«Ядросыз әлем үшін» халықаралық конференциясының түске дейінгі мәжілістерінің соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың қатысуымен журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өткізілді. Оны СІМ-нің жауапты қызметкері Роман Василенко ашып, алғашқы сөзді Қ.Саудабаевқа берді.
– Құрметті журналистер, баспасөз конференциясына қатысушылар, деп бастады ол өзінің сөзін. – Бүгінгі «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумының осыдан 20 жыл бұрын ядролық полигонды жапқан, бүкіл әлемде қуаты жөнінен төртінші орындағы ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тартқан Қазақстанда өтіп отырғандығының өзіндік мәні бар. Бүгін біздің жас елімізге әлемнің көптеген мемлекеттерінен парламентарийлер, саяси және мемлекет қайраткерлері, халықаралық ұйымдар басшылары, ядролық қаруды таратпау жөніндегі дүниежүзілік үдерістердің белсенділері келіп отыр. Бұл форум Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде. Одан әрі Қ.Саудабаев мәртебелі қонақтар арасынан баспасөз мәслихатына МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Аманоның, ЯСЖТШҰ атқарушы хатшысы Тибор Тоттың, АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понеманның келіп отырғанын атап өтті. Бүгінгі форумымызға әлемнің көптеген елдерінен осыншалықты беделді өкілдіктің келуі дүние жүзі қауымдастығының біздің еліміздің және оның Көшбасшысының ғаламдық қауіпсіздікті сақтауға және ядролық қатерді азайтуға қосқан үлесіне берілген үлкен баға деп есептеу керек. Форумдағы басты оқиға Президент Н.Назарбаевтың осы жиында сөйлеуі болды. Мемлекет басшысының ядросыз әлемге жетудің стратегиялық жолдарын айқындауы ядролық қаруды таратпау қозғалысына нағыз жол картасы ретінде қолданылатын болады.
Форумдағы пікірталастар барысында қатысушылар адамзатты ядролық қарудан азат етудің, ядролық сынақтардан және ядролық нысандардың апаттарынан зардап шеккен аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды шешудің өзекті мәселелерін қарастырады. Форум қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданады, дей келіп, Қанат Саудабаев сөзінің соңында: жалпы алғанда, біз «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумы адамзатқа пайдалы мақсаттарды орындауға мүмкіндік берер деген үміттеміз, деп өзінің ойын қорытты.
Одан кейін МАГАТЭ-нің Бас директоры Ю.Амано және басқалары өздерінің қысқа мәлімдемелерін жасады. Олардың сөздерінің бәрі Қазақстанның ядросыз әлем құру жолындағы үдеріске сүбелі үлес қосып жүргендігін және оның осы мақсаттар жолындағы істерінің маңызын атап өтуге сайды. Осыдан кейін баспасөз мәслихатына қатысушылар журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде ядролық қуатты бейбіт мақсатқа пайдалану жөнінде МАГАТЭ басшысына көптеген сұрақтар қойылды. Ядролық қуатты қолдана бастаған елдердің бәрін қару жасап жатыр деген күдіктің қайдан шығатынына жауап беруді өтінген сұрақтар көп болды. Мәселен, Иранның ядролық қуатты пайдалануға қарсы әлем қауымдастығын қарсы қоюдың негізі бар ма деген сауал қойылды. Оған МАГАТЭ басшысы Иранның ұзақ уақыт бойы ұйыммен ынтымақтасудан бас тартқандығы және басқа да себептер болғанын айтты. Жалпы, біз ядролық қуатты бейбіт мақсатқа бізбен ынтымақтаса отырып пайдалануды қолдаймыз, деді Бас директор.
«Егемен-ақпарат».