Аймақтар • 06 Тамыз, 2017

Мемлекеттік тілдің мерейі қашан үстем болады?

229 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ақмола облысында да аталған бағдарламаны іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, сол бойынша көптеген шаралар атқарылып жатыр.

Мемлекеттік тілдің мерейі қашан үстем болады?

Мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңіне, яғни 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары облыс әкімдігінің арнайы қаулысымен бекітілген. Аталған жоспарға сәйкес төрт негізгі бағыт бойынша біржарым жыл ішінде бірқатар істер атқарылыпты. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші артқандығы байқалады. Мәселен, өңірде мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 2015 жылы 62% болса, 2016 жылы – 64%, 2020 жылы 75%-ға жетеді деп күтілуде.

Ақмола облысының аумақтарын дамыту бағдарламасына сәйкес, мемлекеттік тілді меңгерген ересектер саны 2014 жылы 60% құраған-ды. 2015 жылы ол екі пайызға өсіп, 62% деңгейінде болды. Тек 2016 жылы бұл көрсеткіш  67,3% болса, 2017 жылы оның деңгейі 70%-ға жетуі тиіс. Мемлекеттік тілді меңгеру балалар бақшасынан басталатыны белгілі. Бүгінде облыста 215 балабақша бар. Оның 68-і қазақтілді, ал 118-і аралас және 29-ы орыс тілді бала бақшалар. Бұл бала бақшаларда  26 797 балдырған болса, оның 16131-і (60,1%) таза қазақ тілінде тәрбиеленуде. Шағын орталықтар да тілдерді оқытуда өзіндік үлес қосып келеді. Олардың жалпы саны облыс бойынша  377-ге жеткен. Соның 179-ы қазақ тілінде оқытса, 41-і аралас, ал 157-і орыс тілінде білім береді. Бұл мекемелерде 9 401 балдырған тәрбиеленуде, оның 4228-і (45%) қазақ тілді топтарда оқиды. Бір назар аударатыны, облыста мектепалды мекемелерде тәрбиеленіп жатқан елдің болашақ жастарының мемлекеттік тілде тәрбие алуы әлі елу пайызға жетпейді екен. Бала бақшалар мен  шағын орталықтар баланың мектепте қай тілде білім алатындығының іргетасын қалайтынын ескерсек, ертеңге мектепте көрініс те осы деректі құрайтыны белгілі. Ендеше ойланатын-ақ жайт.

Енді орта мектептерге келсек, облыс бойынша олардың жалпы саны – 572, соның ішінде қазақ мектептері – 161, аралас мектептер – 221 және орыс мектептері – 190. Бұл ретте оқушылардың жалпы саны 114 695 екендігін қаперге алсақ, соның 54 597-і, яғни 48%-ы қазақ сыныптарында оқиды. Соңғы бес жылда қазақ сыныптарында оқитын балалар санының динамикасы келесідей: 2012 жылы – 43%, 2013 жылы – 44,7%, 2014 жылы – 46%, 2015 жылы – 47%, 2016 жылы – 48%.  Әрине, қазақ мектебінде білім алатындардың саны жыл сайын өсіп келеді. Әйтсе де, біз жоғарыда балалар бақшасында мемлекеттік тілде тәрбиеленетіндердің санының елу пайызға жетпейтіндігі мектепте оқитындарға да әсер етеді деп осыны айтқан едік. Бәрі бір-бірімен жалғасып жатқан дүние ғой. Әрине, бұл жерде балаларына ана тілінде білім беруге немқұрайлы қарайтын ата-аналардың  намысын ояту керек.

Қазір облыста 39 колледж бар. Солардың біреуі ғана қазақ тілінде білім береді. Ал аралас тілде білім беретіні – 27 және де орыс тілді 11 колледж бар. Оларда оқитын 20 983 студенттің 6 113-і, яғни 29%-ы қазақ тілінде білім алады. Еске сала кетсек, 2011 жылы бұл көрсеткіш 21% деңгейінде болатын.  29 пайыз, әрине, 21 пайыздан жақсы ғой. Бірақ  70 пайызға жуық жастардың басқа елдің мемлекеттік тілінде білім алатыны қынжылтатыны тағы бар. Әлде Ақмола өңірінде мемлекеттік тілдің болашағына деген сенімге  әлі селкеулік  бар ма?

