Шымкенттің шығыс жақ беткейін төске алып, қалаға соқпай өтетін айналма жолмен жүрген жолаушы алдынан кілең көк шатырлы, маржан тістердей қатар сап түзеген, бір келкі салынған еңселі үйлерді көргенде еріксізден темір тұлпарының тізгінін тарта берер. Кешегінің қалың жылқысын суға жапса өзен тартылып қалатын бай-манаптарының бүгінгі тұқымдары елден ерекшеленіп бөлек отау көтеріп алған ба деген ой да санада қылаң берер.
Қателесесіз-ау. Кешегінің де, бүгінгінің де мыңды айдаған байларының бұл көрікті ауылға еш қатысы жоқ. Бұл – атажұртқа оралған, оралып жатқан, әлі де салқар көші тоқтамайтын өз бауырларымыздың ауылы.
“Асар” ауылына, бүгінде қалаға қосылып шағын ауданға айналып жатқан елді мекенге бұрын да талай жолымыз түскен. Жақында тағы бардық. Ауыл адамдарымен тілдесіп, тіршіліктерімен таныстық. Бұл ағайындардың шекараның арғы бетінен қойына салып келген тайтұяқ алтындары жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатыр. Қоңыр күй, қоңыр тіршілік. Бірақ, оралман едім, сыбағам қайда деп биліктің есігін қағып өңмеңдеп жүрген ешқайсын көрмейсіз.
Солардың бірі – Өзбекстаннан ата жұртына көшіп келген Қуатбек Әуесбаев ақсақал. “Егемен Қазақстан” газетінің әр нөмірін жібермей оқитын, ең салиқалы дана газет деп баға берген ағамыз 2008 жылы осы жерден заңды жер телімін алыпты. Обалы кәне, Өзбекстанда ешкім бөтенсіткен соң дейді өзі. Бірақ, қазақ мектептері жабылып, жаппай өзбек тіліне көшіріле бастағанда ұрпағының ертеңін ойлаған азамат “ендігім кеш болады” деп жылы орнынан қопарыла қозғалыпты.
Мұнда қиын болатынын білген. Білсе де аялдары жоқ еді.
– “Асар” бағымызды асырды, – дейді ақсақал. – Жақын-жұрағаттардан “Асарда” оралмандарға жер беріліп жатқанын естігеннен кейін біз де келдік.
“Корпорация АҚ ордасы” ЖШС басымызға екі қабатты коттедж көтеріп берді. Есік алдына үш сотық жылыжайымыз бар. Тегін емес, әрине. Бәрі заңдық жолымен несие арқылы өтеп жатырмыз.
Қуатбек ағаның екі қабат үйі мен жылыжайын қосқанда құны 70 мың долларға жуықтайды екен. Сөз ауанында айта кетейік, бұл қалалық жер үшін кісі қызығардай арзан баға. Ақсақал “Тұрғынүйжинақбанкінде” осы үйдің жарты құнын өз есеп-шотында бес жылда жинақтап төлейді де, қалған сомасын 4,5 пайызбен өтейді.
Екі жаққа да жеңіл. Әуесбаевтар әулетінің “Асарда” тұрып жатқанына екі жыл болған екен.
– Алғаш қала орталығынан көшіп келгенде сәл-пәл тұрмыстық қиыншылықтар болды. Сол кезде бала-шағам қайда келдік деп біраз тоңқылдап еді, қазір бұл ауылдан аттап басқысы келмейді, – деп күледі ақсақал. Ыстық, суық суы бар екі қабат үй. Жарық келіп тұр, газ қосылғалы жатыр. Жолдардың бәрі асфальтталған. Тротуар да бар. Сәулетті мектеп, сәнді балабақша жұмыс жасайды. Ұлы Мансұр, келіні Кәмила бірі бухгалтер, бірі мұғалім. Екі немеренің үлкені Азизбек мектепте, Айбек балабақшада. Зайыбы Тамара екеуі солардың тілеуін тілеп отырған жайлары бар.
– Атамекенге бізді сағыныш жетелеп әкелді, – дейді ақсақал. – Әйтсе де айтар әңгіме, көтеретін мәселе жетпегендей бір топ халық қалаулыларының сыртымыздан көңілсіз әңгіме айтқанын естігенде табанының астындағысынан басқаны көрмейтін ағайын үшін ұялдық. Апыр-ау, екі-үш сыныптық білімі бар қойшылар болса бір сәрі. Мұнда жалғанды жалпағынан басып жүрген ешкім жоқ. Бәрі жанкештілік еңбекпен келіп жатыр. Елге ел қосып, ешкімге телмеңдетпей жағдайын жасап жатқан анау Сағидулла, мынау Қалдандарға, осы көшті бастап келген Қалыбековтер әулетіне мың да бір рахмет. Бір-бірімізге жабыстыратындай еш туысқандық байланысымыз жоқ. Ел ішін ірітетін осындай ірің әңгімелерге жол бермес үшін ақиқатын жабық есік жағдайында талқылап алғаны жөн болар еді.
Ақсақалдың күйінішіне ештеңе дей алмадық. Көлеңкелі жақтардан гөрі елдің жақсылық жағын көбірек көргісі келетін басымыз осынау әңгіменің ел ағаларының аузынан шықпағанын қалағанымыз рас. Сегізінші сыныпта оқитын аңқаулау ұлымыз бар. Бір сыныптасының әңгімесін айтып отыр. “Анау рудың балаларымен дос болма. Олар арам. Мен ешқайсымен дос болмаймын” депті бесіктен белі шықпаған әлгі бозбас. Үйдегі әңгіменің салқыны. Басқа не дерсің. Аз қазақ бірін-бірі бөліп, осылай қырбай болып жүрсе жетіскен-ақ екенбіз.
Осылай кете берсек, бұ қазақ үйінің түтіні түзу шықпай, кері шалқитыны, үйдің ішін көк ала түтін қылатындығы анық.
Онсыз да осындай бөлінушіліктен үдірейіп тұрған елдің репетін алмай, Қуатбек ақсақал айтқандай жабық талқылап, кінәлі жандар болса сосын-ақ жонынан таспа тілсейші.
Осы көштің басында тұрған “Корпорация АҚ ордасы” ЖШС-нің президенті Ибадулла Қалыбековті бір кісідей білетін едік.
Өзбекстанда ірі қызметтердің құлағын ұстады. “Агроөнеркәсіп” кешенін басқарған азаматты көрші ел Президентінің ең жақын адамына балайтын жайттар айтылатын. Шеттегі қазақ баласы мансаптың ең майлы құлағын ұстап тұрып, астынан су шыққандай осының бәрінен безіп, елге неге келді?! Қазақтың өзге ұлтқа айналмағанын жанымен қаламаған асыл азамат туралы әңгіме қозғалған болса, нақ осы қасиетінен басталу-ақ керек еді. Өзбекстанда әке-шешесі қазақ, бала-шағасы өзбек ұлты болып жазылған отбасылар көп. Дәулет деген жігіт өздерінің сондағы жақын ағайынының баласына: «сен өзбек емес қазақсың ғой” десе, әлгі байқұс “Дәулет ака, өзіңіз біліп тұрсыз ғой” деп ұлтын айтқысы келмей қашқалақтайды дейді. Ұлттық қасірет деген осы!
Ибадулла Қалыбеков сол қазақ айнымасын деп ауыл-ауыл болып көшіріп алудың басында жүрген азамат. Өзі үлкен мансапта жүргендіктен өз бауырларын, достарын Қазақстанға жіберіп, орналасатын жер шалуға жіберетін.
Бүгінгі “Асар” отырған жерді алуға көмек берген сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Серік Үмбетов екендігін ризалықпен айтады. Осылайша 2800 отбасыға жер телімдері мемлекеттік акт алудан басталған.
Ол адамдардың барлығы бірден қопарыла көшіп келе алмайтындықтан, құжат рәсімдеуге айлап жүре алмайтындықтан бәрінен нотариус арқылы сенімхат алып, достары мен бауырлары Шымкентте пәтер жалдап жүріп құжаттарды дайындаған.
Ибадулла түнде келіп, жұмыстарға бақылау жасап жүреді екен. Түбінде үлкен құрылыс басталарына сенген азамат құрылыс бригадаларын құрып, жұмысқа тартады. Несие алады. Екі жылда Қазақстанда жұмыс жасаған сол құрылыс компаниясы мінсіз қызметімен сегіз миллион долларға дейін табыс табады. Қарақан басының қамын ойлаған жан болса, көші-қон мәселесімен мемлекеттің өзі айналыссын деп осы жерден қоя салған болар еді. Бұл өйтпепті. Бастапқы мақсатынан айныған жоқ. Ұлтжанды азамат Серік Үмбетов берген жерге құрылыс базасын орнықтырғаннан кейін автобустар ұйымдастырып, Өзбекстаннан 2500-дей азаматты алып келіп, ас берген.
“Еліміз бізге 324 гектар жер берді. Осы жерге үй салып, өзімізге де жұмыс орындарын ашуымыз керек” деген.
Өзбекстандағы ағайынның сәулетті үйді өз қаржысымен салуға жағдайы жоқтығы айдан анық. Олардың көрші елдегі үй орманы, қора-қопсысы толайыммен сатқанда ештеңеге арзымайды. Осының бәрін ескерген Ибадулла көпшілік алдында сөз алып, “Әкеміздің аманаты елді атажұртқа көшіру еді. Бесеуіміздің де жағдайымыз жақсы, тұрақты кәсібіміз бар. Егер сіздер мақұл көрсеңіздер үйлерді салуды өз мойнымызға аламыз” дейді. Көктен сұрағанын жерден беріп тұрса, ел неге қарсы болуы керек. “Асар” ауылы осылай басталып кеткен. Үй салуда мемлекетке салмақ салынбады. Жерді кепілге қойып, 75 млн. доллар несие алған. Алайда, дағдарыс кезеңі көңілдегі көрікті ойды іске асыруға қатты-ақ тосқауыл болған. Қиындықтан Елбасы құтқарып кетті. Ибадулла Мемлекет басшысына хат жазып, жобаның аяқталмай қалатын қаупі бар екенін, бұларға сеніп Өзбекстанның азаматтығынан шыққан 19 мың адамның тағдыры қиынға айналғанын айтып, көмек сұраған.
Нұрсұлтан Әбішұлы Оңтүстікке келген сапарында “Асарға” барғанда айтылған әңгімелерге өзіміз де куә болғанбыз. Ол кезде салынған үйлердің қарасы оннан аспайтын. Бірақ, кереметтей сәнді еді.
Елбасыға несиеге салынып жатқан, қайтарылуы жылыжайлар арқылы шешіліп жатқан жоба ұнады. Осылайша “Нұрлы көш” бағдарламасы дүниеге келді. Мемлекет үй мен жылыжай салуға несие бөлді.
Бүгінде екі мыңға жуық үй салынды. Оның алпыс пайызға жуығы екі қабатты.
“Корпорация АҚ ордасы” ЖШС салып жатқан үйлердің 1 шаршы метрі 369 доллар. Бұл өте төмен баға. Мемлекет тарапынан жасалған сараптамада осындағы үйлердің бір шаршы метрі 837,4 долларға тең екендігі анықталған. Бұл баға қалайша төмендетілді? Бұл сұраққа жауапты серіктестік басшысы Сағидулла Қалыбеков былайша түсіндірген. Құрылыс монтаждау жұмыстары 653,2 доллардан өңдірістің өз ішінде болуы нәтижесінде 54 пайызға төмендеген. Яғни, 300,2 доллар шамасына түсті. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс күшін пайдалану нәтижесінде жалақы үнемделген.
Серіктестік металл мен цемент болмаса, қалған құрылыс материалдарын өз базасында дайындайды. Өздеріне салынып жатқаннан кейін басшыдан бастап қосшыға дейін тиын үнемдеп үйренген. Азық-түліктің көпшілігі өздерінде дайындалады.
“Асарда” жақын жылдарда бес ірі өндіріс орны ашылғалы жатыр. Қазір Қазақстанда алтын астық қамбаға сыймай, ашық аспан астында қалатындай қаупі бар. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі күйі Крыловтың мысалындағы қыс келерін білмеген шегірткенің жаңбыр жаумай су болған түріне көбірек келеді. Көкөніс сыймай жатса ол да қауіп. “Асарда” облыстың көкөнісін сақтайтын, сұрыптайтын, қаптайтын алып қойма салынап жатыр.
