Медицина • 24 Шілде, 2017

Пазырық кілемі

4974 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуықта елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Есік» мемлекеттік тари­хи-мәдени қорық-музейінің «Сақ мұрасы» атты көшпелі көр­месі ұйымдастырылды. Осын­да қойылған экспонаттар арасы­нан әйгілі «Пазырық кілемінің» қал­пына келтірілген нұсқасын көрдік.

Пазырық кілемі

Пазырық қорғандары – Ресей Федера­циясы Таулы Алтай аймағы, Ұлаган ауданы жерінде, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан сақтар дәуірінде тұрғызылып, мәңгі мұздақта бүлінбей сақталған бес үлкен оба. Қорымды ғалымдар б.з.б. V-III ғасыр үлесіне жатқызып жүр. Мұндағы тоң-мұздақтың арқасында табиғи бальзамдалған адам мүрдесі мен металл, тері, былғары, ағаштан жасалған бұйымдар жақсы сақталған. 

Соның бірі – біз көрген кілем. Бұл бұйым қорымның бесінші обасынан табылған: көлемі 4,5 х 6,5 метр, қалыңдығы 3 мм. Түпнұсқасы қазір Санкт-Петербургтегі Кунсткамера қорында сақтаулы. Кілемге реконструкция жасаған шеберлер оның тұла бойын қалпына келтіру үшін қырғыз бауырларымыз қалпақ жасап киетін жұқа ақ киізді пайдаланыпты. Одан кейін кілем бедеріндегі нақыштарды байырғы стильдік үлгісі мен ескі бояуын сақтай отырып, айнытпай жасап шыққан.

Зерттеуші С.И.Руденконың пайым­дауынша, кілем сәндік бұйым ретінде салтанатты сарайдың қабырғасына ілініп, көсем қайтыс болған соң оны жерлеу рәсіміне пайдаланған, соңында мүрденің қасына қойылған арба мен төрт жылқының үстіне жапқан десе, екінші бір зерттеуші М.П.Грязнов, кілем көсемді жерлеуге дейін оның мүрдесін уақытша сақтайтын ғұрыптық сахна-шатырдың ішіне қойылған мәйіттің жабынтығы дегенді алға тартады.

 Расында Алтайдың қақаған қарлы қысында тоңды қазып сахна-зират тұрғызу қиын. Сол себепті, қыста өмірі үзілген адамды күн жылығанға дейін уақытша жерлеу рәсімін атқаратын жасанды-зират көп өлкелерде бертінге дейін сақталып келгенін білеміз. Екінші оқымысты осыны меңзеп отыр. 
1970-ші жылдары «Есік» қорғанына жүргізілген қазба-зерттеу жұмыстары барысында «Алтын адам­ның» астындағы ағаш еденге төселген  кілем бол­ған. Алайда,  кілем шіріп кетіп, алғашқы қалпы сақ­тал­­маған. Одан басқа тағы бір ескерер дүние, Паз­ы­рық кі­леміндегі ою-өрнек атрибуттары «Есік» қор­ға­ны­нан та­былған қолданбалы заттық бұйымдар стилімен ұқ­сас­тығы.

Осы орайда еске түседі, басқа жақты білмеймін, біздің елде әлі күнге дейін мәйітті кілем немесе сырмаққа орап шыға­ра­ды. Бұл рәсім сонау сақ дәуірінен бері жал­ғасып келе жатқан үрдіс емес пе екен?!

Бекен Қайратұлы,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген 
Орынбай Балмұрат,
 «Егемен Қазақстан»