Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Парламентшілер ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру үшін парламенттік бірлестіктің бас хатшысы Элин Уэйерді қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата Төрағасы мейманға Ядролық қарусыз әлем үшін халықаралық форумның жұмысына қатысуға келгені үшін ризашылығын білдірді. Сіздің ұйымның мақсаты ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі ортақ мүддеге әлем парламентшілерін біріктіруге бағытталған. ХХІ ғасыр ядролық қарусыз ғасыр болуы – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді О.Мұхамеджанов. Қазақстан – бейбітшілік пен қауіпсіздік мақсатын ұстанған мемлекет. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамыз күні «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қоюы маңызды қадам болды. Содан кейін Қазақстан ядролық қарусыздануға қатысты барлық басты құжаттарға қол қойды.
Мәжіліс Төрағасы әлемде апатты қаруға қарсы мәлімдемелер, декларациялар көп болғанын, алайда, Қазақстан дүние жүзі бойынша ядролық қарудан бас тартқан бірінші мемлекет екенін айтты. Семей сынақ аймағында 40 жыл ішінде 456 ядролық сынақ жасалған. Соның залалынан бір жарым млн адам зардап шекті. 304 мың шаршы километр жер уланды. Осындай апатты бастан кешкен Қазақ елі ядролық қарудың қандай тажал екенін жақсы біледі. 2006 жылы Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағын құру туралы келісімге қол қойды, деді Мәжіліс Төрағасы.
О.Мұхамеджанов сондай-ақ 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы қарар қабылдағанын жеткізді. 2010 жылы сәуір айында Вашингтон қаласында ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық Саммитте Президент Н.Назарбаев ядролық қарусыз әлем декларациясын әзірлеу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады. 2011 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті осы бастамасын тағы да жария етті, деді О.Мұхамеджанов.
Мәжіліс Төрағасы мейманға биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтетінін, осы кезең ішінде Президент Н. Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан жаңа мемлекет пен демократиялық институттарды қалыптастыруда, ұлттараралық және діндераралық келісімді сақтауда айтарлықтай жетістікке қол жеткізгенін мәлім етті. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын, елімізде 140-тан астам ұлт пен ұлыс, 40 шақты діни ұйымдар өкілдері бейбіт тұрып жатқаны мәлімделді.
Элин Уэйер өз кезегінде ядорлық қарусыздану ісінде Қазақстанның үлкен тәжірибесі бар екенін айтты. Мейман өзі жетекшілік ететін ұйымның атқарып жатқан қызметтеріне тоқталды. Ұйым бүгінгі таңда әлемнің 75 елінен 800-ден астам парламентшіні біріктіріп отыр. Астанадағы форум ынтымақтастық байланысты дамыта түсетініне сенімдімін, деді мейман.