Театр • 08 Тамыз, 2017

Эстетика эталоны

490 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осындайда еске түседі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасы. Егемендік алдық деп бөркіміз қазандай болғанымен аяғынан енді қаз тұра бастаған Қазақстанның жағдайы аса мәз емес еді. Жоқшылықтың, жетіспеушіліктің, белгісіздіктің салқыны аңғарылып тұрғанда Алматыдағы жайлы жұмысын тастаған Райымбек Сейтметов өзінің туған жері Кентауға оралды. Кентаудың атағы әлемге шыққан бұрынғы өндіріс орындары бірінен соң бірі жабылып жұмыс таппаған, көзі қарайған жұрттың аласұрып жүрген кезі. Күнде ереуіл, күнде митинг. Ызалы айқай-шудан құлақ тұнады.

Эстетика эталоны

Осындай кездерде Кентау­да­ғы досын Асанәлі Әшімов із­деп келеді. Жастайынан тай-құ­лынд­ай тебісіп өскен досы, те­атр, кинодағы сыралғы се­рігі кел­ген соң Райымбек кө­кеміздің есі шығып, қазан кө­термек бола­ды. Газ жоқ. Жарық бірде бар, бірде жоқ. Пе­ші құр­ғыр бықсып от ала қой­май­ды. До­сының күйелеш-күйе­­леш күйін көрген Асанәлі кө­ке­міз Алматыға қайт деп үгіт­тегенге ұқсайды.

Түркістанға өз жүрек қалау­ы­мен келген ағамыз кейіннен өз ойын былай білдіріпті.

«Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлағанда көңілімде бір түйткіл тұрды. Түркістанның рухын көтеру үшін, ең әуелі сол жердің рухани игіліктерін жасауымыз қажет. Өзім ұзақ жылдар қызмет еткен өнер саласының биігінен қарасам, Түркістанға театр керек. Еліміз егемендік алды, Түркістан қайта түлейтін болады деп, жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жер­ге тартып кетуімнің басты се­бебі де сол болатын. Осында жи­нақ­тал­ған тәжірибемді, азд­ы-көпті өнерімді сонда алып барайын деп шештім. Түркістан қайта түлеп, іргесін кеңітіп жатқанда соның бір шегесі болып қалғым келді». Театр тарланы осылай деп белін бекем буған екен.

Түркістанға театр керектігін ай­тып Елбасыға хат жазады. Талай емен есіктердің та­бал­ды­рығын тоздырады. Ар­ма­ны­на жетті. Түркістанда сазды-драма театры ашылды.

Түркістанға жұмыс сапары­мен көп келеміз. Ағамызбен тонның ішкі бауындай болып кет­тік. Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің ректоры, академик Мұрат Жұрыновтың қолдауымен әуелі «Өнер» бөлімін ашып, кейін өнер кафедрасына ұластырды. 1999 жылы алғашқы бітірген түлектері бүгінде Оңтүстік қа­на емес, Қазақстанға белгілі мә­дениет қайраткерлеріне ай­на­лды. Мәселен, ел ауызын­да «Тука» аталып кеткен Нұр­жан Төлендиев, хандар мен ба­тыр­лардың рөлін мақтаулы әр­тіс­терімізден бір мысқал кем ойнамайтын, түр, болмыс пі­шіні де сол образға сәтті ке­ле­тін Марат Оразымбетов, Ер­жан Нұрымбетов, Айдар Нау­рыз­ба­ев, Роза Рымбаева туған іні­сіндей көретін, әнін жоғары ба­ғалайтын Мақсат Айтжанов, Жұл­дызай Дүйсенбі, Ғалымжан Қа­лыбай сияқты талантты шә­кі­рттерінің басын құрап, театр тру­ппасын жасақтады.

Әзербайжан жазушысы Б.Вахапзаденің «Көк түріктер» та­рихи драмасымен театр сах­насының шымылдығы тү­ріл­ді. Сол жылы Елбасы Түр­кіс­танға сапармен келген.

Протокол бойынша он бес ми­нутқа аялдауы керек Мем­ле­кет басшысы қой­ылым­ды ая­ғына дейін тамашалады. Сах­надағы талантты жастардың жар­қылдаған жастық жалыны жібермеді, білем.

