Қазақстан әлемдегі астықты мемлекеттердің бірі. Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған жылдардан бері оның өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қабылданған үкіметтік бағдарламалар мен «Астық туралы» заң нәтижесінде саланы мемлекеттік қолдау мен оған инвестициялар тарту, жаңа технологиялармен қаруландыру, экспорттық бағыттарды айқындау мен нығайту мәселесі шешімін тапты. «ҚазАгро» холдингінің аясында мемлекет құрған «ҚазАгроҚаржы» корпорациясының қолдауымен астық өндірушілерге лизингтік негізде көптеген жаңа техникалар; комбайндар мен тұқымсепкіштер, бірнеше операцияларды бірден жүзеге асыратын қазіргі заманғы жер өңдеу құралдары сатып әперілді. Ондай техникаларды құрастыратын отандық өндірістер де пайда болды. Жаңа элеваторлар мен астық сақтау қоймалары салына бастады. Еліміздің өз ішінде және шетелдердегі теңіз порттарынан астық терминалдары салынды және сатып алынды. Астық өндірушілерге көктемгі егіс және күзгі жиын-терім кезінде жанар-жағармай арзан бағамен босатылатын болды.
Оның үстіне, астық шаруашылығын дамыту және азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет құрған тағы бір іргелі құрылым Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы арқылы шаруалардың қолындағы басы артық астық мемлекеттік қорға сатып алынып, артық өнімді өткізу мәселесінде де көмектер көрсетіліп келеді.
Міне, осындай жан-жақты ойластырылған кешенді шаралардың нәтижесінде астық өндірісі соңғы бес-алты жылдан бері басымдықпен дамытыла отырып, ел экономикасының жетекші салаларының біріне айналды. Астық шығымдылығы мен сапасы жылдан-жылға артып (әрине, бұл ретте табиғи фактордың үлкен рөл ойнайтындығын да естен шығаруға болмайды), оны жинап алу мерзімі қысқара түсті. Бұрынғы Кеңес одағындағы жағдаймен салыстырғанда орақ науқандарын айғай-шусыз, жинақылықпен өткізу дәстүрі берік қалыптасты. Сөйтіп, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіп айтсақ, өз тәуелсіздігіне ие болғанына көп өте қоймаған еліміз аз жылдың ішінде әлемге танымал астық державасына айналып үлгерді.
Қазақстан қазіргі күні әлем елдері арасында ірі көлемде астық экспорттайтын жетіліктің құрамына кіреді. Ал ұн экспорты жөнінен әлем бойынша бірінші орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар Қазақстан астығы нанға айналдырған кезде қамырлылығы мол сапалығымен де ерекшеленеді. Сол сапаның нәтижесінде астық біздің халықаралық рыноктарға мақтанышпен ұсынатын басты брендтік өнімдеріміздің біріне айналды.
Сөйтіп, адамзат баласының 70 пайызы қоныс теуіп отырған Еуразия атты алып құрлықтың кіндік тұсында, яғни әлемдік мұхиттардан жырақта орналасқандықтан ылғал аз түсіп, оның орнына күн шуағының молынан түсуінен ерте сарғаятын, осыдан барып Сарыарқа атанып кеткен алып даламыз астық берекесі тұрғысынан алғанда нағыз құт қонған қасиетті өңір болып шықты. Алғашқы қазақ хандығы құрылған кезде халыққа жайлы қоныс табу мақсатында Асан қайғы бабамыздың желмаяға мініп алып (сол кездері бабамыздың желмаяға мінуінде де бір гәп бар-ау), тынбай іздеген Жерұйығы да осы жер ме екен дейсіз. Біз бұл өлкенің қасиетін енді ұғып, әлеуетін де енді аша бастаған сыңайлымыз.
Миллиондаған гектарларға созылып жатқан алып далада жазғы күндері көкөрім сабағымен күнге қарай ұмтылып, жер бетіне еркін өніп шыққан астық алқаптары көк теңіздей толқиды. Ал берекелі күз айларында сары кілемдей жайнайды. Міне, осы даланың қақ ортасында жылдан-жылға келбеттеніп, жарқырай және асқақтай түскен Қазақстанның інжу-маржаны – оның жаңа елордасы Астана қаласының орналасуы сол даланың басына кигізілген тәждей көрініп, маңғаз да сабырлы Сарыарқаға кербездік сипат береді. Бұл – бүгінгі күннің көрінісі.
«Еткен еңбек, төккен тер еш кетпейді» дейді дана халқымыз. Қазақстанда өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығынан бері жанталаса атқарылған жан-жақты жұмыстарды, жүздеген жылдар бойы бодандық тепкісінде боздаған қозыдай қоңыр халықтың бейбітшіл ізгі ниетін, жақсы өмірге деген ұмтылысын Табиғат ана да іштей құптап, қол ұшын созғандай. Өйткені өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлауға санаулы күндер қалған тұста, ел берекесінің тасығандығы сондай, егер сөздің тура мағынасында айтатын болсақ, Қазақстан мол астықтың астында қалайын деп тұр. Елімізде бұрын-соңды алынбаған астық алынайын деп тұр. Оған көз жеткізу үшін ресми деректер хроникасына көз салып өтейік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі осыдан біраз бұрын Қазақстанда 2011 жылы 18-18,9 миллион тоннадай астық жиналуы мүмкін деген хабар таратқан еді. Былтырғы қуаңшылық жылы 12 миллион тонна астық жиналғандығын еске алсақ, мұның жоғары көрсеткіш екендігіне бірден көз жеткіземіз.
Мұнан кейін министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аман өзінің 15 қыркүйек күні журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында сол күнгі мәлімет бойынша елімізде 16 миллион тонна астық бастырылғандығын хабарлап, оның жалпы көлемі 20 миллион тоннаға жетіп жығылатындығын жеткізді.
