11 Қазан, 2011

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

9846 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшы­рады. 77 жасқа қараған шағында аса көрнекті ақ­ын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лы­ғының лауреаты, Қазақстанның халық жазу­шысы Тұманбай Молдағалиев дүние салды. Ол 1935 жылы 20 наурызда Алматы облы­сы­ның Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылын­да туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956-1959 жж. “Пионер” журналында әде­б­и қызметкер, 1959-1971 жж. “Жазушы” баспа­сында редактор, аға редактор болған. 1971-1973 жж. “Балдырған” журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жж. “Жалын” альманахында бас ре­дак­тор, 1984-1986 жж. Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқармасында хатшы болып қызмет жа­саған. Өмірінің соңына дейін “Балдырған” жур­на­лының бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы “Студент дәптері” деген атпен жарық көрген. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы оқырман қолына тиді. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерін ана тілімізге сәтті аударды. 1968 жылы “Жаңа дәптер” жинағы үшін Республика комсомолы сыйлығының, 1982 жылы “Жүректегі жазулар” кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атан­ған. 1957 жылы “Тың жерді игергені үшін”, 1970 жылы “Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы сыйлығына ие болды. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы. «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері. Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқов­тың, Әсет Бейсеуовтің, басқа да танымал ком­позиторлардың “Құстар әні”, “Құстар қайтып келеді”, “Бақыт құшағында”, “Әнім сен едің”, “Шақырады көктем”, т.б. жүздеген әндерге өлең жазған. 2007 жылы «Құстар қайтып ба­ра­ды» атты ән текстерінің жинағы жарық көрді. Ақынның қаламынан туған «Студент дәп­тері», «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақы­ра­ды жаз мені», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қа­ш­анда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөн­бейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Таудан түскен сәуле», «Жи­ырма бесінші көктем», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім — тірегім», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені» сияқты жыр жинақтары – ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан, әдебиетіміздің алтын қазынасына ай­налған өлмес шығармалар. 2002 жылы жарық көрген ақынның 14 томдық шығармалар жи­нағы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қазақ жырының ары мен абыройын арқа­лап, ұлттық поэзиямызды әлемдік биікке кө­тер­ген, санаулы саңлақтарымыздың біріне ай­нал­ған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз. Ақынның тұмадай тұнық жыр жаратқан ұлтжанды болмысы мен ақжарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады. Қазақ әдебиетінің көрікті бір дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиевтің шынайы клас­си­ка­лық үлгідегі поэзиясы халқымен бірге жасай береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі. * * * ӨЛЕҢДЕГІ ТҰНЫҚ БҰЛАҚ Ойпырмай, өмірден Тұ­ман­бай өтті деген не сұмдық?! Тұма­шым-ау, мына мені, ағаң­ды, өзің­нің Мұзағаңды дүние жал­ғанда жападан-жалғыз қал­ды­рып кете барғаның қалай. Мен сені мектеп қабырғасында оқып жүрген ша­ғыңнан біліп, алпыс жылдан астам уақыт Тұмашым, өлеңдегі тұнық бұла­ғым деп келе жатыр едім ғой. Мен Мұзаға болсам, кейінгі бар­лық толқынның Тұма­ға­сы сен едің ғой. Қайран Қадыр екеуің қос қанатым едің ғой. Енді сол қос қанатым бірдей қайы­­рылып, поэзия айдыны қос аққуы­нан айырылғандай күй кешіп отыр­мын ауруханада. Біз көрісіп-біліскеннен-ақ бау­ыр болып кеттік. Ол кезде сен студент едің. Одан сені «Бал­дыр­ған» журналына поэзия бөлімі­нің меңгерушісі етіп қуана-қуана қызметке алғанбыз. Сосын тіле­гіңді тілеп, жауапты хатшылыққа жоғарылатқанбыз. 