын қамтыған «Қазақ есімдерінің негізгі проблемалары» тақырыбында 1976 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Әуелде ономастикалық атауларды жалқы есім ретінде біртұтастықта қарағанмен, келе-келе әрқайсын тереңдете зерттеп, жекелеген көлемді еңбектерге арқау етті. Ізденіс барысында ел аймақтары бойынша жер-су атауларына арналған біршама еңбектер жариялады. «Орталық Қазақстан жер-су аттары», «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Жезқазған облысы», «Қазақстан Республикасының топонимдері», «Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы», т.б. көлемді еңбектері мен әр кезеңдегі өзекті мәселелерге арналған мақалалары қазақ топонимикасына қосылған елеулі олжа болатын.

Соңғы ғасырларда қазақ топонимика­сы да, халқымыздың ұлттық тарихы се­кіл­ді, түрлі қиянатқа душар болғанын жақ­сы біле­міз. Бұл осы саланың басы-қа­сын­да жүрген маманның да жан жара­сына ай­нал­­май тұра алмайды. Геогра­фиялық ны­­сан атау­­ла­рының да қу­­ғын­ға ұшы­рап, әдейі жойылып, қалға­ны­­ның бұр­- ­м­а­ла­нуы секілді қолдан жасал­ған қиянат Т.Жанұзақовтың көз алдында өтті. Сон­дық­тан, бұл бағытта да мәсе­ле­ні құқықтық құжаттарды реттеу арқылы шешу жолын таңдады. Ол үшін де тәуекелшілдік керек еді. Желтоқсан оқиғасынан кейін кеңестік өктемдік тыйылмай тұрған жылдарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары В.С.Сидороваға Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы ашық хат жазып, осыдан соң Жоғарғы Кеңестің тұрақты комис­сия­сының отырысында баянда­ма жасады. Қызу талқылаудан соң Министрлер Кеңесі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы шешім қабылданды. 1990-2003 жылдары осы комиссияның тұрақты мүшесі әрі ғалым хатшысы ретін­де халқымыз қолданған жүздеген геогра­фиялық атауларды қалпына келтіру, яғни заманы өтіп ескірген атауларды өзгерту, бұрмаланған атауларды қайта қал­пына келтіру – транскрипциясын түзе­ту жұмыстарын жүзеге асыруға үлес қосты. Осы жұмыстарды атқару кезін­дегі жинаған тәжірибе барысында ілгеріде аталған құжат дүниеге келді. Акаде­мик Ә.Қайдаримен бірлесе отырып, «Республикадағы Мемлекеттік жә­не әкімшілік аумақтық бірлестіктердің атау­ларын реттеудің, елді мекендердің ат­та­рын өзгерту және тарихи-геогра­фиялық атауларын қалпына келтіру тұжырым­дамасын» дайындап шықты. 

Қандай жұмыс атқарса да ғылыми негізін қа­лып­тастырып, оның болашағына жол ашып жүретін ғалым қазақ топо­нимдерінің де өткен тарихы мен алдағы бо­лаша­ғының арасындағы алтын арқау­дың жібі сөгіл­мегенін қалады. Осы сабақ­тастықтың үзілмеуі үшін құқықтық-нормативтік ережелерін дайындады және шәкірттерімен бірлесе отырып, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының топонимдері. Топонимия Республики Казахстан» атты анықтамалықты дайындап, қолданысқа берді. Тел автор­лық­пен 2002 жылы «Қазақстан Республи­касындағы географиялық атауларды орысша жазу бойынша нұсқаулықты» дайындап шықты. Осы еңбектердің негізгі мазмұнын жинақтай қарағанда, қазақ ғылымына және тәуелсіз Қазақстанның тілдік-мәдени дамуына қажет бағыттарды Телағаңның дөп басып танығанын байқаймыз.

Аспани атаулар

Аспан денелері көне замандардан жеткен тілдік жәдігерлік. Олай дейтініміз, аспан сырларын түсіну, одан келер күннің, айдың немесе жылдың райын болжау, соған қарап қарекетін қамдау қазақ халқының ежелгі әдеті. Бабаларымыздың сөздік қо­рында осыған байланысты түрлі сөздер мен сөз тіркестерінің, тер­­мин­­дер­­дің қалып­тасқаны белгілі. Т.Жан­ұзақов бұл салада да өзіндік пікір айтқан ғалым. Оның зерттеулері тек жалқы есімдермен шектелмей, тілдік жүйесін жан-жақты талдайды. Бірінің орнына бірі қолданылып жүрген космоним мен астроним терминдерінің аражігін ашып, түсінігін жасады. Қазақ ұғымына тән Ай фразалары: Жаңа Ай, То­лы Ай яки Ай толысы, Ай арасы, Ай ора­ғы, Ай тұтылу, т.б. секілді тіліміз­дегі көптеген ұлттық ұғым ретінде қалып­тасқан тұрақты тіркестерді аспан денелері туралы халықтық білімнің аясында қарастырады. 

Аспан денелері атауларының кө­не түр­­кі жазбаларында сақталған түр­леріне тоқтала отырып, жазба мұра­лар ті­лінде ХІ-XІV ғасырларда молы­нан кездесетін, ал қазіргі тілімізде қолда­нылмайтын түрлерін көрсетеді. Қазақ тілі­не тән төл атаулар мен араб, парсы тілі­нен келгендерін, кейінгі астрономия ғылымының дамуымен бірге орыс тілі­нен тікелей аударылған немесе аударылмай қабылданған және орыс тілі арқылы шет тілдерінен енген атауларды талдап, түсіндіріп береді. Ғалымның түркілік кеңістіктегі жан-жақты білімі аспан денелерінің атауларына талдаулар жасағанда айқын көрініп тұрады. Қай атаудың түркі тілдерінің қайсысында қалай дыбысталатынын нақты атап көрсетіп, түпкі негізінің ортақтығына мән береді және соған сүйеніп көптеген атаулардың шығу кезеңін көне түркі дәуірлерімен байланыстырады. Аспан денелері атауларының этимологиясын ашуда да ғалымның ғылыми болжамдары нақты деректер мен дәлелдерге сүйенеді. 

Қазақ қолданысындағы космонимдер негізінен халықтық аңыздарға негізделеді. Әрқайсының шығуы туралы мифтік таныммен сабақтасып жатқан ауыз әдебиетінде аңыз-әпсаналар бар. Т.Жанұзақов этимологиялық талдаулар жасағанда оларды да назардан тыс қалдырмайды. Сөйтіп, тіліміздегі лексикалық қоры аса мол емес космоним­дердің тілдік табиғатын әр қырынан қарастыра отырып, ғылыми тұрғыдан жүйеленген, талданған, ғылыми қауымға да, жалпы білуге құмар қарапайым көп­шілік­ке де түсінікті зерттеу ұсынады. Космонимдер бо­йын­ша зерттеулері көлемі ша­ғын болса да, жүйелілігі, мазмұнды­лығы, деректілігі мен дәйектілігі жағынан бағалы. 

Т.Жанұзақовтың зерттеулері, сөз ба­сында айтып кет­кеніміздей, аспан мен жер­дің ара­сындағы қазақ баласы ат қо­йып, айдар таққан барша жаратылыс атауларын қамтыды. Оларды өзара сабақтастықта тани отырып, әрқайсының өзіндік мәртебесін айқындады, яғни ұлы жүйесін қалыптастырды. Атаулардың табиғаты арқылы қазақ баласы, даласы, ұлттық әлемі үштігінің бірлігі анықталды. Осы үш саланың тізгінін тең ұстап, талай белестерден асқан Телағаң бүгінде мерейлі биігінде. 

Т.Жанұзақов көп жылдар Тіл білімі институтының ономастика бөлімін басқарды. 1979 жылы жабылып қалған бөлім 1981 жылы қайта ашылып, осы күн­нен бастап жетекшілікті қолға алған ғалым 1994 жылға дейін табан аудар­май тынымсыз еңбек етті. Ономастика­ның түрлі салалары бойынша 300 мыңнан астам аса бай картотекалық қор жасалды, көптеген ономаст-мамандар дайындалды. Бөлім жұмысы жүйелі, жоспарлы қалыпқа түсіп, қызметкерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ ономастикасын жаңа деңгейге көтерді. 

Саналы ғұмырының 70 жылын қазақ ономастикасына арнаған ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаздың әлі де айтары аз емес.

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры