Жобаның жалпы құны 165 миллион еуроны құрап отыр. Бүгінгі таңда аталған жобаның сәтті қарқын алуына барлық жағдай жасалғандығын айта кету керек. Аумағы 300 га құрайтын учаскеде дайындық жұмыстары басталып та кетті. Мердігер ұйым ретінде халықаралық SUMEC CLEAN ENERGY INTERNATIONAL CO.,LTD холдингі құрылыспен айналысатын болады. Ал құрылыс энергетика саласында алдыңғы лекте саналатын АВВ еуропалық концернімен ыңтымақтаса жүзеге асырылары белгілі болып отыр. Аталған концерн құрал-жабдықтарды таңдаудан бастап, оны жеткізу мен монтаждауды қоса алғанда бүкіл жұмыс ырғағына өз сарапшыларын қатыстырады. Осылайша Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи жоғары технологиялы энергетикалық кешен іске қосылғалы тұр. Аталған жоба қосымша жұмыс орындарын құрумен қатар, өңірдің энергетикалық жүйесін жақсартады және болашақта облыстың, тіпті еліміздің қаржылық-экономикалық жағдайын арттыруға оң ықпал етеді деп күтілуде. Бұл сонымен қатар еліміздің болашағы зор инвестициялық «жасыл» технологияларды қабылдай алатын ашық рынок екендігін паш етеді. Осылайша аталған жобаның сәтті басталуымен еліміз әлемдік қауымдастыққа өзінің жоғары технологиялы, экологиялық және пайдалы жобаларға мүдделі екенін байқата түседі. «KB Enterprises» компаниясы тартқан жобаға қатысушылар халықаралық дәрежедегі сарапшылар екендігін ескерсек, аталған стратегиялық жобаның жүзеге асыуына күмән келтіруге болмас.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы