12 Қазан, 2011

Дерек пен дәйек

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
1949 жылдың 29 тамызында Семей өңірінде, Дегелеңде алғашқы атом бомбасы сынақтан өткізілді. *  *  * 1953 жылдың 12 тамызында осы өңір, осы жерде тұңғыш сутегі бомбасы сыналды. *  *  * 1949 жылдан 1963 жылға дейін ядролық бомбалар ашық ауада, жер бетінде жарылып жатты. Осы мерзім ішінде барлық жиыны 30 мегатонна болатын ядролық қару сынақтан өткізілді. Чернобыльдегі апат кезінде сырт­қа шашылған, тараған зарядтың қуаты 100 хи­росималық бомбаға тең болса, ал 15 жыл бойы Дегелеңде ашық аспанда жарылған бомба Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан екі жарым мың есеге артық. *  *  * Семей полигонының төңірегіндегі экологиялық апатқа ұшыраған аймақ қана 300 мыңнан астам шаршы шақы­рым­ды алып жатыр. Қазақстан аумағының Германия аума­ғына тең оннан бір бөлігі уланған құла дүзге айна­лып, жүздеген ядролық жарылыс оған жазылмастай жара салды. Радиациялық сәуле зардабына түскен қазақ­стан­дықтардың жалпы саны миллион адамнан асып түседі. *  *  * Жер бетінде өркениетті, тіршілікті құртып жіберу үшін 100 мегатонна термоядролық бомбалар жарылса жеткілікті. *  *  * Тоқсаныншы жылдары айналдырған оншақты жылда полигонның нақ эпицентріндегі бір ғана Саржал ауылынан сынақ салдарынан жиырмадан астам азамат өзіне өзі қол жұмсаған. Соңғы отыз жылдан бері аталған ауылда бір мыңға жуық адам сынақ салдарынан көз жұмған. Кезінде осы ауылдан Семейдегі радиациялық диспансер арқылы бақылауға алынған 300 адамнан қазірде тек екі-үш-ақ адам тірі жүр. 1931 жылғы қолдан жа­салған нәубетке дейін Абай ауданындағы халық саны – 31, ал Абыралы ауданын­да­ғы халық саны 30 мың болса, қазірде осы өңірлерде тиісінше алғашқысында – 16 мың, ал екіншісінде небәрі 6-7 мың ғана адам тұрады. *  *  * 1991 жылдың 29 та­мы­зында егемен еліміздің тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Жар­­лықтарының бірімен ажал аж­даһасы атанған Семей атом полигоны ауыз­дық­талды. *  *  * 2009 жылы Біріккен Ұлт­тар Ұйымы біздің елі­міздің ұсынысымен Семей атом полигонының жа­былған күні –  29 тамызды Ядролық сынақтарға қар­сы халық­ара­лық іс-қимыл күні деп жариялады. *  *  * Тәуелсіз мемлекетіміз сы­­нақтардың салдарына ұрын­ған халқымыз бен аум­а­ғы­мыз­ды әлеуметтік нәрлен­ді­ру жөнінде тұрақ­ты жұмыс жүргізуде. Жал­пы жиын­ты­ғында осы мақ­саттарға 34 миллиард тең­геге жуық қа­ражат жұм­сал­ды. Елбасы тапсырмасы­мен Үкімет Семей қаласын дамыту бағдар­ламасын жү­зе­ге асырып келеді. Осы мақсатқа бүгінгі күнге дейін 20 миллиардтан астам теңге игерілді.