
Мақалада бәсекеге қабiлеттiлiк, прагматизм, ұлттық бiрегейлiктi сақтау, бiлiмнiң салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді мәселелерге баса назар аударылған. Бүгінде бұл мәселелердің барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының «жол картасына» айналып отыр. Сананың жаңғыруы қоғамның қазіргі жаһандық сұраныстарына жауап бере отырып, ғылым мен техниканың, саясат пен экономиканың, әлеуметтік өмірдің ең озық үлгілерін қабылдап, жүзеге асырумен қатар, ұлттың ұйысуына, ортақ жетістіктерге жетуіне ықпал етеді.
«Қазіргі күні елімізде саяси реформа мен экономикалық жаңғыру үдерісі қатар жүргізілуде. Бұл процестердің негізі – Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу. Аталған реформалар ойдағыдай іске асу үшін ең алдымен рухани жаңғыруды іске асыру қажет. Біз әлемдік технологияны, жаңалықтарды қабылдай отырып, өз ұлтымыздың тарихи тәжірибесі мен дәстүрлерін сақтау арқылы дамуымыз керек. Біз озық елдермен иық теңестіруіміз үшін бәсекеге қабілетті болуымыз керек» – деді Елбасы өз мақаласында.
Бүгінде Мемлекет басшысы ұсынған жобалар халық арасында қызу қолдауға ие болып отыр. Мәселен, «Туған жер», «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» және т.б. жобалар іске асырыла бастады. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы қоғамдық келісім мен бірліктің, елжандылық қасиеттердің нығаюына, сол арқылы жауапкершілігі жоғары ұлт азаматтарын қалыптастыруға негіз болмақ. Ұлттық кодымызды, дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді сақтап қана қоймай, оны әлемдік өркениеттің озық үлгілерімен байыта аламыз.
Ұлы даланың бай тарихы елін сүйетін, жерін қастерлейтін жаңа қазақстандық ұрпақты тәрбиелеудің негізі. «Туған жерге туыңды тік» деген дана халқымыз. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Кез келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай білуі керек. Мемлекет басшысы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Елбасы білім, ғылым, зияткерлік қабілет және сапалы еңбек арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру керектігіне ерекше тоқталды. Әрбір адам өз тарихын терең біліп қана қоймай, заман талабына сай қасиеттерге де ие болуы керек. Қазір «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламаларын жүзеге асыру маңызды.
Төрт өркениеттің төрі болған Сыр өңірінде туризм кластерін қалыптастыру мүмкіндігі жоғары. Жұлдызды аспан әлемі мен жұмыр жерді байланыстырған «Байқоңыр» мен түркі мифологиясының қайнар көзі – «Қорқыт ата» кешені жаһандық ЭКСПО-2017 көрмесінің нысанына айналып отыр.
Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік мұралары, өсиет-қағидалары қоғамның бүгінгі тыныс-тіршілігімен де үйлесім тапқан. Сондықтан болар, Сырдың шежірелі сырға толы жазық даласы мен сай-саласы шетелдіктердің ортаазиялық саяхаттық бағытына енгізілген. Бүгінде мемориалдық кешенді көруге асыққан туристердің қарасы қалыңдай түскен.
Тарихтан мәлім, Сырдың бойы сақ пен оғыздың орталығы болған, қазақтың байрағы тігілген тарихи шаһарлар мекені. Қазіргі таңда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен жыл сайын «Ұлы Дала елі» тарихи экспедициясы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Тамыз айының бас кезіне жоспарланған кезекті «Ұлы Дала елі» тарихи экспедициясы Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының Арыстан баб, Отырар қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран және Сығанақ қалалары секілді тарихи-мәдени, рухани орталықтарға саяхат жасап, еліміздің киелі орындарының географиясымен танысуды белгілеп отыр. Экспедицияның мақсаты – Оңтүстік өңірдің тарихи-мәдени және рухани мұрасымен танысу, оқып-үйрену арқылы бірегейлік пен ұлттық тұтастықты нығайту, туған жердің киелі орындарына барып елжандылық қасиеттерді арттыру.
Бір жылдары Каспиймен қабысып жатқан Арал айдыны келмеске кеткендей көрініп еді. Ал бүгін «ғасыр жобасының» ғаламат нәтижесіне күллі әлем таңырқай қарайды. Тәуелсіздіктің туын тіккен ширек ғасыр шеңберінде шаруасына шыр біткен аймақтың әлеуеті әлденіп, келбеті әрленіп келеді. Тоқсаныншы жылдары егемендігін енді ғана еншілеген ел үшін Аралдан өзге де түйткілдер көп еді. Алайда, Елбасы күллі адамзат қасіретімен күрес жолында әлемдік қоғамдастықты жұмылдыра білді. САРАТС – сенімді ақтады. Судың деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеп, балық өрісі жанданды. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің, ырысты ынтымағының көрінісі.
Тарихты тұлғалар жасайды. Бұл өмір ақиқатымен келген заңдылық. Бағдарламалық мақалада ұсынылған «100 жаңа есім» жобасын әзірлеу уақыт талабынан туындаған, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің жаңа бағыты болмақ. Бауырына талай ұлтты сыйғызып, айрандай ұйып отырған қазақ жерінің бір бөлшегі – Сыр өңірі.
Өңірімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгізіліп, есімдерін бүкіл елге танытуға лайық адамдар бар. Атап айтқанда, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Сыр жерінің мақтанышы Александр Зайчиков. Қыз бала болса да, Қазақстан ғана емес, әлем алдында ер азаматтың ісіне татырлық жеңісті еліне сыйлап, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелете асқақтатқан боксшы, Сыр өңірінің тумасы Марина Вольнова. Қазақстандық қыздар арасында тұңғыш әлемдік Гран-при жарыстарында жүлде алған мәнерлеп сырғанаушы – Элизабет Тұрсынбаева. Қазақ тілі қанымен емес, отбасындағы тәрбиемен дарыған, 2016 жылы Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты болып сайланған Геннадий Шиповских еліне деген сүйіспеншілігін ісімен дәлелдеп, халықтың сенімін ақтау азаматтық парызы санайтын отаншыл тұлға.
Бәсекеге қабілетті озық отыз елдің қатарына кірігу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу үшін берекелі бірлігіміз бен тұтастығымыз ерекше құнды. Дана халқымызда «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген асыл сөзі бар. Бүгінгі күні елімізде орнаған бірлік пен тату тірлігіміз үшінші жаңғыруды жүйелі жүзеге асырудың негізі болмақ.
Ләйлә ТӨРЕШОВА,
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі