Кострома мен Ярославльдің ар жағында, Карелия мен Архангельскінің бер жағында жатқан іргелі облыстың бірі, Ресейде сары майымен атағы шыққан Вологда өңірінде де қандастарымыз тұрады. «Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған», деп ақын Тұрсынай Оразбаева жырлағандай, отандастарымыз өздерінің бар екендіктерін соңғы жылдары қоғамдық ұйымдар құру арқылы білдірді. Әуелі Вологда қаласында, кейін Череповец қаласында қазақтардың жергілікті ұлттық-мәдени автономиясы құрылды. Оларға Дариға Родина мен Мақсұт Сейіткереев есімді жерлестеріміз басшылық ете бастады. Бұдан кейін Вологда қазақтары үстіміздегі жылдың бас кезінде өңірлік ұлттық-мәдени автономияға (ӨҰМА) бірігіп, қоғамдық ұйымдарына «Елім-ай» деп ат қойды.
– Вологдада қазақтар аз, аз болсақ та, мәдени автономиямыздың алға қойған мақсат-міндеті – отандастарымыздың азаматтық, экономикалық және мәдени құқықтарын іске асыру, халықтық ерекшелігімізді сақтап, ана тілімізді, ұлттық мәдениетімізді дамыту, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, ұлттық дәстүр-салтын ресейліктерге кеңінен таныстыру, – дейді Вологда қазақтарының жетекшісі, Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайына қатысқан Дариға Елемесқызы. – Барлық іс-шараларымыз осы бағытта жүргізілетін болады. Болашақта Вологда жерінде бірінші рет Наурыз мейрамын атап өтуді ойластырып отырмыз. Қазір Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясымен (РҚФҰМА), басқа да өңірлік қазақ қоғамдық ұйымдарымен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас орнаттық.
Айтса айтқандай, Вологда қазақтарының тұңғыш қоғамдық ұйымының ресми беташар рәсіміне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің бастауымен Самарадан РҚФҰМА президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев, Қазаннан Татарстан Республикасындағы «Қазақстан» ӨҰМА жетекшісі Сағит Жақсыбаев, Орынбордан облыстық ҰМА басшысының орынбасары Әміржан Төлеубаев, Челябіден «Бірлік» қазақ орталығының вице-президенті Қарлығаш Игимбаева, Санкт-Петербургтен ӨҰМА төрағасы Мұхтар Антеев, Мәскеуден «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев, Алматыдан «Туған тіл» журналының жауапты редакторы Жанар Мұқашева қатысты.
Делегация мүшелері Вологда облысының үкіметінде болып, олармен облыс губернаторының орынбасары Владимир Касьянов әңгімелесті. Кездесуге облыстың халықаралық және өңіраралық байланыстар басқармасының, сыртқы экономикалық қызмет басқармасының басшылары мен мамандары қатысты. Басқосуда ресейліктер Вологда облысының әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық әлеуеті жөнінде кеңінен әңгімелесе, делегация басшысы Т.А.Мамашев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атқарып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады.
Вологда қазақтары да қосылған делегация мүшелерін Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков қабылдады. Елшімен кездесу барысында елшілік пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы арасындағы өзара байланысты бұрынғыдан да дамытып, Ресейдегі қазақ қоғамдық ұйымдарының жұмысын жетілдіру жайы, олардың өзара ынтымақтастығының, отандастарымыздың ана тілін оқып-үйренуге деген ұмтылысының көптеген өзекті мәселелері талқыланды.
Серікқали БАЙМЕНШЕ.
Ресей.