Кеше «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумы аясында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев АҚШ-тың Канзас штатының губернаторы Сэм Браунбекпен кездесті.
Достық рәуіштегі кездесу кезінде қос тарап Қазақстан-АҚШ әріптестігі туралы өзара пікір алмасты. С Браунбек өзінің ауқымды форумға арнайы шақырылғаны үшін алғыс білдіре келе, Қазақстанның және оның Президентінің тәуелсіздіктің 20 жылдық мерзімі ішінде қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады. Әсіресе, Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу және таратпау мақсатында атқарған жұмыстарына айрықша тоқталды. Сондай-ақ, ол еліміздің тәуелсіздік алған күннен бері «ядросыз әлем» идеясын берік ұстанып келе жатқанын, қазіргі күнге дейін көптеген азаматтардың Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту шешімі үшін шексіз алғыс білдіретінін жеткізді.
«Қазіргідей тынышсыз, әлі де ядролық қаруды жасау белсенділігі еш бәсеңсімей тұрған заманда мұндай шешімнің рөлі тіпті де жоғары. Бұл Қазақстанның ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болуына толықтай мүмкіндік береді, – деді С. Браунбек. – Бұған қоса, мен Қазақстан жеріне екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға ниеттестік таныту мақсатында келіп отырмын. Бұл орайда, ауыл шаруашылығы саласына озық технологиялар енгізу жағына да айрықша мән беруіміз қажет. Жақын болашақтағы 30 жыл ішінде әлемде тұтынатын азық-түлікке қажеттілік көп есе артады. Қазіргімен салыстырғанда. Бұл ретте, Қазақстан мен Канзас ауыл шаруашылығы саласында тиімді әріптестік орната алар еді».
Кездесу кезінде қос мемлекеттің ауылшаруашылық, мәшине жасау және гуманитарлық салалардағы тиімді әріптестік жайы сөз болды. Бұл ретте, биылғы жылдың шілде айында Қазақстан мен АҚШ арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық әлеуетін көтеруді көздеген арнайы келісімнің өз күшіне енгенін айтуға болады. Бұл келісімге өткен жылы Н.Назарбаевтың Вашингтонға сапары кезінде қол қойылған-тұғын. Енді, міне, аталған құжат осы саладағы әріптестікті нығайта түсуге жол ашқалы отыр.
Екі ел арасындағы байланыс тек мұнымен шектеліп қалмақ емес. Назарбаев университеті мен АҚШ-тың жетекші деген жоғары оқу орындары арасында да мықты әріптестік тетігі орнап келеді. Мәселен, 2008 жылы қол қойылған «Канзас университеті мен Қазақ агротехникалық университеті арасындағы түсіністік туралы» меморандум ендігі кезекте АҚШ-тың инновациясы мен жоғары технологиясын белсенді пайдалануға, оларды Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторына да бағыттауға сеп болмақ.
Қанат Саудабаев пен Сэм Браунбек болашақта Қазақстан-АҚШ әріптестігін одан әрі нығайта түсуге мүдделі әрі дайын екендіктерін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.