Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының күндеріне арналған іс-шараларға қатысты.
Президент әуелі Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты. Мемлекет басшысына экономикалық, әлеуметтік және мәдениет, білімді дамыту бағдарламасы, денсаулық сақтау, туризм мен бизнес салаларындағы жетістіктер таныстырылды.
Қарағанды облысының әкімі С.Ахметов Президентке өңірдің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік саладағы дамуы туралы баяндады. 20 жыл ішінде облыстағы жалпы өңірлік өнім 2 млрд. теңгеден 2 трлн. теңгеге дейін ұлғайған. Бүгінде облыс жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша 3-орын алады. Соңғы 10 жылда өнеркәсіп өндірісі 3,8 есеге өсті.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына Қарағанды облысынан жалпы сомасы 272,8 млрд. теңгені құрайтын, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын, 42 инвестициялық жоба енгізілді. Бүгінгі күннің өзінде 18 жоба іске асырылды.
Жетістіктер көрмесі кезінде Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлады. Облыста жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім ең жоғары көрсеткіштің бірі. Ол 2010 жылдың қорытындысы бойынша 19 мыңнан астам долларды құрады.
Егер 1993 жылы өңір республиканың өнеркәсіп өндірісінің 4,5 пайызын қамтамасыз етсе, бүгінде облыстың үлесіне 16,5 пайызы тиесілі. Жан басына шаққанда инвестиция тарту көлемі бойынша елімізде екінші орын алады.
Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 3 миллион шаршы метрге ұлғайды. 20 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерде тұрып жатыр. Әр ауылда газ, су, жарық, байланыс, Интернет және телевизия бар. 20 жылда Маңғыстауда 160 балабақша мен жалпы білім беретін мектеп, соның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» және «Балапан» бағдарламалары аясында ашылды. Аурухана мен емхана саны екі есеге артты.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Біләлов Президентті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелерімен таныстырды. Солтүстік Қазақстан облысында республикалық көлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 пайызы өндіріледі. Биылғы жылы солтүстікқазақстандық диқандар түсімділігі гектарына 21 центнерден келетін, 8 млн. тоннадан астам астық жинады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына Солтүстік Қазақстан облысынан сомасы 28,5 млрд. теңге болатын 15 инновациялық жоба енгізілді.
Өңірде 103 мың адам еңбек ететін, 21 мыңнан астам белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру картасы әзірленген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайының Опера залына келіп, үш облыстың күндерінің гала-концертін тамашалады.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, О.БАЛМҰРАТ.