Өтежан Алшымбаев ақсақал туралы ой-толғау
«Тұтқа», «ел тұтқасы» деген қазақтың қасиетті сөздері өздерінің терең мағыналы, қасиетті ұғымдарымен маған тым ертеден таныс еді. Елге тұтқа бола аларлық қайраткер мемлекет дәрежесіне қандай қажет болса, жеке аймақтарға, тіпті шағын ауылға да соншалықты қажет екенін байқап жүрміз. Оларсыз ел ел бола алмайды екен.
Мен осы мақалада сондай адамдардың бірі туралы айтпақпын. Бұл кісі қиын кезде Маңғыстау бұйдасының бір шеті қолында болған, халқымыздың мұңы мен зары жүрегінен өткен қайраткер болатын.
...1958 жылы онжылдық мектепті аяқтап, осы өлкеде мамандық алуға мүмкіндік берген алғашқы оқу – жүргізушілік курсқа түстік. Оны 1959 жылдың маусымында бітіріп, Таушық автобазасына аз ғана уақыт, одан Маңғыстау аудандық партия комитетінде жүргізуші болып орналастым. Маңғыстаудай байтақ елді басқарып отырған аудандық партия комитеті басшысының жап-жаңа ГАЗ-69 машинасына ие болу жас бала үшін мақтанарлық дәреже еді.
Осы жерде оқыған, білімді ағалардан тәрбие алып, адамдарға, жас жігіттерге артылар сенім түрлерімен таныс бола бастадық. Кісілік мектептен өткендей болдық...
Маңғыстаулықтар Қазақстанның ең қиыр шетінде жатқан темір жолы мен автомобиль жолы жоқ, радиосы мен телефоны да түсініксіз, суы мен отыны да тапшы, өзен ақпайтын, егін шықпайтын жерде өмір сүретін жандар. Бірақ олардың өздеріне де, өз өлкесіне де өкпесі жоқ болатын. Қажет болса елін қорғау үшін қолына найзасын алып зеңбірікке қарсы шабатын бабаларымыз солай өткен. Иә, патша өкіметіне қарсы 1870 жылғы Иса-Досан ұлт-азаттық көтерілісі, Кеңес өкіметіне қарсы бірнеше рет болған «адайлар көтерілісі», 1988 жылғы «Жаңаөзен ереуілі» секілді қозғалыстар халқымызға тәуелсіздік пен ұлт намысы сияқты қасиетті ұғымдарды еске салумен болды емес пе. Бұл оқиғалар халық болмысын сергек ұстауға қалыптастырды...
Осындай төңкерісшіл мінездерінің әсерінен болса керек, Кеңес өкіметі Маңғыстау аймағына бірінші басшыларды кілең басқа жақтардан қойдыратын еді. Үшінші, кейде екінші дәрежедегі басшылар ғана жергілікті адамдардан таңдалатын... Солардың бірі Өтежан Алшымбаев аға еді. Мен жүргізуші болып орналасқан кезде Өтекең Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшысы-тын.
Біз Өтежан ағаны сол 1960 жылдан бері білеміз. Осы елу жыл ішінде алғырлығы мен саясаткерлігі, білімі мен өнері арқасында Өтекең өз елінің шылбырынан қол босатқан емес. Ол ұстаған тізгін халқының тынысын тарылтпады, қамшысы халқының сауырына батпады.
Ол тек қана әкім емес – халқының ақылшысы да, ел өнерінің қамқоршысы да бола білген кісі. Шешен де, ойлы сөйлейтін Өтежан аға басқа өнерлерден де құр болмайтын. Мен білгенде Өтекең алдымен ақын болатын. Жергілікті жыр сүлейі Сәттіғұл Жанғабылов өлеңдерін әуелі осы кісі оқып, пікірін біледі екен деп еститінбіз. Өтекең ақындық қаламын жасы тоқсанға келген қазіргі шағында да қолынан түсірген жоқ. Ол тек ақын емес, өнер зерттеушісі, сарапшы да.
Бір күні машина ішінде келе жатып қасындағы кісіге (кім екенін ұмытыппын) Қуандық Шаңғытбаев деген ақынның өлеңін жатқа айтып, таңдана, әсерлене талдап келе жатқаны есімде қалыпты. Өтекеңнің: «Қуандық ақын тамаша лирик қой», деп тамсанғаны есіме түсіп отыр. Мүмкін, кейін ақын атанған бізге, өлең оқудың адам жанына керектігі, оқып қана қоймай, әр сөздің дәмін ала білу қасиеті асылы, осы Өтекеңнен жұққан болар?..
Біз білетін Өтекең жас болып көрмеген секілді. Жігіт кезін Ұлы Отан соғысының арпалысымен өткізген ол еліне бірден ержетіп оралғандай. Қалай жас болсын? Жастық қызығын қызықтатар заманы болды ма? Төңкеріс, оның соңынан ел басына түскен зауал жылдар, соған іле-шала жалғасқан соғыс, шыбындай қырылып жатқан замандастарының тағдыры – осылардың барлығы ойлы кісіні жастық жайбарақаттықтан ересектік сергектікке бірден көтеріп тастаған болар. Басқа түскен заман ойраны мен өкімет озбырлығы талай-талай ойларға да жетектемеді деймісің?
...Біз білетін Өтекең қате басып та көрмеген болар. Олай істеуге қақысы да болмаған секілді. Туған жұрты өкіметтің қаһарына ұшырап, бұл елден басшылыққа адам ұсынылынбасын деп құпия қаулы шығарып, ұзақ жылдар бойы кім қашан қате қадам басады деп аңдып отырған аждаһаның аузында өмір сүрген жанға бір қадамын қате басуға бола ма?
...Біз білетін Өтекең байлыққа да қызықпаған секілді. Түркіменстан құмдарынан Астрахань мен Атырауға дейінгі, Каспий теңізінен Арал теңізіне дейінгі кең алқапты мекендеп жатқан бауырларының өз малын өзі азық ете алмай, тіпті аңына дейін аулауға тыйым салынған заманда бір шаңырақтың емес, тұтас елінің ашқұрсақ өмір сүрген кезі де оның көз алдында өтіп еді.
Бір отырыста бір қойдың етін жалғыз өзі түгел тауысып кете беретін ерлерінің бір тойынып тамақ іше алмағаны ойлы кісінің жанына батпады деймісің? Қыз-келіндерінің, апа-жеңгелерінің иіні бір бүтінделмей, жыртық күпімен өмірін өткізгені оның жанын жараламады деймісің?
Мұндай жағдайлар азамат ретінде Өтекеңнің талай рет жанын да жаралаған, ел басшысы ретінде талай рет арын да азаптаған болар.
Басқа жұрт жаппай жоғары білім алып жатқанда қиян шетте қалған бұл өлкенің небір талантты жастарының қой соңында жүруі де ел басшысының санасына салмақ түсірмеді деймісің?
Өтекеңе өмірден осындай «сыбағалар» тиді. Ол бар өмірін халқымен бірге өмір ауыртпалығын арқалай жүріп өткізді. Сонымен бірге арқасында тұрмыс жүгі болған оған елдің жұбатушысы әрі қамқоршысы болу міндеті қоса жүктелді.
Өз ошағымыздан бір мысал келтіре кетелік...
Маңғыстау елінің 60-шы жылдардан бастап жағдайы түзеле бастаған болатын. Жетібай мен Өзен мұнайы халыққа киім болып иығына жабылып, нан болып қарнын тойғызып, ақша болып қалтасына құйылып жатты. Шаруаларға да азды-көпті мал біте бастады. Біздің әкеміз сол жылдары «жылқылы бай» атанып, Жаңаөзен қаласы маңында тұратын. Мал өкімет рұқсат еткен мөлшерден көп болмауға тиіс. Тіркелген тұяққа шаруа «ет салығын» төлейді. Өкіметтің ет жоспарын орындау – басшылар үшін заң.
