Жекпе-жек • 10 Тамыз, 2017

Джиу-джитсу бізге де жат емес

242 реткөрсетілді

Сәтін салса, жапондық жекпе-жек өнерінің бір түрі – джиу-джитсудан ADCC әлем чемпионатын 2020-2021 жылдары Алматыда өткізу жоспарланған. ADCC әлем чемпионаты дегеннің өзі аталмыш спорт түрінде дәрежесі Олимпиадамен бірдей дода.

Ал әлем чемпионаты туралы жағымды жаңалықты БАҚ өкілдеріне Қазақстандағы бразилиялық  және грепплинг федерациясының президенті Төлеген Құмаров жеткізді. 

– Біздің Қазақстандағы федерация 2013 жылы құрылған. Алғашында джиу-джитсумен айналысатындардың басым бөлігі АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқитын студенттер еді. Бастапқы кезде турнирлерге 40-60 спортшы ғана қатысатын. Енді бұл спорт түрі елімізде балалардың да, ересектер арасында да жақсы дамуда. Қазіргі біздің жарыстарға қатысып жүрген 600-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтайды. Тоқсаныншы  жылдары UFC-де бақ сынаған спортшылардың арасында бразилиялық джиу-джитсу әйгілі болатын, оның үздіктері жүлделі орындардан көрінді. Меніңше, UFC турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Ройс Грейси әлі де ел аузында. Ол мықты қарсыласты қара күшпен емес, әбжіл әдістермен ұтуға болатынын дәлелдеді. Осынысымен де джиу-джитсу өзге спорт түрлерінен ерекше, – дейді Төлеген Құмаров.

Олимпиадаға пара-пар  ауқымды турнирді ұйымдастыру үшін біріншіден, осынау спорт түрін елде кеңінен насихаттау қажет.  Екіншіден, ірі жарыстарға қатысып, сырт елдерге танылу керек. Осы жолда ауқымды шаралар қолға алынып та жатыр. Мысалы, алдымыздағы қыркүйекте жерлестеріміз ADCC әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Байрақты бәсеке Финляндияда өтеді және Ройс Грейсидің супер файты жүреді.
Төлеген Құмаров егер Ройс Грейсидің жанкүйерлері қаласа, оны елдегі спортшылардың шеберлігін шыңдауға шақыратынын айтады. Бүгінгі таңда Қазақстанның бразилиялық джиу-джитсу және грепплинг федерациясы демеушілердің қолдауымен осындай семинарларды өткізіп жүр. 
Бір айта кетерлігі, біздің джитсерлер халықаралық деңгейдегі төрешілердің сарабынан өтіп, арнайы сертификаттарын иемденуде. Отандық федерация шама-шарқынша жас спортшылардың халықаралық аренадағы бәсекелестерімен иық теңестіруіне күш салып келеді. Дегенмен, мықтылармен теңесу үшін әлі уақыт керек. Өйткені, бізде қара және қоңыр белбеу иегерлері аз. Осы спорт түрінен қара белбеу иегері атану үшін, кем дегенде 10 жыл айналысу қажет көрінеді. 

Ал Төлеген Құмаровтың өзі қызылкүрең белдігінің иегері. Бұған дейін, ол каратэ, дзюдо және самбомен айналысқан. Кейін джиу-джитсуды таңдағанына еш өкінбейді. Қазіргі таңда, ол әріптестерімен бірге түрлі жобалармен, сонымен қатар, ArlanGripSelection турнирін ұйымдастырумен  айналысады. Аталмыш жарыс тек біздің елде ғана емес, өзге мемлекеттерде де  танымал.  

Осы жерде қазақстандық джитсерлер жайлы тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісе кетуге болады. Олар тұңғыш рет 23-24 қыркүйек күндері Финляндия мемлекетінде өтетін ADCC әлем чемпионатында бақ сынайды. Дүбірлі додада Османжан Қасымов (77 кг) және Мұхаммад Сүлейманов (+99 кг) ел намысын қорғайтын болады.

Өз кезегінде ADCC әлем чемпионаты әр екі жылда ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн. Мұндай бәсекеге қатысу үшін джитсер екі кезеңде жеңіске жету қажет. 

– Ал біздің спортшыларымыз да іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, әлем біріншілігіне жолдама алып отыр. Олар Қазақстан чемпионаты мен Азия және Океания біріншілігінде жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті. Биыл Османжан Қасымов Жапонияда чемпион атанса, Мұхаммад былтыр Алматыда өткен Азия және Океания чемпионатының жеңімпазы. Әлбетте, жақсы нәтижелерге жетуден үміттенеміз. Әлем біріншілігіне қатысудың өзі – жетістік, дегенмен, бірінші орынның ақшалай қоры 40 мың доллар, – дейді федерация басшысы.

Төлеген Құмаровтың ойынша, мұндай жүйе барлық жерге енгізіліп жатыр екен. Ақшалай сыйлық спортшылардың ынталарын арттыратыны айдан анық. Тіпті, жасөспірімдерді аталмыш спорт түріне қызықтыру үшін жарыста  жеткіншектерге бағалы сыйлықтар табысталады. Көптеген клубтар жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға джиу-джитсумен айналысу үшін қолдау көрсетеді. 

Бүгінгі күні, Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбеде аталған спорт түрі қарқынды дамып келеді. Федерация басшысы Қазақстанның әр аймағында джиу-джитсумен айналасатын кем дегенде бір клубтың бар екенін қуана айтты.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Тойтөбеге  саяхат 

Аймақтар • Бүгін, 09:14

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар