Тұтынушыларды су, жылу және электр энергиясын үнемдеуге, ал осы коммуналдық қызмет түрін өндірушілер мен таратушыларды нормативтік шығындарды төмендетуге және өз жұмыстарының тиімділігі мен сенімділігін арттыруға үйрету басты мақсатымыз бен міндетіміз, деп түйіндеді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов өзінің жақында болған Ақтау қаласына сапары туралы БАҚ өкілдеріне айтқан әңгімесін.
Еліміздің монополияға қарсы күрес агенттігінің басшысы мұнда «ТКШ-ны тариф саясаты арқылы модернизациялау» деген тақырыпта кеңес өткізді. Осы кеңесте адамдарды коммуналдық ресурстарды ұқыптылықпен пайдалану рухында тәрбиелеу туралы ғана сөз болған жоқ, сонымен бірге салаға қатысты басқа да мәселелер тілге тиек етілді.
Тұтынушыларға келетін болсақ, оларды үнемшілдікке үйретудің басты мәселесі коммуналдық қызметтерге екі сатылы, ал кейіннен үш сатылы тарифтер енгізу болып табылады. Яғни, бұл қызмет түрлерін тұтынудың нормативтік шығындарын, онымен қоса бұл шығындарды тарату жүйелерінің жүктемелері осы кеткен уақытта өсіріп жіберген тұтынушылар үнемшілдік жасайтын азаматтардан әлдеқайда көп төлем төлейтін болады. Ал табиғи монополистер тарапына Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (ТМРА) негізсіз өздері көрсететін қызмет түрлерінің бағасын арттыруға тосқауыл қою болып табылады. Негізінен бұл өздерінің өндірісті қайта құру және модернизациялау жөніндегі бағдарламаларын орындамаған коммуналдық монополия субъектілеріне қатысты.
Нұрлан Алдабергенов өзінің баяндамасында Ақтау қаласының тиісті кәсіпорындарында қайта құру және модернизациялау бағдарламалары, сонымен бірге коммуналдық қызмет түрлеріне сараланған тарифтер енгізу жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылуда, деп атап көрсетті. Мәселен, Ақтау қаласында биылғы жылдың басынан бері осындай шаралардың нәтижесінде 21 миллион теңгеден астам электр энергиясы, 8 миллион теңгеге жуық немесе 50 мың текше метр су үнемделген. Су үнемдеу Маңғыстау өңірі үшін маңызды мәселе болып табылады. Себебі, мұнда судың тарифі жоғары, әрбір текше метрі 190 теңгеге жетеді. Қазірдің өзінде екі сатылы тариф енгізу нәтижесінде электр энергиясын үнемдеу тиімділігі еліміз бойынша 2 миллиард теңгеден асты. Болашақта үш сатылы тарифке көшу жоспарлануда. ТМРА басшысы әсіресе «Маңғыстау электр желілері бойынша таратушы компаниясы» АҚ-ның жұмысына жоғары баға берді. Жылдан жылға бұл кәсіпорын электр энергиясының нормативтік-техникалық шығындарын азайтып, өзінің энергетикалық қуатын және жұмыс сенімділігін арттырып келеді.
Егер 2006 жылы нормативтік-техникалық шығындар 9,52 пайыз болса, 2010 жылы ол 8,4 пайызға төмендетілді. Бүгінде «Маңғыстау электр желілері бойынша таратушы компаниясы» АҚ-ның тарату желілеріндегі электр энергиясының шығыны еліміздегі Ақмола электр желілері бойынша таратушы компаниясынан басқа 14 энергетикалық компанияның ішінде ең төмен болып табылады. Сонымен бірге, «Маңғыстау электр желілері бойынша таратушы компаниясы» АҚ-ның тарифтары еліміздегі ең төмен тарифтерінің бірінен саналады. Одан тек Шығыс Қазақстан және Жезқазған электр желілері бойынша таратушы компаниялары тиісінше 3,85 пайыз төмен.
«Маңғыстау электр желілері бойынша таратушы компаниясы» АҚ жұмыс істеп тұрған қосалқы стансаларды қайта құру және жаңа стансалар салу жөніндегі бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыруда. 2005 жылдан 2010 жылға дейін бұл өңірде 9 энергетикалық нысан салынды және қайта құрылды. Осының нәтижесінде компанияның электр желілерінің қуаты өсіп, 395,5 МВА жетті. Бұл жерде ерекше атап көрсететін маңызды мәселе, бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін компания өз қаржылары арқылы инвестиция салып келді және бұл үрдісті одан әрі жалғастыруда.
Нұрлан Алдабергенов өз сөзінде тарифті өсіруді жақтамайтындығын айта келіп, бұл мәселеде объективті экономикалық факторлардың бар екендігін, оны назарға алмауға болмайтындығын атап көрсетті. ТМРА табиғи монополистердің тарифтік саясатының барынша ашық болуына қол жеткізу үшін күресуде. Солай бола тұрса да, коммуналдық тарифтерге төленетін шығындарды азайтудың ең сенімді жолы – бұл барлық тұтынушылардың өздері пайдаланатын коммуналдық ресурстарын үнемдеуі және өндірушілер мен тасымалдаушылардың нормативтік шығындарды тұрақты түрде азайтуы болып табылады.
Виктор ГУМНИКОВ.
Ақтау.