12 Қазан, 2011

Сынақ аймағында өсірілген өнім қауіпті емес пе?

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кешегі Семей атом полигонының иелігінде болған жерді қажетке жаратып пайдалану туралы әңгімеге әлі нүкте қойылып болған жоқ. Сынақ зардаптары пәлен жүз жылға дейін созылады деген ұстанымды көлденең тартушылар бұл аймақтағы жерді пайдалануға үзілді-кесілді қарсылық танытып бақса, білемін дейтін ғалымдар елді соншалықты үрейлендірудің жөні жоқ деп есептейді. Сонда кімге сенген жөн? Осы орайда Курчатов қала­сындағы Ұлттық ядролық орта­лыққа қарасты радиациялық қауіпсіздік және экология инс­ти­тутының директоры Сергей Лу­кашенко былай дейді. – Орталық тарапынан бұ­рын­ғы Семей атом полигонына қарасты жердің 97 пайызы зерттеліп, тексерілген болса,  соның 93 пайызы пайдалануға жарамды. Сондықтан бірден айтайын, он­сыз да бейбіт заманда қырық жыл қырғынды басынан кешірген жергілікті халықты босқа үрейлендіре беру адамшылыққа жатпайды. Енді нақты мысалға сүйене отырып сөз қозғайын. Биылғы жылы  кешегі полигон айма­ғын­дағы ядролық сынақтар өткізіл­ген алаңға тәжірибе ретінде қияр мен қызанақ, сондай-ақ асқабақ пен бұрыш егіп өсірдік. «Фермерлік ауыл» деген атпен өткізілген тәжірибе тіпті біз күтпеген нә­тиже көрсетті. Яғни, қауіпті радиация өнімнің сабағы мен жа­пы­рағында қалып, жемісіне бар­маған. Сөйтіп, сынақ аймағында егілген көкөністе қауіпті радионуклеидтер жоқ болып шықты. Мұны бір десек, екіншіден, осындағы мал өнімдерін де ешқандай қауіптенбестен пайдалана беруге болады. Ай­та­лық, өз басым полигонның нақ іргесіндегі Саржал ауылында өндіріліп келе жатқан мақ­тау­лы қымыздың белсенді наси­хатшыларының бірімін. Тіпті, менің насихатымсыз-ақ бұл ауылдың қымызының даңқы бүгінде бүкіл ел көлемінде белгілі. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, елді босқа үрейлендіре бермей, керісінше, олардың ертеңге деген сенімін нығайтуға атсалыса білейік, ағайын! Жазып алған Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.