Ертең Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік ауқымды халықаралық форум басталады
12-13 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығында одан әрі дамыту мақсатында және Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына орай Астана мен Семейде «Ядросыз әлем» деп аталатын аса ауқымды шара өтетін болады.
Тәуелсіздік сарайында өтетін форумның тақырыбы халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) тезірек қосылу үшін серпін беруге арналып отыр. Сонымен қатар, Ядролық қарулар мен өзге де ядролық жарылатын құрылғылар үшін ыдырайтын материалдар өндірісіне тыйым салу туралы шарт (ЫМӨТШ) жасау мәселесі де күн тәртібіне шығарылатын болады. Осының барлығы, түптеп келгенде, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядросыз әлем жалпыға ортақ декларациясы бастамасына сәйкес, ядролық қарудан азат аймақ құру қағидаттарын тиімді енгізудің практикалық ұсынымдамаларын жасау қажеттігінен туындайды. Форум қорытындысында Ядросыз әлем үшін деп аталатын Астана декларациясын қабылдау жоспарланып отыр.
Семейдегі шара аясында халықаралық форум меймандарының бұрынғы Семей полигоны аумағында, Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық нысандарында болып, Семейдегі ядролық сынақтар құрбандықтарына арналған жаңартылған ескерткіш-мемориалдың ашылуына қатысуы жоспарланған.
Халықаралық форум антиядролық қозғалыстың басында тұрған Қазақстанға, сондай-ақ басқа да әріптес мемлекеттерге құрмет көрсетудің де бір парасы болмақ. Өйткені, мұның ядролық қатерге қарсы күш-жігер жұмсап жүрген кім-кімге де тікелей қатысы бар.
Форумға халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ядролық қарусыздану саласына қатысы бар елдердің саяси қайраткерлері, қарусыздану және таратпау ісіне айтарлықтай үлес қосқан немесе Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында оның қарусыздану бағытындағы күш-жігерін жүзеге асыруға көмектескен халықаралық саясаттың көрнекті ардагерлері, сондай-ақ әлем елдері үкіметтері мен парламенттерінің, академиялық топтарының, сарапшылар қоғамдастығының, таратпау және қарусыздану саласында жұмыс істейтін халықаралық және отандық ҮЕҰ-лар мен дипломатиялық корпустың өкілдері шақырылып отыр.
Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау (ЖҚТ) саласындағы саясаты еліміздің негізінде халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық проблемалар мен жанжалдарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттырып жатқан сыртқы саяси бағытымен айқындалады.
Қазақстан Республикасы таратпау режімін нығайту жолында бірқатар нақты қадамдарды жүзеге асырып, өзінің ниетінің бекемдігін айқын көрсетті. Қазақстанның таратпау саясатының негізін қалаған алғашқы қадам ретінде КСРО тарамай тұрған 1991 жылы-ақ Семей ядролық сынақ полигонын жапқанын атап айтуға болады. Сол 1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Алматы декларациясын қабылдап, бұрынғы КСРО аумағындағы ядролық арсеналдың қызметіне бірлесіп бақылау жасаудың тетігін айқындаған еді. Осылайша, КСРО-ның стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту саласындағы халықаралық міндеттемелеріне жақындығын қуаттаған-тын.
1992 жылғы 23 мамырда Португалияның астанасы Лиссабон қаласында аталған 4 ел мен АҚШ өкілдері бесжақты хаттамаға қол қойып, Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту туралы шарт ережелеріне жауапкершілігін нақтылады. Лиссабон хаттамасында сондай-ақ Беларусьтің, Украина мен Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа ядролық қарулары жоқ мемлекеттер ретінде қосылуын міндеттейтін мазмұн көрініс тапты.
1994 жылдың 5 желтоқсанындағы ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммиті кезінде Ресей, АҚШ, Ұлыбритания Қазақстанның, Беларусь пен Украинаның ядросыз мемлекеттер ретінде осыған қатысты шартқа қосылуына байланысты қауіпсіздік кепілдігін беру туралы меморандумға қол қойды. Кейінірек Қазақстанға мұндай кепілдікті Қытай мен Франция берді.
Ядролық арсеналын шығару жөніндегі өзінің міндеттемелерін орындаған Қазақстан өз жеріндегі ядролық қару инфрақұрылымдарын жою және бұрынғы әскери өндірістерді азаматтық мақсаттарға конверсиялау проблемаларымен айналысты. Бұл мақсатта МАГАТЭ-нің басшылығымен Қазақстанға ядролық материалдардың есебі мен бақылауын ұйымдастырудың, АЭС-терді пайдаланудың, ядролық материалдар мен қондырғылардан қорғанудың мемлекеттік жүйесі жөніндегі техникалық көмек көрсетуді үйлестірудің жоспары жасалды. Бұған Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты.
Бұдан кейінгі кезеңдерде де Қазақстан ядросыз әлем құру, таратпау саласына қатысты бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойып, өзінің таңдаған бағытынан айнымайтындығын айғақтады.
2010 жылдың 15 қарашасында Қазақстан тарабы АҚШ-пен, Ресеймен және МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта Ақтау қаласындағы БН-350 реакторынан пайдаланылған ядролық отынды Курчатов қаласындағы Ұлттық орталықта арнайы ұзақ мерзімді сақтауға арналған алаңға тасымалдау жобасын тәмамдады.
2009 жылы Қазақстан Президенті Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы жарылыс жасалған және арада 40 жыл өткенде полигон жабылған күн – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы бастама көтерген болатын. Сол жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы Қазақстан ілгерілеткен қарарды қабылдады. Қазақстан ұсынған қарардың тең авторлары арасында Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түркіменстан және Жапония бар, барлығы 26 ел болды.
Қазақстан 29 тамыздың БҰҰ пішінінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануы бейбітшілікке қол жеткізу, бүкіл әлемде ядролық сынақтарға тыйым салу мақсатына оң ықпал ететін қадамның бірі болады деп санайды.
Аталған қарарды жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың 10 тамызында Астанада халықаралық конференция өтсе, қыркүйек айында БҰҰ-да Бас хатшы Пан Ги Мунның қатысуымен БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған арнайы сессиясы ұйымдастырылды.
Қазақстан басшысының 2010 жылдың сәуірінде Вашингтонда болған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте жариялаған бастамаларының бірі болашақта Ядросыз әлем жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы мәселені талқылауды бастау туралы ұсынысы болып табылады.
Үстіміздегі жылдың 29 тамызында Женевада Семей Ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына және Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін мерекелеуге арналған конференция ұйымдастырылды. Онда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Ал 30 тамызда Гаагадағы Бейбітшілік сарайында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Нидерландының сыртқы саясат ведомствосымен бірлесіп, IV (жыл сайынғы) ядролық қауіпсіздік және таратпауға арналған «Ядролық дилеммалар: бүгіні және болашағы» халықаралық конференциясын өткізді. Саясаткерлер мен дипломаттар, сарапшылар мен журналистер қатысқан форумда еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев сөз сөйледі.
Самат МҰСА.