Америкалықтармен бірлесіп, тоқсан бес пайызы зауыттың өзінде құрастырылатын құрама үйлер салуды қолға алынуда. 1 шаршы метрі 300 доллар. Қыста жылы, жазда салқын. Әлемдік тәжірибеден өткен осындай арзан үйді Қазақстанды он айналсаң таппайсың.
Сонымен қатар, Қытайдың жаңа технологиясымен бір жылда 7,5 мың үй салуға жететін, цементті көп керек етпейтін экологиялық газоблок шығаратын зауыт іске қосылады.
Ал, жылыжай мәселесі – өз алдына бөлек тақырып
Ұсынып отырған жоба 5 жылға жоспарланған. Әр жылы ауданы 1 000 га егіндік жерге, әрбірі 0,1 га болатын 10 000 жылыжай орналастыру көзделген. Әрбір жылыжайдың жанында 35 шаршы метрге орналасқан тұрғын үй салынады. Көлемі 0,1 га жылыжай мен 35 шаршы метр тұрғын үйдің өзіндік құны 35 000 АҚШ доллар құрайды.
1 гектар жылыжайдың жылдық табысы 40 мың долларға тең екендігін ескерсек, бұл жоба өзіндік құнын бір жыл ішінде өтеп шығатынын байқауға болады.
Жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек. Біріншіден Мемлекет тарапынан:
– тиісті көлемде жер бөліну;
– сумен, электр энергиясымен, жолмен қамтамасыз етуді қаржыландыру;
– 0,1 га жылыжай мен 35 шаршы метр тұрғын үйді сатып алушыларға 5 жыл мерзімге несие ажырату;
Екінші, компания тарапынан:
– жалпы құны 35 мың доллардан аспайтын 1 гектар жылыжай мен 35 шаршы метр тұрғын үйден жылына 10 мың дана құрып беру;
– осы жылыжайларды тұтынушыларға қажетті сервистік қызмет көрсету міндетін атқарады.
Бір жылда 1 000 гектар жерге 10 000 жиынтық үй мен жылыжай салу үшін кететін қаражат 350 000 000 доллар. Ал, осы жерден бір жылда алынатын табыс 400 000 000 долларын құрайды екен.
Оcы тәсілмен көкөніс шаруашылығын дамытуымен қатар, жылына 40 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге болады.
Атажұртқа оралған ағайындардың ауылынан жан жадырап қайтты. Алтын құрсақ Оңтүстіктің ең үлкен байлығы – халқы. Сол өсімтал халыққа ең бірінші керегі – үй. Ал, оныңыздың ең арзан, сапалысы “Асарда” бар. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, әлемдегі жақсылық атаулыдан еліне жырымдап тартқан осындай азаматтарды ардағым десең жарасар.
Кісі елінде сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болуды қалаған осындай азаматтардың бағасын біліп, кешенді жұмыстарын бөлек-бөлек тақырып етіп, көтеріп жатсақ бір қолын екі ете алмай жатқан талай басшыларға ойтамызық болар еді. Серіктестік орынбасары Қалдан Нарқұлов “күндізгі түсте ұйықтап алатын едім, сіз келем деген соң жұмысқа шықтым” дегенде сәл тіксініңкіреп қалып едік. Мұнысы несі деп. Ағат ойлаппыз. Бұл ауылда тәулік бойы үш кезекпен жұмыс жасалынады екен. Үш мыңға тарта жұмысшысы бар, ауылдағы ағайынға жұмыс тауып беріп отырған корпорация екі жылда екі мыңға тарта сәулетті үйлер салды.
Бүгінде “Нұрлы көш” бағдарламасына ұласып, республика үлгі ететіндей жағдайға жетіп отырған ауылдың арғы сырына осылайша үңілсеңіз, елім деп еміренген азаматтардың атқарып келе жатқан ісіне жүрегіңіз жылып қоя береді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.