Қолайлы ауа райынан бітік шыққан биылғы астық елдің қуанышына ғана емес, диқандардың әбіржуіне де әкеліп соқтырған. Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжановтың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында осы мәселе өткір көтерілді. Сондай-ақ депутаттар Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің баяндамасын тыңдады.
Биылғы көктемгі дала және егін орағы жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға республикалық бюджеттен және «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдары қаражатынан 94,4 миллиард теңге бөлінген. Министр соның 78 миллиарды бюджеттік кредит болса, оның жылдық үстемақысы 12-ден 8 пайызға дейін төмендетілгендігін алға тартты. Жалпы, биыл республика бойынша дәнді дақылдар 16,2 миллион гектар алқапқа себілсе, оның 13,8 миллионын бидай құраған. Қазір егін орағы 90 пайыз алқапта аяқталса, астықтың орташа түсімі гектарына 16,5 центнер. Ал биылғы дала жұмыстарына литрі 68 теңгеден 354 мың тонна жағар май бөлінген, деді Асылжан Сарыбайұлы. Сондай-ақ ылғалдан бітік шыққан егінді аман алып қалу үшін Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына қосымша арзандатылған 40 мың тонна дизель отыны жөнелтіліпті. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98 пайызға жеткендігі, астықтың 24 миллион тоннадан асып отырғандығы да қаперден тыс қалған жоқ.
А.Мамытбеков елімізде жалпы сақтау сыйымдылығы 22,5 миллион тонна болатын қоймалардың бар екенін жеткізді. Соның ішінде лицензияға ие астық қабылдау кәсіпорындарында 13,6 миллион тонна, ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық қоймаларында 8,9 миллион тонна және ашық алаңқайларда тағы 2,5 миллион тонна астық сақтауға мүмкіндік бар көрінеді. Белгілі болғанындай, жалпы 1991 жылдан бері сыйымдылығы 2,0 миллион тоннаны құрайтын жаңадан 58 астық қабылдау кәсіпорны салынған. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 651 мың тонналық 42 астық қоймасын салып алыпты. Ал «ҚазАгро» Ұлттық холдингінің қатысуымен жалпы сақтау сыйымдылығы 327 мың тоннаны құрайтын 13 астық қоймасы қолданысқа енгізілген. Үстіміздегі жылы тағы 3 астық қоймасы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Астықты өңірлердің элеваторлық сыйымдылығын босату үшін Азық-түлік корпорациясының 500 мың тонна астығын жылжыту туралы шешім қабылданды. Оның ішінде Ақмола облысынан – 151,4 мың тонна, Қостанай облысынан – 165,5 және Солтүстік Қазақстан облысынан 183,2 мың тонна астық жылжытылған. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен 1,7 миллиард теңге бағытталғаны белгілі болды. Сондай-ақ, тоннасына 40 АҚШ доллары есебімен 2,5 миллион тонна экспорттаушылардың көлік шығындарын жабуға қаржы қарастырылып отыр екен. Елімізде қазіргі таңда астық тасымалына қажетті 5169 вагон болса, оған қосымша жалға алу жолымен «Русагротранс» ЖАҚ-тан 4000 вагон, «Технотранс» ЖШҚ-тан 1400 вагон және «Балтық астық үйі» ЖШҚ-тан 300 вагон тартылары белгілі болды. Егер тасымал вагондары қанағаттандырылса, онда айына 1-1,2 миллион тонна астықты экспорттауға болатындығымен бөліскен министр Азық-түлік корпорациясы тоннасы 25 мың теңгеден 5 миллион тонна бидай сатып алуға қабілетті екенін де ортаға салды.
А.Мамытбековтің айтуынша, Орталық Азия, Ауғанстан, Иран сияқты елдерде дәстүрлі астық тұтыну 6 миллион тоннаны құраса, еліміздің ішкі тұтынуы 8,5-9 миллион тоннаны құрайды екен. Осы орайда министр соңғы алты жылда ауыл шаруашылығы өнімінің бағасы еш өзгермесе, тиісінше жанар-жағармай бағасы 2005 жылдан бері 2,8 есеге, ал тыңайтқыштар бағасы 2-3 есеге көтерілгендігін де тілге тиек ете кетті.
Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ромин Мәдинов өзінің қысқаша баяндамасында мемлекет жыл сайын тиісті мөлшерде астықты сатып алу міндетін атқаруы қажеттігі мәселесін көтерді. Депутаттың пайымынша, шаруа өз астығын мемлекетке қанша ұсынса да, соның барлығы сатып алынуы қажет немесе шаруа өз астығын еркін саудаға шығарса да еркі болуға тиіс. Қазіргі таңда көптеген шаруалар өз өнімдерін өткізе алмай дал. Осыған байланысты комитет төрағасы оны Азық-түлік корпорациясы мен жергілікті әкімдіктер шешуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол еліміздегі барлық шаруа қожалықтары үшін техника сатып алынуы қажеттігін алға тарта отырып, оған мемлекет қаржысы жұмсалса деген ойын да жасырмады немесе мемлекет 4 пайыздық үстемемен 15 жылға дейін сатып алу тетігін қарастырғаны жөн, дейді.
Бұдан кейін депутаттар Розақұл Халмұрадов, Құрманғали Уәли, Бауыржан Смайылов, Нұртай Сабильянов, Құттықожа Ыдырысов, Егор Каппель, Бекен Әлімжанов сөз сөйлеп, астық өнімін тиімді жинап алу, сақтау, тасымалдау туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, депутаттар астықты өндіріп қана қоймай, оны терең өндеу жайына да назар аудартты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы кадр мәселесін шешу, шаруаларды қолдау жайы көтерілді. Үкімет сағатын Жәнібек Кәрібжанов қорытындылады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.