Жақсыларды ардақтау, жақсы адамға қарап бой түзеу – дәстүрлі қазақ қоғамындағы орныққан қасиет болған. «Жақсымен өткен бір сәтің, өтіп кеткен жаманның өміріндей» деп келетін өлең жолдарын естігенде, жақсы адамның өнегелі ісі сөз болғанда жеке басының қасиеті елдік мүддемен ұштасып жататын адамды азамат деп ардақтау, құрметтеу дәстүрлі қазақ қоғамында кім-кімге де ең мәртебелі абырой болып есептеледі. Мұндай тамаша үрдіс әрбір адамның бойына өзімшілдікті емес, ұжымшылдықты түбегейлі дарытып, әрбір ұрпақтың отаншыл сезімін оятып отырады. Қазақ халқының болмысына сіңген бұл қасиет батыстық өзімшілдіктен, шығыстық әулетшілдіктен де оқшау. Сонау қилы замандарда қазақ халқының рухын жасытпаған, еңсесін түсірмеген, төлтума қасиеттерін сейілтпеген себептердің ең зоры да осы сияқты ұжымшыл сезімдерінің беріктігінен, адам сапасын ортақ игілігіндей бағалай білгендігінен болу керек.
Әрине, өмір бір орында тұрмайды. Халқыңның ғажайып қасиеттерінің бүгінгі және болашақ өмірде де еш кінәратсыз қызмет ете алатынына көз жеткендіктен, төлтума қасиеттерімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы сол қасиеттерді жетілдіріп отыру екендігіне кәміл сенгендіктен де өмір құбылыстарына бейтарап қарай алмайсың.
Әсіресе, жаңағы айтқан отаншыл рухтағы тәрбиенің уызына жарыған, өз ісін халық мүддесімен теңдестіріп жүрген дарынды тұлғалар еске түскенде, тағдырдан жалбарынып сұрағаның орындалғандай, дүние-тіршілік шыр айналып сала береді.
Міне, осындай ой-сезімді қозғауға себепші болып отырған, ғылым жолына жол сілтеп, бағыт-бағдар берген ұстазым – заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров.
Әрине, осынау атақ-дәрежелердың бәрі айтуға оңай болғанымен, Нұрлан Мәжитұлының азаматтық тұлғасы, кәсіби білім-білігі, ұлтжанды болмысы жалаң тізбелеудің аясына сыймайды. Өйткені, атақ-абыройдың оңайлықпен келмейтіні, ол үшін талай маңдай терді төгумен қоса, қабілет, қасиет, дарын, көрегендік сияқты табиғаттың сыйындай адамдық сапаның да қажет екені белгілі.
Нұрлан Мәжитұлы болса шын мәнінде сапалы адам. Олай дейтініміз, ел тағдырының ең бір шешуші тетігі болып саналатын құқық қорғау жүйесінде өзіндік орны мен жеке қолтаңбасы бар. Ол барша саналы өмірін мемлекеттік қызмет жүйесіне, білім беруге арнаған жан. Ұстазымыз мемлекетімізде жауапты қызметтерді атқара жүріп, заң ғылымдарының докторы диссертациясын қорғап, профессорлыққа дейінгі өсу жолдарынан өтті. Онымен қоймай, соңынан қаншама шәкірт дайындап, кандидаттық, докторлық диссертацияларға жетекшілік жасады. Әлі есімде, 1999 жылы күзде мемлекеттік қызметтен қолы тимегені соншалық, менің жазған кандидаттық диссертациямды Астанаға қарай жүріп бара жатқан пойыз үстінде қарап түзетіп берді.
