«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың орталық ғимаратында компанияның пайдалану жөніндегі басқарушы директоры Қанат Әлмағамбетовтің төрағалығымен астық тасымалына қатысты кеңес өтті. Оған Көлік және коммуникация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісімшарт» ҰК» АҚ, «Астық Одағы» компаниясы өкілдері мен астық тасымалдаушылар, экспедиторлар, сондай-ақ жүк жөнелтушілер қатысты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Пайдалану жөніндегі басқарушы директоры Қ.Әлмағамбетовтің айтуына қарағанда, ұлттық компания қыркүйек айында өздеріне берілген тапсырманы артығымен орындаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ішінде де, сыртқа да астық тасымалдағанда оны ұн түрінде шығаруға барынша көңіл бөлу қажеттігін ескерткен-ді. Осы бағытты ұстанған іскерлер қыркүйекте 228 мың тонна ұн өнімдерін тасымалдаған. Қыркүйекте белгіленген жоспарды асыра орындаған теміржолшылар 764 мың тонна астық тиеген. Оның 521 мың тоннасы еліміз аумағында тасымалданса, 243 мың тоннасы экпортқа шығарылған. Бұл айларда республикамыздың астық өнімдерін Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран мемлекеттері тұтынды. Қазан айына жоспарлы тапсырма 806 мың тонна болып белгіленгенімен, оны 1 миллионға дейін жеткізу мақсат етілуде.
– Ол үшін Ұлттық компания сырттан келетін вагон көмектерін, сондай-ақ бұрындары тәжірибеден өткізілгендей астық вагондарын ғана күтіп отыра бермей, ел ішіндегі жақын аймақтарға ашық, жабық вагондарды да пайдалануға рұқсат беріп отыр. Оған қоса астықты қапшықтап та жеткізудің жолдарын қарастыра беріңіздер, – деген Қанат Әлмағамбетов астық тасымалдаушылардан қандай ұсыныс болса да қарауға әзір екендіктерін және ауа райының әлі де ашықтау кезінде барынша жедел қимылдау кезек күттірмейтінін де назардан тыс қалдырмады.
Астық тасымалдайтын вагондардың жетіспеушілігіне байланысты Үкіметтің шешімі бойынша қыркүйек- қараша айларында алдымен республикаішілік бағдарларға бидай жеткізу керек. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ тапсырысымен облыстық әкімдіктердің арасындағы меморандумдық келісімдері бойынша осы аралықта 500 мың тонна астық тасымалдау қажет. Отандық астық тасымалдау кәсіпорындарына вагон жетіспеген жағдайда өздерінің вагон паркін пайдалану және ресейлік компаниялардың вагондарын жалға алу жолы ұсынылды.
Кеңес барысында жүк жөнелтушілерге және қабылдаушыларға астықты кестеде көрсетілгендей дер кезінде тиеп, белгіленген мерзімде түсіруге тапсырма берілді. Барлық астық жөнелтушілермен вагон иелері, экспедиторлардың «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен ұйымдасқан түрде жұмыс жасау қажеттілігі түсіндірілді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.