Кейбіреулер мемлекеттік тілдің жайын айта-айта шаршадық дейтін де шығар-ау. Шаршасақ та, шалдықсақ та, біз өгіз өлмесін, арба сынбасынға салынып, бұл мәселені жылы жауып қоя алмаймыз. Содан біреулердің миына құрт түссе де, айта беруіміз, жаза беруіміз, жатсақ-тұрсақ та, туған тіліміздің жайын ойлауымыз, бір сөзбен айтқанда, күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Өйткені, бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі аса зор қоғамдық және саяси маңызға ие болып, ардың ісіне айналып отыр. Елбасымыз атап көрсеткендей, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Олай болса, еңсесі биік елдер қатарына қосылуды мұрат тұтқан біздер үшін Ананың тілі – жүректің үні, ұлттың рухы, абыройы, болмыс-бітімі. Туған тіліміздің өсіп-өніп, өркендей беруі, тамырын терең жайып, мәңгі құламайтын бәйтерекке айналуы, шын мәнінде, өз тұғырына көтеріліп, қоғамымыздан лайықты орнын алуы үшін күресуден асқан міндет жоқ.
Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде мемлекеттік тілді дамытудың алғышарттары жасалды, оны кезең-кезеңмен дамытудың белгілі бір жүйесі қалыптасты, құлашты кең сермеп қыруар іс тындыруға, туған тілімізді дамытуға қатысты мәселелерді шығармашылық тұрғыдан шешуге мүмкіндік беретін құқықтық кеңістік пайда болды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы конституциялық қағидамыз бар. «Тіл туралы» Заңымыз да бар. Соның нәтижесінде, қазақ тіліне деген қоғамның көзқарасы айтарлықтай өзгеріп, оны дамыту, қолданыс аясын кеңейту бағытында қыруар істер атқарылды, сөйтіп, мемлекеттік тіл өз дамуында жаңа сатыға көтерілді. Оның бәрін баппен, байыппен, қасиетті қазақ топырағын ежелден өзімізбен бірге мекендеп келе жатқан басқа ұлттардың алдындағы жауапкершілігімізді сезіне, «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы ұстана, ара-тұра «шер тарқата», екі адым ілгері, бір адым кейін шегіне жүріп атқардық. Жалпақ елге жай да мәлім сол істерді тізбелемей-ақ қояйын, олардың бәрін көзі барлар көріп отыр, санасы барлар сезіп отыр.
Десек те, бүгінгі таңда туған тілімізді дамытуға қатысты мәселелер түбегейлі шешілді деп тоқмейілси алмасымыз және анық. Әлі де кезегін күтіп тұрған істер бастан асып жатыр. Бізге мемлекеттік тілді қолдайтын жақсы заңдар керек.
Үкімет басшысынан бастап, Үкімет мүшелері мемлекеттік тілге шын жанашыр болып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек», – деген сөздеріне құлақ асып, барлық жиындарды мемлекеттік тілде өткізсе, қандай ғанибет.
Әріптестерімді де тарихтың өзіндей, бабалардың көзіндей, ел бастаған көсемдердің тілі, сөз бастаған шешендердің тілі – қазақ тілін құрметтеуге, сол тілде сөйлеуге шақырамын. Алаштың ардақты ұлдарының бірі Жүсіпбек Аймауытұлы: «...Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын», деген екен. Бәріміз де қазақ болайық, қазақша сөйлейік. Осы арада ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: «Алашқа аты шыққан азаматтар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады», деген сөздерін еске салғым келеді. Ахаңның осы сөздерін жүрегімізге түйіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, ынтымақпен іске жұмылайық. Өзіміз де адаспайық, жұртты да адастырмайық.
Мен бұл сөздерімнің қалың қазақтың құлағына жетіп, санасына сіңгенін қалаймын. Халқымыздың сарқылмас қазынасы, ең үлкен игілігі – туған тіліміздің көсегесін көгерту сіз бен біздің қолымызда. Үйде де, түзде де қазақша сөйлейік, балаларымызды, немерелерімізді осыған тәрбиелейік, шарасыздыққа салынып, сылтау іздемейік. Бір сөзбен айтқанда, туған тіл төңірегіне ұлт болып ұйысайық.
Мен буын жерге пышақ ұрып, аспандағыны алып бер деп отырған жоқпын. Соңғы санақтың нәтижелеріне жүгінсек, Қазақстан халқының 63,5 пайызын құрайтын қазақтардың 98,4 пайызы қазақ тілін еркін түсінемін десе, солардың ішінде 93,2 пайызы ана тілімізде оқи аламыз және жаза аламыз деп жауап берген екен. Сол сияқты еліміздегі еуропалық ұлттардың бір миллионнан астамы қазақ тілін еркін түсінетін, түркі халықтарының 63 пайызы қазақ тілінде оқи әрі жаза алатын көрінеді. Бұдан қандай ой түюге болады. Бұл бүгін Қазақстан Республикасында қандай салада болса да, мемлекеттік тілді еркін қолдануға азаматтар да, қоғам да дайын деген сөз.
Елбасымыздың: «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл ретте, ең алдымен, қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс», дегенін ұмытпайық.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.