Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов 8-9 қазанда Иран Сыртқы істер министрі Али Акбар Салехидің шақыруы бойынша Теһран қаласында сапармен болды. Сапар барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен, Иран Сыртқы істер министрі Али Акбар Салехимен және Иран Меджлисінің (Парламент) спикері Али Лариджанимен кездесті.
Президенттің резиденциясында өткен Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов пен Иран Президенті Махмұд Ахмадинежадтың кездесуінде Қазақстан министрі Иран Президентіне Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран халқына табыстар тілеген ыстық ықыласты сәлемін жеткізді. Ал Махмұд Ахмадинежад Қазақстанның өңірдегі саяси салмағы мен экономикалық дамуының ерекше маңызды екенін атап өтті. Иран басшысының атап өткеніндей, Қазақстан Президентінің басшылығы арқасында қол жеткізілген осындай жетістіктер Орталық Азия елдерімен қатар, Каспий теңізінің жағалауындағы мемлекеттердің де экономикалық дамуына ықпал етіп, ондағы халықтардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.
Кездесуде, сондай-ақ Қазақстан мен Иран арасындағы салынып жатқан темір жол қатынасы желісін ашу жөніндегі мәселе де талқыланды. Ержан Қазыхановтың кездесу соңынан журналистерге хабардар етуінше, Иран тарабы темір жол құрылысын келесі жылдың наурызында аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл темір жол іске қосылған кезде, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынас арта түсетін болады. «Иран Президенті, – деді министр кездесу жайында, – алдағы уақытта біздің елдердің байланыстары кеңейе беретініне сенім білдірді».
Кездесулер кезінде аталып өтілгеніндей, Қазақстан мен Иран арасындағы саяси және сауда-экономикалық қатынастар өзара түсіністік жағдайында дамып келеді. Өйткені, тараптар аталған салалардағы ынтымақтастықты достық және тату көршілік тұрғыда тереңдетуге мүдделілік танытады. Бұған Қазақстан мен Иранның өңірлік және халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ЭЫҰ және Каспий теңізі жөніндегі арнайы жұмыс тобы аясындағы ынтымақтастық дәлел болады.
Ержан Қазыханов пен Али Акбар Салехидің кездесуі жоспарланған уақыттан едәуір ұзаққа созылды. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені, кездесуде мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту, өзекті де өткір аймақтық және халықаралық мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, онда тараптар өздері мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға да ерекше мән берді. Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жайына да ерекше назар аударылды. Кездесуден соң екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қазақстандық және ирандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, кездесу нәтижесі туралы хабардар етті және журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Алғашқы болып сөз алған А.Салехи Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қатынастардың тарихи тамыры тереңде жатқанына тоқтала келіп, екіжақты ынтымақтастықта энергетика және жүк транзиті ерекше маңызды екендігін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қатынастарды дамытуда ғылым, технология, ауыл шаруашылығы, тағы басқа салалардағы ынтымақтастықтың да орны бөлек. «Біз жақын жылдары екі мемлекет арасындағы тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол. – Ашғабад қаласында біз Орталық Азия мен Парсы шығанағын қосуға мүмкіндік беретін «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік темір жол дәлізін құру жөніндегі келісімге қол қойдық. Бұл транзиттік тауарларды, оның ішінде Қазақстанның жүктерін экспорттауға үлкен мүмкіндік береді».
Ал Ержан Қазыханов өзінің бұл сапарын елдер арасындағы саяси үнқатысуды нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жасалған тағы бір маңызды қадам ретінде қарастыратындығын айта келіп, екі ел министрлерінің кездесуінде талқыланған мәселелерге тоқталды. «Біз министр Салехи мырзамен екіжақты қатынастарға және өңірлік өзара іс-қимыл мәселелеріне қатысты кең көлемдегі мәселелер бойынша өте тиімді келіссөздер жүргіздік, – деді Ержан Қазыханов. – Біз сауда айналымын арттыруға мүдделілік таныттық. Сауда көлемін 1,2 миллиард доллардан 5 миллиард долларға дейін көбейту жоспары бар. Оған мүмкіндіктер жеткілікті. Қазақстан Иранның бизнес құрылымдарымен, компанияларымен ынтымақтастық орнатуға ынталы».
Министр өз сөзінде, сондай-ақ Қазақстан, Түркіменстан және Иран аумақтары арқылы өтетін Өзен – Қызылгая – Берекет – Этрек – Горган темір жол құрылысы жобасының өз уақтысында жүзеге асырылуын екі мемлекет те асығып отырғандығына назар аударды. Оның атап өткеніндей, бұл жоба пайдалануға берілгенде, Қазақстан Түркіменстан мен Иран аумақтары арқылы өз тауарларын Парсы шығанағына, әрі қарай басқа да елдерге тасымалдай алады. Ол осы жобаға қатысушы мемлекеттердің экономикасына да едәуір пайда түсіреді.
Министр кездесуде өңірлік ынтымақтастыққа байланысты мәселелердің талқыланғанын да ортаға салды. «Қазіргі кезде Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Иранның солтүстігіндегі провинциялары арасында байланыс бар, – деді ол осы жөнінде. – Біз бұл байланыстар маңызды деп есептейміз және әрі қарай кеңеюі және дамуы тиіс» деп санаймыз.
