23 Қаңтар, 2010

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ, АЛДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР ДЕ АЗ ЕМЕС

1819 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Үкімет Мемлекет басшысы алдында есеп берді Кеңеске Премьер-Министр К.Мә­сімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Премьер-Министрдің орынбасарлары және Үкімет мүшелері қатысты. Кеңес барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасына еліміздің 2009 жылғы әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының қорытындылары және 2010 жылға арналған даму жоспары туралы есеп берді. Сол сияқты Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың Үкіметтің 2010 жылға арналған жоспары туралы және Индустрия және сауда министрі Әсет Исеке­шев­тің экономикамызды индус­трия­ландыру туралы баяндамалары тыңдалды. Үкіметтің есебінде атап көр­се­тілгеніндей, өткен жылдың қоры­тын­дысында ішкі жалпы өнімнің көлемі нақты көрсеткіштер бой­ын­ша 2008 жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артты. Өнеркәсіп өні­мі­нің көлемі 2009 жылы 8,9 трил­лион теңгені құрап, 2008 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға өсті. Құ­рылыс саласында өнім өндіру көлемі өткен жылы 1,8 триллион теңге көлемінде болып, бұрынғы жыл­мен салыстырғанда 4,9 пайыз­ға төмендеді. Есепті кезең ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,6 триллион теңгеге жетіп, алдың­ғы жылмен салыстырғанда 13,8 пай­ызға артты. Есепті жыл ішінде шағын және орта бизнес субъек­ті­лері 2,7 миллиард теңгенің өні­мін өндірді. 2009 жылы негізгі ка­питалға тартылған инвестиция 4,5 триллион теңгеге жетіп, бұрынғы жылмен салыстырғанда 2,1 пайыз­ға өсті. Өткен жылы инфляция дең­гейі 6,2 пайыз болды. 2008 жылы бұл көрсеткіш 9,5 пайызды құ­раған болатын. Жыл соңында жұ­мыссыздық деңгейі 6,3 пайыз болды. Жылдың басында бұл көр­сеткіш 6,9 пайызға тең еді. Трансферттердің түсімін қоса есептегенде, 2009 жылғы мемле­кет­тік бюджеттің кірісі 100,5 пай­ыз­ға орындалды. Басқаша айтсақ, жоспарланған 3 489,4 миллиард теңгенің орнына бюджетке 3 505,3 миллиард теңге қаржы құйылды. Ал салық түсімдері 2 228,7 мил­ли­ард теңгені немесе жоспардың 104,8 пайызын құрады. Ұлттық қор­ға өткен жылы жоспардағы 1 394,9 миллиард теңгенің орнына 1 378,1 миллиард теңге қаржы түс­ті. Ал Ұлттық қордан республи­ка­лық бюджетке дағдарысқа қарсы іс-қимыл шараларын қаржылан­ды­ру үшін жыл ішінде 1 107,5 мил­ли­ард теңге қаржы аударылды. Атап айтқанда, 843,1 миллиард теңге кепілдендірілген трансферт және 261,5 миллиард теңге мақ­сат­ты трансферт. Қорыта айтқанда, 2009 жылы Ұлттық қордың өсімі 270,6 миллиард теңгеге жетіп, 2010 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бой­ын­ша жалпы мөлшері 4 542,8 мил­лиард теңгеге жетті. Алтын валюта резервтері 2010 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша 23,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни, 2009 жылы 3,3 миллиард АҚШ долларына артты. Экономикалық өсімнің 2009 жылғы негізгі көздері шетелдік және мемлекеттік инвестиция­лар­дың артуынан құралды. Мемле­кет­тік инвестициялардың деңгейі өт­кен жылы 29 пайызға өсті. Ол дағ­дарысқа қарсы қабылданған бағ­дар­ламаларды қаржыландыруды есептегенде 1,4 триллион теңгені құ­рады. Сонымен бірге, экономи­ка­лық өсімге мұнай өндірудің (5,8 миллион тоннаға) және табиғи газдың (2,1 миллиард текше ме­трге) өсуі оң ықпалын тигізді. Сол сияқты экономикалық көрсеткіш­те­ріміздің жақсаруына диқандары­мыз­дың 20,5 миллион тонна ре­кор­дтық астық жинауының да қосқан игі ықпалы өлшеусіз. Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылғы еліміздің даму қорытындыларын сараптай келіп, өткен жылы ауқымды жұ­мыс көлемі атқарылғандығын атап көрсетті. Өткен жыл еліміз үшін үлкен сынақ жылы болғаны бел­гілі, деді Елбасы. Дағдарысты жеңу үшін біз аса зор ауқымды шаралар атқардық. Осы орайда Үкіметтің істеген жұмысы бәріңізге белгілі, ай сайын менің алдымда есеп беріп отырды. Үкімет басшылығы, министрлер және әкімдер бірігіп іс­теген нәтижелі жұмыстың арқа­сында біз дағдарыстан абыроймен өттік. Қазір экономикамыздың да­му қарқыны оң нәтижелер көрсе­тіп отыр. Ол біз үшін үлкен жеңіс. Дүние жүзіндегі мемлекеттерде болып жатқан ахуалды бәріміз де білеміз, деді одан әрі Мемлекет бас­шысы. Көптеген мемлекеттер өт­кен жылы экономикада оң же­тіс­тіктерге жете алмады. Біз сер­пінді мемлекеттер деп аталатын­дар­дың ішінде болдық. Көптеген мемлекеттердің сыртқы қарыздары үлкен көлемде артуда, несие кө­лемі де артып барады, бюджет тап­шылығы аса зор деңгейге жеткен, жұмыссыздық белең алған, өте көп кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан. Міне, осындай жағдайда біздің эко­номикамыз дағдарыстан шы­ғын­сыз шығып келеді. Қиындық­тар­ға қарамастан, біз көптеген жаңа өндіріс орындарын аштық. Осының арқасында жұмыссыз­дық­ты қысқарттық, инфляцияны тө­мен­деттік, “Жол картасын” жүзеге асыру барысында еліміздің  тұр­ғын­дары үшін аса қажет үлкен  жұ­мыстарды атқардық. Халыққа қа­жетті әлеуметтік жағдайлар жа­са­лынды. Жаңа мектептер, ауру­ха­налар салынды. Жол салу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәсе­ле­лері кең ауқымда шешілді. Әсі­ресе, біз бұрыннан қордаланып қал­ған, қолымыз жетпей жүрген коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын жасап, ауқымды міндеттерді жүзеге асырдық. Тарих табалдырықтан аттаған 2010 жылы бізді бұдан да ауқымды міндеттер күтіп тұр. 2010 жыл біз үшін 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламамызды жүзеге асыру не­гізінде Қазақстанды серпінді өсу­дің тұрақты траекториясына шы­ғаратын жыл болуы тиіс, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Одан әрі Мемлекет басшысы соңғы жылдары банк жүйесінде қалыптасқан келеңсіз жағдайларға тоқталды. Банк жүйесі маңайын­дағы көптеген жеке меншік құры­лым­дардың жұмысына тосқауыл қою керек екендігін айта келіп, Ел­ба­сы “Банктер тек қана таза банк қызметімен айналысуы ке­рек” екендігін ескертті. Осы ретте Мемлекет басшысы шектен шық­қан табыстар болмауы үшін банк маржаларына Үкімет тарапынан қатаң бақылау қойылуы керек екендігін атап көрсетті. Өнеркәсіп саласынан біздің күтеріміз көп, үмітіміз үлкен деп жал­ғастырды сөзін одан әрі Ел­ба­сы. 2020 жылға арналған стра­те­гиялық даму бағдарламамыздың аясында экономикамызды ин­дус­трия­ландырудың бесжылдығы бас­талды. Біздің мақсат – эко­но­ми­ка­мызды индустрияландыру