Ұстазымыз жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін бірден КСРО ІІМ ҚЖМ-де оқытушылық жұмысқа қалдырылып, онда 1982 мен 1984 жылдар аралығында криминология және еңбек-түзету құқығы кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істейді. Мәскеу қаласында адъюнктурада оқуын аяқтағаннан кейін 10 жыл бойы осы оқу орнында қылмыстық құқық және криминология курстарынан сабақ береді, қылмыстық құқық және криминология кафедрасы бастығының орынбасары болады. Менің де еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнының бірі болып табылатын Қарағанды жоғары полиция мектебінде оқытушы болып қалып, ғылыми жұмыспен айналысуым осы кісінің ұсынысы, тікелей басшылығымен басталды. Бізге басшылық ете жүріп 1997 жылы Есірткіні бақылау бойынша мемлекеттік комиссия хатшысы лауазымына шақырылды. Содан соң 2000 және 2001 жылдар аралығында Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес агенттігі төрағасының орынбасары, 2001-2002 жылдарда Әділет министрлігінің Нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес комитеті төрағасының орынбасары. 2002 жылдан бастап 7 жыл бойы Қауіпсіздік Кеңесі аппаратында: сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор, бөлім меңгерушісі, 2005-2009 жылдар аралығында Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары болып қызмет етті. 2009 жылдан бастап Парламент Мәжілісінің депутаты.
Нұрлан Мәжитұлының білім саласында айрықша құлшыныспен жемісті еңбек еткен жылдары – Қазақстанның тәуелсіз ел болғаннан бергі кезеңі деуге болады. Бұл түсінікті де. Еліміздің тәуелсіздік алуы, әлеуметтік-экономикалық саланың нарықтық қағидаттарға негізделуі, қоғамдық өмірдегі түбегейлі өзгерістер, осыған байланысты құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың елдік мүддемен ұштасқан мазмұнын қалыптастыру, оларға ғылыми негізделген тұжырымдамалар мен бағдарламалар жасау – мұның бәрін әлемдік талғам-талаптармен орайластырып отыру қажет болды. Міне, осылардың қай-қайсысы да елдің бүгіні мен болашақ тағдырына тікелей ықпал ететін аса жауапты істер еді.
Нұрлан Мәжитұлы осындай жауапты істерді атқарушылардың сапында болды. Бұл істе ыждағатты орындаушы ғана болып қалу жеткіліксіз. Құқық қорғау жүйесінің барлық буындарында атқарылуға тиісті істерді терең білумен қоса, тәуелсіздігіміздің төл талғам-талабынан туындайтын тұжырымдамалық ұстанымдарға да жүйрік болуың қажет. Ол – ұсынғаныңды тиісті орындардың алдында қорғай білу деген де сөз.
Нұрлан Мәжитұлы осындай бастаулы істердің басы-қасында болды және өзін білікті де білімді, табанды да талғамды маман ретінде таныта білді. Докторлық диссертация материалдарының негізінде есірткінің заңсыз таралуына қарсы әрекет ету саласында республикамыздағы алғашқы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірледі. Сөз жоқ, мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру барысында ғылымға табан тіреп, ғылыми сараптамалық зердені басшылыққа алудың қажет болатыны белгілі.
Зерттеулерінің негізгі бағыттары криминология және қылмыстық құқықтың әр түрлі салаларымен, ең алдымен, нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу стратегиясы мен тактикасын әзірлеумен, есірткіге қарсы заңнаманы жетілдірумен, ұйымдасқан қылмыспен және жемқорлықпен, лаңкестікпен және экстремизммен күреспен байланысты.
Парламенттегі негізгі жұмысынан басқа, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы болып табылады, докторлық, кандидаттық және магистрлік диссертацияларға жетекшілікті жүзеге асырады.
Нұрлан Мәжитұлының тікелей басшылығымен 2 докторлық және 13 кандидаттық диссертациялар дайындалып, қорғалды. Мен де осы кісінің тікелей жетекшілігімен әуелі кандидаттық, сонан соң докторлық диссертациямды қорғадым. Мұны да маған қатысты ардақты ұстазымның дұрыс жөн сілтеп, жоғары талап қойғанының нәтижесі деп білемін. Ол – жарық көрген 3 монографияның, 4 оқулық пен оқу-әдістемелік құралдардың авторы.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен «Құрмет» (2006 ж.) орденімен, 3 мерейтойлық медальдармен марапатталған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен мадақталған. Оның жемісті жұмысы Әділет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен атап өтілген. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының кеңесі шешімімен ұйымның 15 жылдығы қарсаңында ҰҚШҰ медалімен мадақталған (2008 ж.)
Міне, еңбегі елеулі, арманы биік, жаны жайсаң, ұлағатты ұстазымыз Нұрлан Әбдіров осындай азамат.
Асылбек СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суретте: Нұрлан Әбдіров.