Өтежан Алшымбаев секілді ойлы басшылар жекеше мен өкіметтің қамын жарастыра ойлайтын. Бір жолы әкем Өтекеңнің сұрауы бойынша (Жаңаөзен қаласының жоспары орындалмай жатса керек) екі тоннаға жуық ет тапсырғанына (үш жылқы, бір түйе) куә болып едім. Өтекең ризашылығын білдіргенде әкем: «Бұл малдар сіздердің арқаларыңызда өсіп, көбейіп жатыр. Милиция жіберіп, күнде қоқаңдап отырсаң, байтал түгіл бас қайғы болар еді. Қайта сіздерге рахмет, жерге ие, елге тұтқа бола алдыңыздар», – деп жауап қатып еді.
Ол кезде көп мал ұстауға тыйым салынған. Заңды орындау Өтекең секілді жергілікті өкімет адамдарының қолында. Менің әкем секілді азды-көпті малы бар жекешелер қозы-лағы жоқ таныстарының аттарына жаздырып, өкімет заңын айналып өтіп жататын. Өтекеңдер соған жол беретін.
Бірінші рет Өтекеңді «ел тұтқасы» деген сөзді мен әкемнен сол кездерде естіппін. О кісінің түсінігінше, ел билігі Өтекең секілді кісілердің қолында тұрғанда өкімет қаһары да, заң қаттылығы да, заман да қауіпті емес екен. Заңды да, заңнан ауытқушылықты да ақылмен басқара білсе – билік басындағы қайраткер өнері сол екен. Сондай жандар «ел тұтқасы» аталады екен...
Өмір бойы ел басқарса да халқынан да, өкіметтен де бір ауыз қарғыс естімей, осы жылы тоқсанына жеткен Өтекең асылы, өте өнерлі жан болса керек. Қазақ байтағында кейбір ұрдажық басшылардың: «Анау Мағжанның өлеңін оқыпты, мынау Бұқардың сөзін тоқыпты...» – деп айыптап, талайды жер аудартқан мысалдары толып жатыр емес пе?
Маңғыстау жері ескерткіштерінің де, сан қырлы өнерінің де қаймағы бұзылмай, мынау егемен заманымызға аман жеткенін біз мақтан тұтамыз. Олар енді қазақ болмысын қайтадан қалыптастыруға өз үлесін қосып жатыр. Әулиелі жерді бір көріп қайтуға, Бекет Ата секілді киелі баба басына соғып рухани тазарып қайтуға бар қазақ баласы ниетті.
Бұл құбылысты біз тегін нәрсе деп ойламаймыз. Халық мұрасын, ел киесін Алла тағаланың алғашқы берген қалпында ұстап тұрған, сақтап қалған бір күш бар еді. Сол күш, сол кие Өтежан Алшымбаев секілді халық арасынан шығып, халықтың мұңы мен қасіретін қанып ішкен, өз басына халық мұқтажынан басқа ештеңе іздемеген асыл азаматтарының еңбегі деп ойлаймыз...
Маңғыстау кеңестік заман кезінде бұрын ақыны болмаған ел секілді еді. Баспа беттерінен, телерадио хабарларынан маңғыстаулық бір де бір ақынның аты аталмайтын. Тек қана көздері тірі болғасын Сәттіғұл мен Түмен ақынды ел амалсыз танитын.
Сәтекең Өтежан ағаға келіп тұратын, ұзақ әңгімелесетін. Бір жаққа барғысы келсе Өтекеңнен: «Маған Сайынды берші», - деп мені сұрап алатын.
Өтекең – жан-жақты өнерлі адам. Сондықтан болар, барлық өнерлі адамдар тек қана Өтежан ағаны жағалаушы еді. Маңғыстау жерімен танысуға келген Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқов секілді азаматтар Өтекеңді ағалап өткені тегін емес.
