Қоғамның діни өмірі мемлекеттіліктің негізі мен отандық мәдениетті қалыптастырумен үздіксіз бірлікте дамиды. Қазақстан осы бағытты берік ұстанған мемлекеттер қатарына жатады. Сондықтан еліміздің даму үдерісіндегі діни факторлардың мән-маңызын лайықты түрде бағалау ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау мен нығайтуға, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды өркениеттік деңгейде реттеуге ықпал етері анық.
1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бірнеше рет толықтырулар мен өзгерістер енгізілгені баршаға белгілі. Оның алғашқысы 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен салық салу мәселесі бойынша енгізілді. Сол жылы бұл заңның жарғылық ережелері мен діни бірлестіктерді тіркеу және тарату тәртібі жетілдірілді. 2005 жылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша, сонымен қатар экстремизмге қарсы іс-қимылға қатысты баптар толықтырылып, 2007 жылы аталмыш заң еңбек заңнамасына сәйкестендірілді.
Егемендігімізді алғаннан бері елімізде рухани сананың дамуы барысында көптеген өзгерістер орын алды. Сондықтан мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастарды дұрыс жолға қою мақсатында дін туралы заңнаманың кейбір тармақтарын қайта қарау керектігін заман талап етуде.
Осы тұрғыдан алғанда Дін істері жөніндегі агенттік тарапынан дайындалған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасының елеулі артықшылықтары бар екенін атап айтуымыз қажет. Бұған дейін қолданыста болған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының кеңестік кезеңнің құрсауынан шыққан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, мүлде басқа діни ахуал жағдайында қабылданғаны белгілі. 1991 жылы елімізде небәрі 671 діни бірлестік болса, қазір олардың саны 4 551-ге жетіп, 40-тан астам конфессиялар мен деноминацияларды құрап отыр. Сондықтан жаңа заңнамада көтерілуге тиіс ең басты мәселелердің бірі діни бірлестіктердің жай-күйі болатын.
Осы бағытта жаңа заң жобасына көптеген айқын нормалар енгізілген. Ең алдымен, заң жобасы бойынша діни бірлестіктердің заңды мәртебелері анықталып отырғаны оң нәтижелер беретіні айқын. Заң жобасында діни бірлестіктердің жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебелері белгіленген. Жаңа заң жобасы бойынша 50-ден кем емес адамның бастамасымен құрылған, бір облыс аумағында қызмет ететін бірлестік жергілікті діни бірлестік болып саналады. Өңірлік діни бірлестік 500-ден кем емес адамнан құралуы керек, оның құрамындағы бір немесе одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің әрқайсысының 250 азаматтан кем емес мүшелері болуы және кемінде екі облысты қамтуы қажет. Ал республикалық діни бірлестікті 5000-нан кем емес Қазақстан азаматтары құрай алады, олар барлық облыстарды, республикалық маңыздағы қалаларды, еліміздің астанасын қамтуы қажет. Сондай-ақ әр аймақтан 300-ден кем емес мүшелері, республиканың барлық аймақтарында құрылымдық бөлімшелері, филиалдары мен өкілдіктері болуы керек.
1992 жылғы дін туралы заңнама бойынша кәмелетке толған небәрі 10 азамат діни бірлестік құра алатын болса, жаңа заң жобасында діни бірлестік құруға қатысты талаптардың әлдеқайда күшейтілгенін көруге болады. Екінші жағынан, жаңа заң жобасындағы республикалық мәртебеге ие діни бірлестіктерге қойылатын талаптарды сараптап қарасақ, бұл талаптардың еліміздегі дәстүрлі діндерді қолдауға мүмкіндік беретінін аңғарамыз. Сонымен қатар бұл заңдық нормалардың ешбір діни бірлестіктің құқығын кемітпейтінін, әртүрлі мәртебені иелену діни бірлестіктің нақты жағдайына байланысты екенін атап айтуымыз қажет. Мұның дәлелі – жаңа заң жобасы бойынша діни бірлестіктерге қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда өз мәртебелерін өзгерту құқығы беріледі. Мысалы, жергілікті діни бірлестіктер өз ауқымының кеңеюіне байланысты өңірлік немесе республикалық болып өзгеруі мүмкін. Бұл аталған заң жобасының демократиялық бағытта екендігін дәлелдейді.
Аталмыш заң жобасы қабылданған жағдайда елдегі барлық діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуі қажет болатыны белгілі. Мұның өзі қайта тіркеу барысында діни бірлестіктердің нақты жай-күйін, олардың қызметінің жаңа заң талаптарына қаншалықты сәйкестігін айқындауға, еліміздегі діни бірлестіктер жөнінде сенімді статистика қалыптастыруға мүмкіндік береді. Діни бірлестіктер мен саны аз діни топтарды тіркеу ісін және олардың қызметін ретке келтіруге де бірегей мүмкіндік туындамақ.
Қазіргі таңда миссионерлік қызмет мәселесі өзекті мәселелердің біріне айналды. Сырттан келген дін таратушылар мемлекетіміздегі діни сенім бостандығы құқығын өз мақсаттарына пайдаланып, насихаттарын барынша күшейте түсуде. Мұның өзі бүгінде Қазақстанда жат ағымдардың кеңінен таралуына себеп болып отыр. Бұл ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Жаңа заң жобасында миссионерлік іс-әрекетті бақылауға алу бағытында нақты қадамдар жасалған. Ең алдымен, ұсынылып отырған заң жобасында бұған дейін заңдық ұғым ретінде толық айқындалмаған «миссионерлік қызмет» ұғымына түсінік беріліп: «Миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі» деп көрсетілген. Мемлекет пен шетелдік діни бірлестіктер арасындағы қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеу шаралары да жаңа заң жобасында көрініс тауып отыр.
Заң жобасында Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн ғана жүзеге асыратыны, республика аумағындағы миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi екені атап көрсетілген. Бұл талаптардың орындалуы арқылы елдегі әрбір дін таратушының іс-әрекетін заң шеңберінде бақылап отыруға мүмкіндік туады. Сондай-ақ заң жобасында қажетті құжаттарды ұсынған екінің бірі миссионер ретінде ресми түрде тіркеле бермейтінінің де заңдық негіздемесі бар. «Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға теріс дінтану сараптамасы негізінде, сондай-ақ егер олардың миссионерлік қызметі конституциялық құрылымға, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, есептік тіркеуді өткізуден бас тартылады» деп көрсетілген заң жобасында.
Атап айту қажет, қолданыстағы заңнамада діни бірлестіктерді тіркеуден бас тартудың ешбір заңдық негіздері белгіленбеген болатын. Ал жаңа жобада діни бірлестіктерді ғана емес, олардың мүшесі болып табылатын миссионерлерді тіркеудің де заңдық шеңбері бар екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ заң жобасында көзделген миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына оларға дінтану сараптамасы жүргізілгеннен кейін ғана жол берілетіні де өте қажетті норма екені анық. Өйткені, миссионерлер қолындағы қай әдебиеттің зиянды салдары қаншалық екенін тек маман сарапшылар ғана анықтай алады. Сараптау барысында теріс пиғылды мазмұндағы әдебиеттерге тыйым салынатыны белгілі. Мұның барлығы да еліміздегі миссионерлердің бүкіл іс-әрекетін, қолданыстағы әдебиеттерін бақылап отыруға жағдай жасайды.
Осы мәселемен орайлас келетін діни әдебиеттерді әкелуге, басып шығаруға және таратуға байланысты нормалар да жаңа заң жобасында көрініс тауып отыр. Отбасын бұзуға бейім және соған мәжбүрлейтін, міндетті білім алуға бөгет жасайтын, азаматтардың адами болмысы мен денсаулығына зиян келтіретін діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салынатыны да заң жобасында нақты көрсетілген.
Ал заң жобасындағы «діни бірлестіктің атауында ұстанатын діні және мәртебесі көрсетілуі тиіс» деген талап жатжұрттық ілімдерді насихаттайтын кейбір діни бірлестіктердің атауына («Шапағат», «Благодать», т.б.) қарапайым жұртшылықтың алданып қалуынан сақтандырады. Діни бірлестіктің атауында оның сенімдік бағыты айқын көрініп тұрса, сенушілердің діни бағытынан жаңылмауына септігі тиетіні анық.
Қорыта айтқанда, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасының жоғарыда атап көрсетілген жаңалықтары мен ерекшеліктері, сөз жоқ, мемлекетіміздің дін туралы заңнамасында елеулі ілгерілеудің бар екенін көрсетеді. Жаңа заң жобасы өзінің нақты талаптарымен қазіргі кезең үшін барынша қажетті құқықтық нормаларымен ерекшеленеді. «Біткен іске сыншы көп», кемшіліксіз дүние болмайтыны тағы белгілі, дегенмен, дер кезінде шешімін тапқан игі істің оң бағасын беріп, қолдау көрсету бәріміздің азаматтық парызымыз деп білеміз.
Тоқтарбай ҚАДАМБАЙҰЛЫ, Парламент Мәжілісінің депутаты.