Бұдан кейін Ержан Қазыханов екі мемлекетті Каспий теңізі біріктіріп отырғанын атай келіп, кездесуде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы да мәселе талқыланғанынан хабардар етті. Сонымен бірге, Ауғанстандағы, Таяу Шығыстағы, Солтүстік Африкадағы, басқа да өңірлердегі жағдайларға қатысты мәселелер қозғалғанын жеткізді. Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Иран арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындауда көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары бір-біріне сәйкес келеді. Министрлердің кездесуінде Қазақстан мен Иран арасында мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге қатысты пікір алмасылған.
Келесі жылдың қаңтарында Қазақстан мен Иран арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 20 жыл толады. Осыған байланысты Иранда Қазақстанның мәдени күндерін, ал Қазақстанда Иранның мәдени күндерін өткізу жоспары да бар. Сөзінің қорытындысында министр көршілес екі мемлекет Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында тығыз ынтымақтастық орнатып келе жатқанын, сондай-ақ Иран АӨСШК-ге толық құқылы мүше болып табылатындығын, осы ұйым аясында елдердің өзара ынтымақтастықты кеңейтетіндігін атап өтті.
Сыртқы саясат ведомстволары басшыларына журналистер тарапынан сұрақтар да қойылды. Сұрақтардың басым көпшілігі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне, Қазақстанның астығын экспорттауға және біздің еліміздің ИЫҰ-ға төрағалығына байланысты болды. А.Салехидың айтуынша, Каспий теңізі бес мемлекетке қарайды, сондықтан ондағы мәселелердің барлығы сол елдерге ортақ. Проблемаларды шешуге Каспий жағалауындағы елдердің барлығы қатысуы тиіс. Әсіресе, елдер үшін теңіздің биоресурстарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау ерекше маңызды.
Қазақстан астығын экспорттауға байланысты қойылған сұраққа Ержан Қазыханов нақты деректер келтіре отырып, жауап қайтарды. «Биылғы жылы Қазақстан 25 миллион тоннадан астам астық жинайды, – деді ол. – Өз әріптесіммен кездесуде осы тақырып та талқыланды. Біз Иран астық тұтынушы аса ауқымды рынок деп есептейміз. Иран астық өндіруші ел екенін білесіздер. Бұған қоса біз Иран аумағы арқылы Қазақстан астығын Парсы шығанағына экспорттау жолын қарастырудамыз».
Сұрақ-жауап барысында министрлер Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығы жайын да қозғады. Иран министрі А.Салехидің айтуынша, Қазақстан Ұйымға төрағалығын жақсы бастады және қазірдің өзінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізді. Оның ішінде Сомали халқына көмектесу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, Қазақстан бастамасының арқасында Ыстамбұлда ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің басқосуында 50 миллион доллар қаржы жиналды. Бұл қаржы мұсылман бауырларға көмек ретінде беріледі. Және бұл Ислам ықпалдастығына нақты мысал болып табылады. Қазақстанның жетекшілігімен ИЫҰ басқа да табыстарға жетеді деп есептейді. «Біз бұл бағыттағы Қазақстанның барлық бастамаларына қолдау білдіреміз», – деді А.Салехи.
Ал Ержан Қазыханов Каспийдің экологиясына байланысты Қазақстан Каспий теңізінің биоресурстарын сақтап, оны тиімді пайдалануда бірқатар бастамалармен шыққанын атап өтті. Бұған мысал ретінде ол Қазақстан Каспий теңізінен бекіре балығын аулауға 5 жыл бойы мораторий жариялау туралы бастама көтергенін, бұл бастамаға Иран да қолдау білдіргенін келтірді.
Ал Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың Иран Меджлисінің спикері Али Лариджанимен кездесуінде екі ел парламенттері арасында ынтымақтастық орнату, өзара тәжірибе алмасу, басқа да мәселелер жөнінде әңгіме болды.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы елге қайтар кезде қазақстандық журналистерге шағын сұхбат берді. Ержан Қазыханов Теһранға сапарындағы жоғарыда аталған кездесулер нәтижесін айта келіп, Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жолы қатынасы жобасы аса ауқымды жобалар қатарына жататындығын атап өтті. Иран өз аумағындағы темір жол желісінің құрылысын келесі жылдың наурызында аяқтамақ екені жоғарыда айтылды ғой деймін. Ал жалпы аталған жоба біздің елдің өнімін, оның ішінде Қазақстан астығын шет мемлекеттерге тасымалдауда ерекше маңызды рөл атқарады. Парсы шығанағындағы елдерге астық қашан да қажет. Ал Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау туралы ол: «Каспий теңізін милитаризациялауға қарсымыз. Жақында Астанада Каспийдің құқықтық мәртебесі мен биологиялық ерекшеліктеріне байланысты сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде жиын өтеді», – деді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
--------------------------------------------
Суретте: Е.Қазыхановтың М.Ахмадинежадпен кездесуі кезінде.
Суретті түсірген Ілияс ОМАРОВ.