Өтекеңнің өзі де жасы тоқсанға келгеніне қарамастан қолынан ақындық қаламын әлі күнге түсірген жоқ. Сезімі әлі күнге жүректен жыр туғыза аларлық, ойы проблемалық мақалалар туғыза аларлық дәрежеде.
Өтекеңнің домбыраны жақсы тартатынына да талай рет көзіміз жеткен. Жұрт аузында ол кісінің домбырасы туралы бір әзіл әңгіме де бар.
Өтекең үйінің төрі қонақтан босамаған. Бір күні қонақтарының көзінше бір баласына: «Ұлым, ана домбыраны алып берші. Мені де бір рет реті келгенде жұмсарсың», – депті. Сонда әлгі ұлы: «Әке, жұмсағаным сол болсын, домбыраңды өзің ала салшы», деп отырған қонақтарды күлкіге қарқ қылса керек. Осы бір мысал әңгіменің өзі Өтекең шаңырағындағы жарасым туралы толық хабар бергендей.
1961 жылы Өтекең екеуміз Ақтауға жолға шықтық. Таушық пен Ақтау арасы 100 шақырым. Жол жоқ. Әркім білгенімен, көргенімен тауып барады. Күн тұман, бұлыңғыр болатын. Шатқа жеттік. Мен оң жақ бетке қиыстай бұрыла беріп едім, Өтекең басқа жолды нұсқады. Мен өз жолымның дұрыстығын дәлелдеуге тырысып жатырмын. Сол кезде Өтекеңнің табан астында:
Батыр Сайын, Ер Сайын
Шатқа келіп шатасты.
Жол мынау деп менімен
Қайта-қайта таласты.
Он шақырым, мал қора
Сонау тұрған жар асты.
Жас жігітке Сайынжан,
Үлкенді тыңдау жарас-ты...
– деп сарнатып бергені ғой.
Өзі рахаттана күліп алып, шұбыртып өлеңін әлі де айтып жатыр, айтып жатыр. Менің есімде осы жолдары ғана сақталып қалыпты. Сөйтіп, мені қатты ұялтқан еді.
Маңғыстау – бұ заманда әр сөзі алтынға бағаланып жатқан Абыл, Нұрым, Ақтан, Қалнияз, Аралбай, Қашаған секілді ондаған, тіпті жүздеген ақыны бар өлке. Өлке ақындарының бір ерекшелігі аузына әуелі Алласы түсіп, сөз ішінде діни ұғымдарға көбірек мән беретін болса керек. Діни білімдерін бір-бірімен жарыстыра, өмірлік көзқарастарын танытып, салыстыра отыратын ақындар. Сол себепті Кеңес өкіметі кезінде біздің елдің ақындары оқылмады. Оқулықтарға кіргізілмеді.
Ал халықтың тас өнері мен қолөнері қажетсіз шаруаға саналды. Бірақ халық Өтекең секілді «ел тұтқа» деп аталатын азаматтарының арқасында ұлы Жаратқан сыйлаған өнері мен қасиеттерін сақтап қалыпты. Қазір сол өнері құрдымға кетіп қалмай, жас ұрпағына табысталып жатыр. Бұндайда қазақ: «Өлген тірілді, өшкен жанды», – дейді.
Ендігі кезек жастар, сіздердікі! Өле жаздағандарды тірілтіп алыңдар, өше жаздағанды лаулата беріңдер. Ол үшін сендерге, тек қана, ата-баба үрдісін сағынар, ата-баба аруағын құрмет тұтар жүрек керек. Өзім дегізер өзімшілдік емес, елім дегізер көсемшілдік қажет, дер едім мен.
Өтекеңдер ел алдындағы міндетін абыроймен атқарды, енді тек қана солардың жолын жалғастыра беру, дамыта беру – жастардың міндеттері, дейміз.
Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Маңғыстау облысы.