ЭКСПО-2017 • 06 Тамыз, 2017

16 елдің әскери қызметкерлері ЭКСПО көрмесін аралады

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне 16 мемлекеттен келген қонақтар арнайы ат басын бұрды.

16 елдің әскери қызметкерлері ЭКСПО көрмесін аралады

Бірер апта бұрын Отар 40-шы әскери базасында «АрМИ-2017» халықаралық әскери ойындардың ашылу салтанаты болып өткен еді. Қазақстан аумағында мұндай жоғары деңгейдегі армия ойындары екінші рет өткізіліп отыр. Он күнге жуық созылатын сайыста биыл 18 мемлекеттен құралған командалар, яғни 400-ге жуық әскери қызметкер өзара сынға түседі.

Аптаның соңғы күнінде әр команданың басшылары елорда төріндегі жаһандық көрмеге арнайы қонақ ретінде шақырылды. Олар ең алдымен "Нұр Әлем" павильонын аралады. Сегіз қабатты ғимараттан шыққаннан кейін таңданыстарын жасыра алмады. Қытай елінің өкілі Вань Тие Фэнь өзін бейне бір өзге әлемге немесе болашаққа еніп кеткендей күйде қалғанын, өткен тарихқа да бір саяхаттап қайтқанын айтты. Сондай-ақ, әр қабаттың өзіндік сырлары барын, солар арқылы өскелең ұрпақтың қандай заманда күн кешетіндігін білуге болатынын мәлімдеді. 

Айта кетейік, 1-9 тамыз күндері АрМИ-2017 ойыны барысында "Артиллериялық атыс шебері", "Мергендік шебі" және "Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының жарысы" байқаулары өткен болатын. Ал салтанатты ашылу рәсімі кезінде десантшылар ротасының қарумен қол жекпе-жегі, бұдан бөлек Қазақстан әскери ұшақтары мен тікұшақтары пилотаждық тобының әуе шоуы сынды өзге де әскери қойылымдар көрсетілген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО ұлттық компаниясының шараға 2 млн қонақ келетінін, оның 15 пайызы шетелдік болатынын хабарлаған болатын.

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"