Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Сіздің Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бастамаңызбен Солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын зор ризашылықпен айта аламын.
Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы.
* * *
Құрметті Президент мырза!
Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау ісінде әлемнің жетекші елдерінің біріне айналды.
Джордж Уокер БУШ, АҚШ-тың бұрынғы президенті.
* * *
Ядролық қарусыз ел мәртебесін таңдау – Қазақстанның 90-шы жылдардың басындағы әлемдік қауіпсіздік жүйесіндегі ауытқушылықтың қатерлі зардаптарын аңғара білуінің нәтижесі.
Қазақстан халықаралық қоғамдастыққа өзінің сыртқы саясатының ашықтығын, өзінің зорлық-зомбылық пен соғыс қатерінен ада дүниеге адалдығын паш етті, сөйтіп, Қазақстанның ЮНЕСКО идеяларына адалдығын тағы да дәлелдеп берді.
Ядролық қарудың күллі тақсыретін өзінің қайғылы тәжірибесі арқылы танып-білген елдің өкілі ретінде мен Қазақстанның бейбітшіл жаһатшылықтарын жаныма жақын қабылдаймын, ал Бас директор ретінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қару қорларын жоюға бағытталған күш-жігерін барынша құптаймын.
Коитиро МАЦУМА, ЮНЕСКО-ның Бас директоры.
* * *
Құрметті Президент мырза!
Мен Сізбен 1992 жылы Алматыдағы кездесуімді және Сіздің Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қосылу жөнінде қабылдаған батыл шешіміңізді ешқашан ұмытпақ емеспін.
АҚШ пен Қазақстанның «Нанн-Лугар бағдарламасы» бойынша жүзеге асырылған жаппай қырып-жоятын қарудың инфрақұрылымын бөлшектеу саласындағы тығыз ынтымақтастығы біздің елдеріміз арасындағы ізгі қатынастарды дамыту үшін құнарлы негіз болып қалады. Бұл қатынастарымыз уақыт сынынан мүдірмей өтті, әрі жемісті болды, сөйтіп АҚШ пен Қазақстан өз ынтымақтастығын кеңейтіп, нығайта түсті.
Біздің ядролық қаруды таратпау мен терроризмге қарсы күрес саласында қол жеткен ілгерілеуіміздің ең таяу уақытта басқа да салаларға таралатынына үміттімін.
Ричард ЛУГАР, АҚШ сенаторы.
* * *
Президент Н.Назарбаевқа, сенаторлар Р.Лугар мен С.Наннға Нобель бейбітшілік сыйлығы берілсе, олардың тарихи үлесін адамзаттың лайықты бағалағаны болар еді. Мұндай жоғары бағаның ядролық қатерді азайтып, жаһандық қауіпсіздікті нығайтатынына менің сенімім мол.
Энтони ФАЛЕОМАВАЕГА, АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшесі.
* * *
Қазақстан және Н.Назарбаевтың жеке өзі бейбітшілікті нығайтуға елеулі үлес қосты.
Қазақстанның өнегесі бойынша бірнеше мемлекет ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартты. Менің ойымша, әлем Қазақстанға рахмет айтуы керек.
Джек СТРО, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі.
* * *
Ядролық жарылыстардың қандай зардаптарға соқтыратыны жайында пайымдай отырып, Н.Назарбаев бұрынғы КСРО елдері президенттерінің ішінде ядролық қаруды жойып, Орталық Азия өңірінде ядролық қарусыз аймақ құруға шақырған бірінші адам болды. Теориялық тұрғыдан келгенде, Қазақстан ядролық астам державалардың біріне айнала алар еді. Егер ол кезінде КСРО ыдырағаннан кейін өз аумағында қалған 1400-ден астам ядролық оқтұмсықтарды бақылауға алғанда, оның қарауында сан жағынан Ұлыбританияны, Франция мен Қытайды қоса алғандағыдан асып түсетін қару-жарақ қоры болған болар еді. Оқтұмсықтардың көпшілігі АҚШ-қа кезелген зымырандарға орнатылған-тын. Қазақстан болса, өзінің аумағындағы ядролық қаруды өз еркімен Ресейге беріп, Ядролық қаруды тартпау туралы шартқа қол қойды, сөйтіп, ядролық қарусыз мемлекетке айналды.
Грэм АЛЛИСОН, Гарвард университеті мемлекеттік басқару мектебі орталығының директоры, профессор.
* * *
Әлем ядролық терроризм мен ядролық қаруды таратпау жөніндегі тағы бір қатерден арылды. Мен Президент Н.Назарбаевтың осы істегі көшбасшылығын бағалаймын.
Билл КЛИНТОН, АҚШ-тың бұрынғы президенті.
* * *
Президент Назарбаев пен оның мұраттастары қиын жағдайда, кеңестен кейінгі күллі кеңістіктегі аса ірі бетбұрыс оқиғалардың тұсында ядролық қарудан бас тарту мен Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыру жөнінде шешім қабылдауға тәуекел етті. Сол үшін Қазақстан басшылығы сынға да ұрынды, ұғынбаушылыққа да ұшырады. Соған қарамастан, Президент Н.Назарбаев халқының ерік-жігеріне сүйеніп, ядролық қарусыздану мен оны таратпау тәртібін нығайту саясатына, әлемнің қауіпсіздігіне қосылған шын мәніндегі өлшеусіз үлес ретінде бағалауға болатын байсалды қадам жасады.
Ол өзінің іс-қимылы арқылы басқа басшыларға халықаралық қауіпсіздікке қатысты ірі проблемаларды шешуге барынша жауапкершілік пен батылдық тұрғысынан келудің өнегесін көрсетті.
М. ГОРБАЧЕВ, КСРО-ның бұрынғы президенті.