Осылай болжам көрсеткіші уақыт өткен сайын бірте-бірте өсе берді. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің өзі осыдан кейін өткен «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының Үкіметпен өткізген отырысында республика бойынша астықтың әр гектарының өнімділігі 16 центнерге жуықтағандығын, кейбір шаруашылықтар 30 және одан да көп центнерден астық бастыруда екендігін, статистика бойынша мұндай өнімділік көрсеткіші 50-інші жылдардан бері қайталанбағандығын атап көрсетті және Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының шаруалардан 5 миллион тонна астықты сатып алатындығын мәлімдеді.
Ал министрліктің баспасөз қызметі 22 қыркүйек күні егіс алқаптарының 77,5 пайызында астық жиналып, көлемі 19,9 миллион тоннаны құрағандығын, астықтың жалпы көлемі 20 миллион тоннадан да асып түсетіндігін, сөйтіп соңғы 60 жыл көлемінде рекордтық өнім алынады деп күтіліп отырғандығын жариялады.
23 қыркүйек күні Қазақстанда 25 миллион тоннаға дейін астық жиналатындығы мәлім болды.
Қазіргі күні елімізде мол астық жолындағы күрес хроникасы осылайша өріс алуда.
Мұның сыртында Статистика агенттiгiнiң баспасөз қызметiнің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2011 жылы 18 млн. 646 мың 800 гектар аумаққа жаздық ауылшаруашылық дақылдары егілді. Соның ішінде 16 миллион 255 мың 900 гектарға дәнді дақыл егілсе, оның 14 миллион 102 мың 600 гектарына бидай себілген. Сонымен қатар агенттіктің баспасөз қызметі Қазақстанда дәнді дақылдардың бағасы 2011 жылдың басынан бастап 14,8 пайызға өскендігін хабарлады. Әрине, өндірген өнімдері жақсы бағаланып жатса, бұл диқандар үшін үлкен жақсылық.
Бұрын-соңды болмаған мол астық жолындағы күрестің ендігі үлкен мәселесі оны қайда қоямыз деген сұраққа тіреліп тұр. Елдің ішкі сұранысын қанағаттандыруға 8 миллион тонна жетеді. Сонда 25 миллион тонна астық жиналған жағдайда оның 15-17 миллион тоннасын экспорттау қажет болады. Ал мұншама мол астықтың бір сәтте сыртқа шығарылмайтындығы белгілі. Сондықтан экспорт мәселесін елімізге қолайлы баға бойынша жүйелі де ырғақты жүргізу үшін, ең бірінші, жиналып жатқан астықты сақтау мәселесі өткір сипатқа ие болып отыр. Бізге келіп түсіп жатқан деректер бойынша Ақмола облысындағы элеваторлар қазірдің өзінде астыққа толған. Әрине ол астық саудаға шығарылып, орындар босатылып та жатыр. Бірақ сақтау кезегін күтіп тұрған астық көлемі қаншама. Шамасы тағы бір өңір – Қостанай облысындағы жағдай да осыған ұқсас болар. Өйткені бұл облыста да қазірдің өзінде 6 миллион тоннадан астам астық бастырылып үлгерген. Елден келген адамдар бұл облыстың да қамбалары лық толып, қамбалары жоқ шағын шаруашылықтардың өз астықтарын сатып алушының ұсынған бағасымен келісуге мәжбүр болып, даладан, егіс басынан тікелей сатып жатқандығын айтуда.
Әйтеуір, көңілге жұбаныш ететін бір мәселе, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстанның биылғы рекордтық өнімін сақтау мәселесі шешімін табатындығын айтып, диқан қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. «Новости-Казахстан» ақпараттық агенттігінің таратқан хабары бойынша, министр биылғы жиналған астықтың құрғақ болып шыққандығын, сондықтан оның бәрін элеваторларда кептіріп сақтау қажет те болмайтындығын жеткізген. Оның үстіне, министрдің келтірген деректері бойынша, Қазақстандағы астық сақтайтын орындардың жалпы қуаты 22 миллион 559 мың тоннаға жетеді. Мұның 13 миллион 579 мың тоннасы астық қабылдау пункттері де, 8 миллион 980 мың тоннасы астық қоймалары. Оның үстіне осы 13,6 миллион тонналық астық қабылдау пункттерінің әзірге 46 пайызы ғана астықпен толған екен.
Оның үстіне, Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов: «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қатысуымен өткен жылдан бастап жалпы астық сақтау сыйымдылығы 327 мың тонна болатын 13 астық сақтау қоймасы пайдалануға берілді. Бұлар – Солтүстік Қазақстан облысындағы 6 астық қоймасы, Ақмола облысындағы 6 астық қоймасы. Мұның сыртында Маңғыстау облысының Бейнеу кентінде ҚазАгроның қаржыландыруымен «АПК Инвест» ЖШС қазіргі заманғы астық терминалын құрды. Оның астық аудару жөніндегі жылдық қуаты 1,5 миллион тоннаны, астық сақтау қуаты 100 мың тоннаны құрайды. Осыған қосымша 2011 жылғы қазан айының бас кезінде жалпы сыйымдылығы 61 мың тонналық тағы екі астық қоймасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда» деп хабарлады.
Сөйтіп, биылғы жылы иіген табиғаттың берекесін шашпай-төкпей жинап алу, өскен астықты ел кәдесіне жарата білу Ауыл шаруашылығы министрлігі мен астықты өңірлер әкімдеріне ерекше сын болып тұр. Жоғарыдағыдай деректер олардың сол сыннан сүрінбей өтетіндігіне деген сенімді нығайта түседі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.