Ағадан Елбасының қой­ы­лымды қалай қабыл­дағанын сұ­ра­дық. Спектакльді мақтапты. «Мы­на әртістерді Алматыдан ша­қы­рттыңыз ба?» деп сұрап­ты. Рекең өз шәкірттері екенін айт­қан. Елбасы «онда Түркістан театрының болашағы зор екен» деген баға беріпті.

Біз бұл қойылымды «Көк ті­тіреткен көк түріктер» деп «Егем­енге» жазған едік. Рай­ым­бек аға разы болды. Жи­нақ­қа қосыпты. Бұрынғы Темір­жолшылар клубы жөн­де­ліп, 2001 жылы қаңтарда ашыл­ғанда Әбіш Кекілбаев, Шер­хан Мұртаза, Фариза Оңғар­сы­нова, Асанәлі Әшімов, Сә­бит Оразбаев бастаған ұлт зия­лылары келген. Сонда жас театрға сәт-сапар тілеген Шер­хан ағамыз: «Баяғыда Юлий Це­зарь Римнен кетіп жат­қан­да айтылған деген сөз бар. «Цезарь покидает Рим, чтобы завоеват Рим» деген. Сол айтқандай, Райымбек бір кезде Алматыдан кетуге мәжбүр болды. Алғашында Алматының екi бiрдей театрын басқарған Райымбектiң Түркiстанға кет­кенi бәрiмiзге жұмбақ болды. Сөйтсек, Райымбек текке кет­пепті, Қазақ театр әлеміне жа­ңаша тұрпатты театр құру үшін кетіпті» дегенді айтқан еді

Райымбек Сейтметов те­атр­ы­ның ерекшелігі, өң­кей өрім­дей жастардан құрал­ға­ны­мен қатар өзге тілде де спектакль қоя алатындығында еді.

2000 жылы «Көк Түрік­тер» спектаклімен Түр­кия мем­лекетінің арнайы шақыр­ту­ы­­мен Анкара, Сивас, Кайсери, Қы­рықкәле, Кония, Нидде, Ма­талия, Ерзум, Герсун, Ант­а­лия, Спарта сияқты қала­ла­рында гастрольдік сапарда болып қайтты.

2007 жылы 3 қараша күні Мем­лекеттік және Жастар сый­лық­тарының лауреаты, Қа­зақ­стан мен Қырғызстанның өне­ріне еңбегі сіңген қайраткері Қазақстанның халық әртісі, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Еуропаның «Театр өне­рі» номинациясы бойынша бел­гіленген алтын медалінің, «Түр­кі әлеміне еткен еңбегі үшін, өнер әдебиет сыйлығының» ие­гері, Түркістан қаласының саз­ды-драма театрының негі­зін қалаушы, әрі тұңғыш көр­кем­дік жетекшісі Райымбек Но­ғай­байұлы Сейтметов өмірден озды.

Талантты режиссердің жү­ре­гі тоқтағанымен ұлы өн­е­­рі өлген жоқ. Бүгінде «Біз Рай­­ымбек Сейтметовтің шә­кірт­теріміз» дегенді жүрегін мақ­таныш кернеп айтатын жастардың үлкен шоғыры өсіп келеді.

Әдетте, үлкен қалада отыр­ған театрлар облыс, аудан ор­та­лықтарында жұмыс істеп жатқан театрларға шекелей қарамағанымен бағалай бер­мейді. Өнердегі кейбір кәрі тарландардың өкшесін басқан кейінгі толқыннан болашақ көрмей түңіліп айтып, түңіліп жазатындығын сан мәрте көріп жүрміз. Бұл өзімнен кейін «бұл болмаса күл болсын» деген мысықтілеу, жастардың тауанын қайтару, меселін басу ғой.

Ал, Райымбек Сейтметов «өзін ғана жақсы көретін» сол әріптестерінің пікірін жоқ­қа шығарып, үлкен қала дең­гейі­мен қарағанда ауылдан көп­теген жас таланттардың тома­ға­сын сыпырды.

Ол «меннің» емес, көп­тің аза­маты, ақберені еді. Рай­ымбек Сейтметов атын­да­ғы Түр­кістан сазды-драма театры осы мақсатқа қызмет етеріне халық сенеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік қазақстан облысы