60 жыл шәй деспедік, бір туғаннан артық та­ту-тәтті, сырлас та мұңдас бол­дық. Еш айтары жоқ, орны толмас, өкініші кетпес ауыр қаза. Бір ғана жұбаныш сол, менің Тұ­машымның артында өлмес өлең­дері қалды. Оның қайталанбас сұлу сазды, айрықша әсем, назды өлеңдері қазақ халқымен бірге мәңгі жасай беретініне құдайдай сенуге болады деймін. Не дейін, Тұмашымның алды жарық болсын. Пейіштің төрінен орын тапсын. Қош, Тұмашым!.. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. * * * ҚҰСТАРМЕН БІРГЕ ҚАЙТЫП КЕТТІ-АУ... Тұмашпен таныстығымыз 1955 жылдан басталады. Мен ол кезде консерваторияда комсомол коми­те­тінің хатшысымын. Бір жас жігіт келіп тұр. «Сізбен сөйлесейін деп едім», дейді. – Не айтайын деп едің? Өнер­дің қай түрінен хабарың бар? – деп сынай қараймын. – Ешқандай түрінен хабарым жоқ, – дейді ол да жасырмай. – Онда бара бер, – деп әлгі жас журналисті кері қайтарып жіберген едім. Сол қылығымды әлі күн­­ге дейін кешірмей оты­рамын. Қай­дан білейін, сондағы жас баланың кейін қазақтың ақи­ық  ақында­ры­ның бірі боларын. Міне, қайран осы Тұмашы­мыз­дан ойда-жоқта айы­рылып қал­ғанымыз бәріміздің қабырғамыз­ға батып кетті. Жа­қын­да ғана үйде қонақ болып еді. Ағалы-інідей сырла­сып, ұзақ әң­гі­ме­лес­тік. Дәл осы­лай одан са­ры­ала күзде көз жазып қалаты­ны­мыз­ды жүрегім ерте сез­гендей екен-ау. Құстарды жырлап еді. Енді дәл осы мезгілде Тұманбайдың рухы жыл құстарының қанатына ілесіп жылы мекеніне ұшып бара жат­қанына таңғаламын. Күні кеше Қа­дыр кетті, ортамызды ой­сыра­тып. Қазақ елі енді мына Тұман­байын қара жердің қой­ны­на тап­сырып, қайғыдан қан жы­лап жа­тыр. Қазақтың қос ұлы ақынын сұм ажалдың бірінен соң бірін қа­тар алып кеткенінен есең­гі­реп қал­дық. Ұлылық алыс­та­ған­да ғана білінеді деген осы. Жат­қан жері жән­натта болсын, Тұма­шымның! Еркеғали РАХМАДИЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. * * * БАҚҰЛ БОЛ, АҒА! Жуырда ғана теледидардан кө­ріп едім. Өз сөздеріне жазылған әсем әндерді еліте тыңдап отыр еді. Сонда есіме түскен-ді. Сонау 50-ші жылдары Қасымнан айы­ры­­лып, есеңгіреп қалған қазақ жұр­­тын өзіне бірден жалт қара­т­қан «Студент дәптері» атты жұп-жұқа кітап еді. Ол кезде оқтау жұтып қойғандай омыраудың отыз түй­месі түгел түймеленіп, сып­тықтай болып сықиып тұра­тын ақын па­қырдың адам болып кісі бетіне тіке қарап, әзіл-қал­жың айтқанын алғаш сол кітаптан көріп едік... Ылғи жымия күліп, жадырай қарайтын ақжайраң аға Тұманбай жан баласына жаман­дық ойла­майтын ақпейіл мінезін алғашқы жырларынан-ақ жарқы­ратып жай­ып салған-ды. Жоқтық пен жетімдік діңкелеткен балалық шаққа бой бермей, оның өлең­дерінен жас­тық жігер, албырт арман, от­тай ыстық махаббат лебі шарпып тұратын-ды. Оған ілесе шыққан Еркеш пен Сағидың ерке жыр­ла­ры, Қадыр мен Жұмекеннің ойлы өлеңдері қосылған бұл жылдарғы жастар поэзиясы тура­лы ұлы Мұқ­тар Әуезов «жыл келгендей жа­ңа­лық сеземіз» деген. Ол бү­гінгі Мұ­қа­ғалидың ақберен асыл қала­мы­нан тасты бұзып тауды жар­ғандай жойқын қуат алып, әдебие­тіміздің барша құді­ретін та­нытар асау арнаға айнал­ды. Тұ­манбай сон­дай жаңа ұрпақ­тың төлбасы болды. Қазақ ли­рика­сы­ның сары­ауыз балапандай балғын кезінен азуы ал­ты қарыс сам­ұр­ыққа ай­нал­ғанына дейін ұлы шерудің ал­дын бермей ылғи көш басында жүрді. Жан жолдасы Қадыр Мыр­залиев ақын өлгенде қабырғасы қайысып айт­қан ыс­тық лебізі әлі есімізде. Мәңгілік даңқ биігінде қатар жат­­­қан қос арысқа  артын­дағы елі егіле бас иеді. Жырлы дәуренді, нұр­лы дәу­ренді жақсы өткіздің Тұ­ман­­бай. Жайлы жатып, тыныш ұйық­та. Бақұл бол, аға! Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері. * * * БҮКІЛ ЕЛІМІЗ ҮШІН АУЫР ҚАЙҒЫ Мен үшін Тұмағаңның қазасы – құлақ естігенмен, әлі көңіл сенбеген ауыр хабар болып отыр. Тұмағаңдай талантты ақынның  арамызда енді жоқ екенін сезіну жанға батады. Жарты ғасыр бойы тамаша композиторлардың әндеріне, тіпті  кейінгі буынға да өлеңдер жазды. Тұмағаң музыканы терең түсі­не­тін, оның нәзік иірімдерін терең түйсінетін ақын еді. Өзінің еңбе­гімен, талантымен сүйкімді адам еді. Үндемей ғана, монтиып жү­ретін ардақты ағамыз болатын. Қа­зіргі көз алдымызда жүрген ақындардың еңселісі – Тұманбай ағамыз еді. Ол кісі сияқты саз­гер­дің әуенін, әншінің жанын түсі­нетін ақындар сирек. Соңғы елу жылдың ішінде ән жазған қай композиторды алсаң да Тұманбай Молдағалиевтің аты бар. Оның сөздеріне жазылған әндерді орындамаған әнші де сирек. Мен өзім де ол кісінің көп­теген шығармаларын орындадым. Біздің де ел көзіндегі әнші ата­нуы­мызға Молдағалиевтің қосқан мол үлесі бар. Молдағалиев поэзияда өшпес­тей, өлместей мұра қалдырды, ән өнеріне өлшеусіз еңбегін сіңірді деп өзімізді жұбатқанмен, ауыр екен. Өкінішті! Күтпеген күні кетіп отыр ғой арамыздан. Шы­ным­ды айтсам, төбеме мұздай су құй­ғандай қиналып отырмын. Денесін ғана қара жерге қоярмыз, да­рыны сол дара күйінде өмір сүре береді. Иә, Молдағалиев сынды ақын­нан айырылғанымыз бүкіл еліміз үшін үлкен қаза. Бүгін қазақ мә­дениеті үлкен қайғыға душар бо­лып отыр. Өнердегі үлкен бір жай­қалған бәйтерек құлап, саясы­нан айырылдық. Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі. * * * ӘР ӨЛЕҢІ ЖҮРЕГІНЕН ТУАТЫН Тұманбай екеуміз замандас болғандықтан арамыздағы достық қарым-қатынас ешқашан үзілген емес, бірде алыс, ал енді бірде жақын да жүрген жайымыз бар. Бірақ та  Тұманбай туралы пікіріміз өзгеріп көрмепті. Басқа көп­те­ген ақындар ақ қағазға көк сиясын малып оты­рып өлең жазса, Тұманбай тек жүрегімен ғана жазатын еді. Ол өзінің ғажап болмысын бір-екі жолмен ғана айтып түсіндірген адам. Ол өзі: «Қырда менің бір тойым өтіп жатыр, Көңілімнің көкпарын ала қашып» – дейді. Тұманбайдың бар өмірі осы екі жолға сый­­ып тұрған сияқты. Тұманбай өзін халқымен бір­ге, қазағының баласымен бірге сезінген адам. Мен тіп­ті айтар едім: «Тұманбай қалалық болмай кеткен ақын», деп. Осы қаралы хабарды естіген кезде Роза екеуміздің де жүрегіміз шыр­қырап, есімізден та­нып отырмыз. Ақын адам­­­ның сүрген өмірі санмен есептелмейді ғой. Оны пә­лен жас­­қа келіп дүниеден өткен екен деп айта­тын­дай адам емес. Оның енді жаңа өмірі, таза өмі­рі, жа­рық, сәулелі ғұмыры енді баста­лады деп ойлай­мын. Қош, бауырым! Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. * * * СЫРЛАСЫМНАН, МҰҢДАСЫМНАН АЙЫРЫЛДЫМ Тұманбай ағаны екі-үш жас үлкендігі болған соң көке деуші едім. Әрі аға досым санай­тын­мын. Қатар келе жатыр едік. Мы­надай сұмдық та суық ха­бар­ды естігенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Сенбегендіктен, қа­тар жүретін азаматтарға ха­бар­ласып, анықтап білдім. Шы­­­нында да адам сенгісіз жағдай екен. Неге десеңіз, осыдан екі-үш күн бұ­рын ғана сөйлескенмін. Өзіміз жағдай айтысып, хал сұрасып күнара хабарласып тұ­ра­тынбыз. Мұндай жаманат бола қояды деп өзі де, мен де ой­ламаған едік. Сөйлескен сайын өмір, өлең туралы ұзақ әңгіме шертетінбіз. Кейде таң алдында телефон соғып «түнде бір өлең жазып едім, тыңдап жіберші» деп отыратын еді. Оның үстіне денсаулығы жақсы болатын. Мұ­қағалидың, Қасымның мерей­той­ларына барды. Мен телефон соққанымда Екібастұзға жүргелі отырмын деген еді. Осы жасқа келгенше көпті көрдік, көп адаммен араластық қой. Бірақ біздің Тұмекең біреуге қиянат жасапты, жаман сөз ай­тып­ты дегенді ешқашан естіген жоқпын. Кейде өлеңдерін, естелік­терін айтып отырып: «Осы адам жайлы жаман сөз айтып қой­ға­ным жоқ па?» деп үнемі алды-артына қарап жүре­тін еді. Сонда: «Ой, Тұмаға, пенде болған соң анда-санда айта­мыз ғой», дей­тін­мін. Көрдіңіз бе, осылай көкіре­гін таза ұстайтын, адамға тек жақ­­сылық болсын деп тұра­тын адам еді. Жақ­сы­лықтың бәрі менде ғана болсын деп емес, өз­геге де тілеп жүре­тін. Енді, міне, ос­ын­­дай тілеулесімнен, сырла­сым­­нан, мұңда­сым­нан айырылып қалдым. Жазмыш деген осы. Өлім деген айтқызбай келеді. Тіпті, жө­пел­де­меде аузыма сөз де түспей тұр. Қа­тар жүрген бізге, заман­дастарына ғана емес, иісі қа­зақ­тың, алты алаштың қабырғасын қайысты­ра­тын қаза болды. Иә, қазақтың аса дарынды үлкен ақы­­нынан айыры­лып қалдық. Жа­ны жәннатта, има­ны кәміл, жат­қан жері торқа, топы­рағы жеңіл бол­сын... Сәкен ИМАНАСОВ, ақын. * * * ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫНЫҢ КОРОЛІ ЕДІ Осы бір суық хабарды естігенде қазақ поэзиясының тағы бір алтын ұстыны құлап түскендей күй кештім... Менің бірден көз алдыма Қадыр ағаны жерлеп келгеннен кейін жұрттан оқшау шығып, қамығып, жабығып отырған Тұ­ма­ғаңның бейнесі келді. Әбден қажып, құлазып қалыпты. Қасына барып, иығына қолымды салып, көңіл айттым. Жалғыз мен емес, көп адам солай етті. Не бол­ған­да да ол поэзия шалқарындағы сыңарынан айырылған аққудай болып қалып еді. Сонан кейін мен ол кісіні Мұқа­ға­лидың тойында да, Қасымның тойында да көрдім. Бірақ Тұмағаңның жүзіндегі кір­бің кетпей-ақ қойды... Тұманбай Молдағалиев қазақ лирика­сы­ның королі еді. Тұла бойы тұнып тұр­ған сезім болатын. Махаббат пен сүйіс­пен­шіліктен жаратылған жан еді. Оның ли­рикаларынан құс қанатының сусылы, жел­дің уілі, судың сылдыры, жапы­рақ­тар­дың сыбдыры естіліп тұратын. Дү­ниедегі тебіреністер мен тербелістердің ақыны еді... Енді бұдан былай ғұмыр бойы жан жү­регі көктем болып өткен Тұмағаң туралы өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті-ақ. Қош бол, Тұмаға! Темірхан МЕДЕТБЕК, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. * * * ҚОШТАСУ Еһ, Тұмағам, Тұмағам! Өлең үшін өкпе айтады кім оған. Жалғыз жырға автор болсақ деуші едік, Тұмағаңа тұтасымен ұнаған.   Еһ, Тұмағам, Тұмағам! Күлімсіреп қараушы еді күн оған. Жүрегің де таза еді ғой күнәдан. Сенің сырың ортақ еді қазаққа, Шөлімізді бастық кәусар тұмадан.   Еһ, Тұмағам, Тұмағам! Өлең көштің басында едің шұбаған, Биік едің дүдамал мен шүбәдан. Жырыңды оқып қуанады қазағың, Әніңді айтып жұбанады жылаған.   Еһ, Тұмағам, Тұмағам! Мәңгі-бақи жүретіндей дін аман, Саулығыңа болды сенің кім алаң. Сен есікті қақпай кіріп келуші ең, Сақтаулы еді әр үйдегі сыбағаң.   Шырқау көкке шығып алып, құлады ән, Ажал мәңгі. Құтылады кім одан. «Кетерінде жылай да алмай қалыпты-ау», Жырлау үшін жаратылған ұлы адам, Еһ, Тұмағам, Тұмағам! Жүрсін ЕРМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.