Қазақстан • 07 Тамыз, 2017

2018 жылы тегін дәрі-дәрмектер үшін мемлекет қанша қаражат бөледі

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылы тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландыруды өткен жылмен салыстырғанда 38 процентке арттырмақ, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

2018 жылы тегін дәрі-дәрмектер үшін мемлекет қанша қаражат бөледі

Сурет: inform.kz

2017 жылдың шілде айында медициналық қызметтің сапасы бойынша Бірлескен комиссияның шешімімен және Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 2018 жылға арналған медициналық тегін көмектің кепілдендірген көлемі мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізімі қайта қаралып, кеңейтілді.

Жаңа бұйрық бойынша халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 106 429 019 926 теңге жұмсалатын болады. Осы тұста айта кетерлігі, 2016 жылы дәл осы бағытта 77 194 551 026 теңге бөлінген болатын. Осылайша, 2018 жылы халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамту бағытында өткен жылмен салыстырғанда қаражат 38 процентке артық бөлінеді.

Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізімін бекіту туралы бұдан бұрынғы, яғни 2011 жылдың 4 қарашасында шыққан ҚР Денсаулық сақтау министрінің м. а. бұйрығына сәйкес, ел тұрғындары аурудың 47 тобы, 6 медициналық өнімнің түрі бойынша халықаралық патенттелмеген атаулы дәрі-дәрмектің 266 түрімен қамтамасыз етілген.

Министрдің жаңа бұйрығына сай, халық аурудың 48 тобы, 6 медициналық өнімнің түрі бойынша халықаралық патенттелмеген атаулы дәрі-дәрмектің 274 түрімен қамтылмақ.

2018 жылы тегін дәрі-дәрмектердің тізімі оң әсер ететіні дәлелденген жаңа препараттармен толықтырылғанын ерекше атап өтуге болады; халықаралық ДСҰ-ның кеңесіне сәйкес, клиникалық тәжірибеде қолданылмайтын және тиімділігі төмен дәрі-дәрмектер тізімнен шығарылған.

Денсаулық сақтау министрлігі уақыт өте келе стацианорлардағы негізсіз ем-домды төмендетіп, амбулаториялық деңгейде ауру-сырқаттарды басқарып отыру үшін тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізімін уақыт өте келе кеңейтуді жоспарлап отыр.

Тізімдегі жаңа аурудың түрі - аутоимунды сырқаттардың тобына жататын анкилозируемді спондилит. Бұдан былай анкилозируемді спондилитпен ауыратын науқастар бірінші қатардағы препараттар ретінде «индометацин» мен «сульфасалазин» атты екі дәріні ала алады. Ал екі дәрі әсер бермей жатса, «голимумаб», «адалимумаб» атты тағы екі биологиялық дәріні алуға мүмкіндік бар.

Мемлекет аурудың ауыр түрлеріне шалдыққан науқастар мен олардың отбасыларын ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, ем қонбайтын аурулардың түріне шалдыққан науқастарға паллиативті көмек көрсету үшін берілетін тегін дәрі-дәрмектердің тізімі ұзартылған. ХДСҰ-ның кеңесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізіміне 15 дәрінің түрі мен өнімін: кетопрофен; трамадол, морфин, фентанил, преднизолон, дексаметазон, омепразол, амитриптилин, карбамазепин, метоклопрамид, диазепам, бисакодил, спиронолактон, торасемид т.с.с. кіргізді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, туберкулез, ВИЧ-инфекция, созылмалы ауруларға берілетін тегін дәрілердің тізімі кеңейтілді.

Жаңа бұйрықта балаларға да ерекше ден қойылып отыр. Балалардың арасындағы артритті жазу үшін амбулаториялық деңгейде екінші бағыт бойынша препараттардың тізіміне тағы да дәрі-дәрмектер қосылды. Биологиялық препараттардың терапиясының нәтижесінде, аурудың клиникалық бейнесі жақсарып, ауруханаға жеткізілу жағдайы азаяды.

Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізіміне жүректің ишемиялық ауруларын емдейтін заманға сай дәрілер енгізілген. 2018 жылы статин («аторвастатин») тобынан дәрі-дәрмектер кіргізілген. Статиндерді қолдану арқылы жүректің ишемялық аурулары азайып, инфаркт алу жағдайы төмендейді. Сонымен бірге, жаңа бұйрық негізінде гематологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің саны бұрынғыдан 11-ге артты.

Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бұйрығында қаржыландыру жағынан республикалық деңгейде және жергілікті деңгейде ақша бөлу тәртібі өзгеріссіз қалдырылды.