Жергілікті тұрғындарды тілді меңгеруге баулитын қазір облыс бойынша 20 орталық жұмыс істейді. Солардың 17-сі аудандық, ал 2-уі қалалық және облыстық орталық жұмыс істеп тұр. Барлығында мемлекеттік тіл үйретіледі. Соның  18-де қазақ тілімен қатар ағылшын тілі оқытылып келеді. 2014-2015 оқу жылы мемлекеттік тілді 4 111 тыңдаушы оқыса, сертификат алғандар саны – 1944. Оның ішінде 791-і мемлекеттік қызметші, ал  1153-і азаматтық қызметкерлер екен. Ал ағылшын тілін оқығандар саны 365 болса, барлығы дерлік сертификатқа ие болыпты. Олардың 179-ы мемлекеттік қызметші, ал 186-сы азаматтық қызметкер. 2015-2016 оқу жылы мемлекеттік тілді 4009 тыңдаушы оқыған. Сертификат алғандар саны 1220 тыңдаушы, оның ішінде 491-і  мемлекеттік қызметші, ал 729-ы азаматтық қызметкер. Ағылшын тілін 368 адам оқыса, солардың барлығы дерлік сертификатқа ие болған. Солардың 176-ы мемлекеттік қызметші, ал 192-ы азаматтық қызметкерлер. Реті келгенде айта кету керек, 2016-2017 оқу жылында мемлекеттік және ағылшын тілдерін 428 топта 4888 тыңдаушы оқып жатыр. Оның ішінде 373 топта 4346 тыңдаушы мемлекеттік тілді оқыса, 55 топта 506 тыңдаушы ағылшын тілін  игеруде.

Бір қызығы мемлекеттік тілді тыңдаушылар құлықсыз ба, әйтеуір сертификат алуға дейін төзімі таусылатын көрінеді. Әлде талап төмен бе? Әйтпесе, ағылшын тілі курсына қанша тыңдаушы қабылданса, соншасы қолына сертификат алып шығады. Әлде қазақ тілі курсы деген  аты ғана ма?

Облыстағы ономастика мәселесі өз алдына бір әңгіме. Былтыр облыстық ономастика комиссияларының отырысында барлығы 272 көше және 1 ауылды қайта атау туралы мәселе қаралып, оң шешімін тапты. Аудан және аудандық маңызы бар қалалар мен елді мекендердің көшелерін қайта атау туралы шешімдер Әділет департаментінде тіркеліп, заңды күшіне енді. Облыстық маңызы бар Көкшетау және Степногорск қалаларының көшелерін қайта атау туралы шешімдер Әділет департаментіне тіркеуге жолданды. 2016 жылғы 21 қазанда облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізіліп, Сандықтау ауданынан – 37, Атбасар ауданынан – 33, Көкшетау қаласынан – 9, Жарқайың ауданынан – 2, Целиноград ауданынан – 2, Степногорск қаласынан – 2 көше, 1 даңғылды қайта атау туралы ұсыныс қаралды. 5 желтоқсанда өткізілген облыстық ономастика комиссиясының отырысында Сандықтау ауданынан – 63, Көкшетау қаласынан – 43, Есіл ауданынан – 16, Ақкөл ауданынан – 13, Шортанды ауданынан – 13, Қорғалжын ауданынан – 13, Жақсы ауданынан – 12, Бурабай ауданынан – 8, Атбасар ауданынан – 5, Ерейментау ауданынан – 5, Жарқайың ауданынан – 5 көше, Целиноград ауданынан 1 ауылды қайта атау туралы ұсыныс қаралды.

Өткен жылы Атбасар ауданындағы Новоалександровка селолық округі –Бастау ауылдық округі, Новоалександровка селосының атауы – Бастау ауылы, Целиноград ауданындағы Воздвиженка селолық округі Нұресіл ауылдық округі, Воздвиженка селосының атауы Нұресіл ауылы болып қайта аталды. Өңір жұртшылығы Үкіметтің облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының №18 орта мектебіне Сәкен Жүнісовтің, №3 Ақкөл орта мектебіне Жайық Бектұровтың, Еңбекшілдер ауданы Сәуле орта мектебіне Шәрәпи Әлжановтің, Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебіне Ақтан Төлеубаевтың, Ерейментау ауданындағы Малтабар орта мектебіне Перуаш Кәрімовтің есімін беру туралы қаулысын күтіп отыр. Сондай-ақ Еңбекшілдер ауданын Біржан сал ауданына, Ерейментау қаласының №2 орта мектеп-лицейіне Насыр Смағұловтың, №3 Аршалы орта мектебіне Жұмабек Тәшеновтің есімін беру туралы ел Үкіметі қаулыларының жобасы да пысықталуда. Кешегі кеңестік      идеологияның қаптаған «изм»-дері мен коммунистік «геройлармен» қоштасып, олардың орнына Қазақ елінің  азаттығы жолында күрескен тұлғалардың есімі берілуі ел еңсесін  асқақтата түсетіні сөзсіз.

Осылайша Ақмола облысында тілдерді дамыту мәселесі жолға қойылған деуге толық негіз бар. Ең бастысы, мемлекеттік тілді игеруде ілгерілеушілік бар екенін айтуға болады. Бір кездері тыңға ғана емес, қазақ тіліне де түрен салынып, күресінге лақтырғандай күй кешкен өңірде мемлекеттік тілдің аясы  қайта қанат жайып, өрісін кеңейтіп келеді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"