нә­ти­жесінде мұнайға тәуелділіктен құ­тылу. Мен бағдарлама жобасымен, оның ішінде индустрияландыру және кәсіпорындарды орналас­ты­ру жоспарымен жан-жақты та­ныстым. Одан әрі Елбасы біздің бұл экономиканы индустрияландыру бағдарламамыздың сонау отызын­шы жылдардағы сталиндік ин­дус­трияландыру бесжылдығынан тү­бе­гейлі өзгешелігі бар екендігін атап көрсетті. Мемлекетіміздің, хал­қымыздың болашағы үшін біз бұл жұмысты барынша ыждағатты жүргізуіміз керек. Бұл бағдар­ла­ма­дан күтеріміз көп. Біз қазір оның бастауында тұрмыз. Сондықтан бұл мәселені мейлінше жүйелі және сапалы атқаруымыз керек, деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Елбасы өз сөзінде шетел компанияларымен бұдан бұрын жасалған келісім-шарттар­дағы кейбір келеңсіз жайларға да тоқталды. Бұл ретте Мемлекет бас­шысы шетелдік мұнай өндіру­ші­лердің ілеспе газға деген нем­құ­рай­дылық көзқарасын мысалға кел­тірді. Ілеспе газ бұрын жасал­ған келісім-шарттарда көрсетіл­ме­ген. Бұл мемлекет меншігі. Оны шығаруға мұнай өндірушілер ешқандай шығын жұмсамайды. Сондықтан ілеспе газ мәселесіне ерекше көзқарас керек екендігін айта келіп, Мемлекет басшысы келісім-шарттардағы, әсіресе, еліміздің табиғи байлығын игеруге байланысты жасалатын болашақ­тағы келісім-шарттарда бұл мәсе­ле­ге барынша мән беру керектігін ескертті. Сонымен бірге, Елбасы  шетелдік компанияларға салына­тын салық мәселесіне де тоқталып өтті. Бүгінде елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың келісім-шарттары бұл құжаттар қабылданған кезеңдегі заңдармен жұмыс істеп жатқандығын еске салып, уақыт бір орында тұрмай­тындығын, бүкіл әлемде өмір өзгеріске ұшырап отырғандығын, соған байланысты мемлекет мүддесі бізді бұл мәселеге жаңаша қарауға итермелеп отырғандығын ескертті. Одан әрі Мемлекет басшысы мұнай және газ саласында жұмыс іс­тейтін компаниялардағы кадр мә­селесіне ерекше тоқталды. Бү­гінде мұнай өндірумен кез келген адам айналысатын болған. Ара­ла­рында маман мұнайшылар жоқ. Бұл салада жұмыс істейтін шетел­дік компаниялардың менеджерлік құрамында қазақстандық мамандар жоқтың қасы. Елімізде мұнай са­ласының дамып келе жатқан­ды­ғы­на жүз жылдан асса да, қазақ­стан­дық мұнайшылардың шетелдік компанияларда еңбек етуіне тос­қауыл көп.  Елбасы Үкіметке алда­ғы уақытта бұл мәселеге барынша на­зар аудару қажет екендігін тап­сырды. Көрші мемлекеттермен салыс­тырғанда біздің елімізде тарифтің өте төмен екендігін айта келіп, Президент бұл салада да орын алып отырған олқылықтардың бар екендігін атап көрсетті. Осыдан 10-15 жыл бұрын жеке меншік ин­весторлар еліміздегі жылу электр орталықтарын, бу қазандықтарын және басқа нысандарды меншікке алған. Жасалған келісім-шарттарда олар бұл нысандарға инвестиция құйып, күрделі жөндеуден өткізуге, дамытуға міндеттелген. Ал іс жү­зінде олар  бұл нысандарға көк тиын да салған жоқ. Жылу өн­ді­ру­ші, энергия өндіруші инвестор­лар жасалған келісім-шарттарды орындамады. Сондықтан бұл салада нақты тексерістер жүргізіп, жылу және электр өндірушілерді тариф есебінен ғана емес, не­сиелер алып, өндірісті дамытуға міндеттеу қажет. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызмет са­ла­сында жұмыс істейтін жас кадр­лар жағдайына жан-жақты тоқ­тал­ды. Жастарға қолдау көрсету менің саясатым, деді Елбасы. Біз осы мақ­сатты жүзеге асырдық. Көп­те­ген  ведомстволар мен министр­лік­тердің басшылығына жастарды тарттық. Бұл мәселенің кең етек алып кеткендігі соншама, бүгінде біз министрліктер мен ведом­ство­лардың аппараттарын балабақ­шаға айналдырып алдық. Жылы кең­седе отырған осындай жастар­дың көпшілігі қандай міндет ат­қаратындығын, немен айналы­са­ты­нын да білмейді. Жақсы орын, жоғары жалақы алады, ал іс ор­нынан жылжымайды. Әрине, мен жас кадрлардың бәрі сондай деп айтып отырғаным жоқ. Олардың 15-20 пайызы өз орнында еңбек етіп отыр. Ал қалғандары немен шұғылданатынын білмейді. Жас кадрлардың елімізге ауа­дай қажет екендігін айта келіп, Мем­лекет басшысы кейбір ми­нистр­ліктер мен ведомстволарда орын алған келеңсіздіктерді шұғыл түрде ретке келтіру керек екендігін атап көрсетті. Министрлердің және ведомоство басшыларының кейбір жас орынбасарларын об­лыс­тың немесе аудандардың әкім­дерінің орынбасары етіп ауыстыру керек. Ал олардың орнына жер­гілікті жерлердегі тәжірибелі кадр­ларды тарту қажет. Бұл айтылған мәселелердің “Болашақ” бағдарла­ма­сы бойынша шетелдерден оқу бітіріп келген жас кадрларға да қатысты екендігін атап көрсетті Елбасы. 2007 жылғы әлемдік қаржы-эко­номикалық дағдарыс салдары­нан басталған үдеріс ешқайда жо­ғалып кеткен жоқ. Ол жалғасуда. Сондықтан біз барлығына дайын болуымыз керек, деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Осыған байланысты жаһандану үрдісінде Қазақстанның қандай орын алу керектігі, еліміздің болашақтағы даму стратегиялары нақты айқын­далуы керек. Бұл мәселемен біздің елімізде шұғылданатын инсти­тут­тар мен орталықтар көптеп сана­лады. Олардың жұмысының нә­тижесі қандай? Бұл институттар мен орталықтар қажет шығар, деп жалғастырды сөзін одан әрі Елбасы, алайда бізге бұл мәселеде тағы да жан-жақты ойлану қажет. Бұдан бұрын елімізде Страте­гия­лық зерттеулер агенттігі болған еді. Ол осы институттар мен орта­лық­тардың жұмысын үйлестіретін. Біз оны жойып алдық. Алдағы уа­қыт­та бізге бірыңғай стратегиялық са­раптама жасайтын, ішкі және сыртқы саясатты белгілейтін бір ор­талық құру керек, деді Мем­лекет басшысы. Біз өзіміздің дамуымызда бұ­рын оңтүстік-шығыс “жолбарыс­тары­ның” тәжірибесіне сүйендік. Солардан үйрендік. Мен осындай саясат жүргіздім. Біз мұны дұрыс жасадық, деді Елбасы сөзінің қо­ры­тындысында. Енді біз Финлян­дия­дан үйренуіміз керек. Ал Фин­ляндиядан үйрену дегеніміз не? Бұл, біріншіден, білім берудің жо­ға­ры стандарттары, екіншіден, ғы­лыми ізденістерге қаржы бөлуде бәсекелестіктің басымдығы, үшін­шіден, болашақтың ұлттық инфра­құрылымы, төртіншіден, мемле­кет­тің, ғылымның және бизнестің күшін ортақ мақсатқа біріктіру. Қысқаша айтсақ, бұл осы төрт тұғырдан тұрады. Кеңесте сөйлеген сөзін қоры­тын­дылай келіп, Мемлекет бас­шысы еліміздің даму болашағын айқындайтын 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламаның ай­рық­ша маңыздылығын,  осы бағ­дарламаны жүзеге асыру мақса­тын­да және 2010 жылға арналған даму жоспарында жоғарыда ай­тылған міндеттерді іс жүзіне асыру қажеттігін атап көрсетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.