12 Қазан, 2011

Көз көрмесе, көңіл сенбес еді

514 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
(Қаз-қалпында) Мен отыз екінші жылғы ашаршылықтың алдында Абай ауданындағы Саржал өңірінде дүниеге келген екенмін. Аяғымды енді ғана баса бастаған шағымда Аягөздегі жетім балалар үйінен бір-ақ шығыппын. Содан со­ғыс­тың алдында Саржал жағынан нағашыңмын деп отыздың үстіндегі бір азаматтың іздеп келгені есімде. Онда мен жасым әлі онға да келмеген ойын баласы едім. Сонда да болса әлгі кісінің айтуымен туған жер, ашаршылық жылдары о дүниелік болып кеткен ата-анам туралы әңгіме санамның бір түкпірінде қалып қойған. Сөйтіп жүргенде, сұрапыл соғыс өрті бұрқ ете қалды. Елдегі нағашыдан да хабар үзілген. Бірақ қашан соғыс аяқталғанша олар­дан бір хабар болып қала ма деп алаң­дау­мен болдым. Ал соғыс аяқталған жылы туған жер қайдасың деп өзім әлі білмейтін елге қарай жолға шыққанмын. Бұл кезде менің жасым он беске тақап қалған-ды. Өкінішке қарай, шешемнің жалғыз бауыры сұрапыл соғыста хабарсыз кетіпті. Артында қалған шағын отбасының қайда екенін ешкім білмейтін болып шықты. Әйтеуір, әлдебір алыстау жамағайын мен бейбаққа ел мен жерді таныстырған болды. Содан кейін нағашым соғыстан оралып жатса, мені өзі тауып алар деп Аягөзге қайтып кеттім. Бірақ содан кейінгі жерде мені іздеген ешкім болмады. Сөйтіп жүргенде, жасым он сегізге толып, әскер қатарына шақырылдым. Бастапқыда Мәскеу жағына барасыңдар деп жолға шыққан едік, соңынан бағытымыз Сібірге қарай өзгерді. Әйтеуір, бұлталақтап жолда көп жүрдік. Бір күні түнде елсіз далаға әкеліп түсірді. Таңертең оя­нып, жан-жағыма қарасам,  жүрегім ат­қақтап аузыма келді де, тұла бойымды ерекше бір сезім билеп кеткен. Қалай болғанда да бұл өңір менің көзіме соншалықты ыстық көрінген. Ана бір жылғы әлгі алыс жама­ғайын­ның елді аралатып қыдыртқаны көңіліме орала берген. Ақыры, сезім шіркіннің алдамағаны белгілі болды. Бізді әкеліп тастаған Дегелең тауы­нан мен өмірге келген Саржал ауылы небәрі отыз шақырым жерде болып шықты. Соны қасымдағы жерлес жігіттердің біріне айтып қойғаным сол екен, маған командирлер бейне құзғынша шүйлікті. Содан кейін оларға ендігі жерде осы жердің тумасы екенім туралы жақ ашпауға уәде беріп құтылдым. Оны айтасыз, тіпті бертінге дейін жақ аша алмадық қой. Әйтпесе, бәрі күні кешегідей көз алдымда. Әсіресе, сол маңдағы елдің ауа көшкендегі жан қиналысын сөзбен жеткізіп айта алармысың! Жан-жануар түгілі, адамдарға тәжірибе жүргізілгені, сол мақсатпен қырық шақты адамның жарылыс жасалған аймақта қалдырылғаны – бәр-бәрі есте. Солардың бәрі ертеректе өмірден өтіп кеткенін енді ғана біліп отырмын. Сол тұста менімен бірге азаматтық міндетін өтеген жігіттерден де аман қалғаны аз. Нақтылап айтсақ, бұрынғы Семей облысынан Семей атом полигонының астанасы – Курчатов қаласының құрылысына оншақты жігіт қатыссақ, қазірде солардан сау жүргені мен ғанамын. Кейде соған тәубе деп қуанудың орны­на өзімді кінәлі сезініп, өз-өзімнен қуыс­та­нып қалатыным да бар. Иә, туған жердің дәп түбінен өз қолыммен ажал аждаһасы атанған атом полигоны құрылысын тұр­ғызу мен үшін кешірілмес үлкен күнә деп білемін. Сол себептен де кейінгі жерде де елге бара алмадым. Осы мақаланы да арылу үшін жазып отырған жайым бар. Ал мұндай қасіретті кейінгі ұрпаққа бермесін деп тілейік! Нансаңыздар, өз ұрпағыма қасиетті де қасіретті Абай елінен, ондағы Саржал ауылынан екенімді де ешқашан айтқан емеспін. Осы мақаланы да басқа атпен жазып отырмын. Мүмкін менің мұным дұрыс та емес шығар. Қалай болғанда да мені біреулер оң ұғатын шығар деп ойлаймын. Нағашыбай БЕКМЫРЗАЕВ, Аягөз қаласының тұрғыны.