Қашанда сүт және сүт өнімдері күнделікті сұранысқа ие. Кез-келген жан күніне бір стақан сүт, айран немесе қаймақ, ірімшік, сары май жемеуі, тіпті болмағанда шайына сүт қатпауы мүмкін емес. Сүтсіз тіршілік жоқ. Онда адам ағзасына қажетті заттың бәрі бар. Әсіресе, «ақ мол болсын!» деп бата беретін халқымыздың қариялары үшін де, сәби балалары үшін де ақтың маңызы зор. Өкінішке орай, бүгінде Қазақстан сүтті шетелден тасымалдап отыр. Дүкендерге кіре қалсаңыз толып тұрған құрғақ сүт өнімдері. Қолдың сүті немесе үйдің сүті деп жарнамалап сатып тұратын жайма базардағылардан сүт сатып алу күрделі мәселе. Жарнамасы қызықтырғанмен көңілге қобалжу ұялататыны рас. Себебі осындай сүттерден бруцеллез сяқты түрлі аурулар жұқтырып алуың да ғажап емес. “Ақ ішсең – ағарасың” деген халқымыз қазірде көшелерде сатып жататын сүттердің жасанды, табиғи екендігін көзбен қарап айыра алмасы анық. Ол үшін арнайы зертханалар жұмыс істейді. Бірақ көшеде сүт сатушылардың қайсысын қолынан сүйреп зертханаға апарып жатасыз. Тіпті олардың арасында өзінің адал малының таза сүтін сатып күн көріп отырғандар да бар. Таяқтың бір ұшы осындайда, өкінішке орай, оларға да тиеді. Себебі жайма базарға тексеруші келіп тексеріп, құқық қорғау қызметкерлері қуғындап жатқанда бәрі де жалтарып қашуға мәжбүр. Сапасыз сүт мәселесіне келсек, оның құрамына көлемін көбейту үшін кейбіреулер су, тұз, әк те қосады екен, сосын ұн салып қоймалжың, қою сүт жасап шығарады. Жақында мынандай бір оқиға болды. Ауылдан қалаға көшіп келген Әлима әжей бірден қаланың тірлігіне көндіге алмай, қолдың сүтін адақтап қаланы біршама кездім дейді. Сөйтіп жүре-жүре ол кісі көшеде сүт сататын әйелмен жақсы таныс болып, тіпті аралас-құралас үйіне барып тұратын да мәртебеге жетеді. Содан не керек, дейді Әлима әжей бір күні сүт сатушымның үйіне бара қалсам, кір жуып жатыр екен. Сөйтсем бұл кір емес сүт болып шықты. Қалай жасағандығын көргем жоқ. Әйтеуір қазіргі заманғы кір жуатын машинаға құрғақ сүт ұнтағын толтырып, тоққа қосып айналдыруға жібереді. Содан не керек, әбден айналған, бабына келген сүтті құйып сусындардан босаған пластик құтыларға құйып алады екен. Бизнесі де өрлеп тұр, жасанды сүті де жақсы, денсаулыққа аса зиянды емес. Бруцеллез дегенді мұндай сүттен таба алмайсың, әрине.
Халқының денсаулығын ойлаған мемлекеттерде сүт және сүт өнімдерін қолдану көрсеткіші өте жоғары. Мәселен, Франция мен Германияда бір кісі жылына 460 литр сүт өнімін пайдаланса, Скандинавияда 500 литрден жоғары. Қазақстанда жан басына шаққанда 260 литр, тіпті мұның өзі орта көрсеткіш, бұдан төмен мәлімет те бар. Мамандардың айтуынша, тұрғындар қолданатын тағамдардың 80 пайызы өзімізде өндірілген кезде ғана азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.
Бірақ дәл қазіргі жағдайда отандық сүт өндірушілер елімізді толық қамтамасыз ете алмай отыр. Бізге шетелден келетін сары май 31 пайызды, ірімшік түрлері 67 пайызды, сүт-қаймақ 85,3 пайызды құрауда. Сондай-ақ қыр асып, шетелден келетін құрғақ сүт көлемі – 90 пайыз. Шетел дегеніміз кімдер десек, қазақ рыногын бәсекелестікпен жаулап тұрған көрші ТМД-дағы кәсіпкерлер екен. Мәселен, Украина мен Белоруссия ірімшік әкелуде оза шапса, Ресей сүт тасымалының шебері. Қазақстан Сүт одағы мамандарының пікірінше, Қазақстан рыногында тіпті балмұздақтың да тең жартысын тысқары жатқан елдер жеткізіп беріп отыр. Себебі оларда тасымал жағдайы, көлік, мұздатып сақтайтын технологиялар бәрі жақсы жолға қойылған. Егер 1990 жылы Қазақстанда 85 мың тонна май шығарылса, бүгінде ол 11,7 мың тонна ғана. Табиғи ірімшік осыдан жиырма жыл бұрын 32,7 мың тонна болса, бүгінде 8 мың тоннаның көлемінде ғана. Кезінде дүрілдеп тұрған Кеңес өкіметінің колхоз, совхоздары тарап кеткеннен кейін елімізде мал басының 95 пайызы жеке меншікке тиесілі болып қалды. Ал олар ірі қараның сүтті бағыттағы малын өсіріп, басын көбейтіп жатыр ма, жоқ па оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Сондықтан да, тауарлы-сүт фермаларының көрсеткіші 5 пайыздай ғана, әрине осыдан кейін ішкі рынокты импорт жауламағанда кім жаулайды?! Ал Кеден одағына мың ойланып, жүз толғанып барып кірген Беларусь көршілерімізде жағдай мүлде басқаша. Олардағы сүт өңдеу саласына 95 пайыз сүтті тауарлы-сүт фермалары береді.
Мамандардың пікірінше, елімізде де осындай сүт өңдейтін, өндіретін кешендерді көбейткенде ғана жағдай оңынан шешілмек. Фермерлік тауарлы-сүт кешендерінде сиыр сауудан басқа, сүттің сапасын анықтау, сақтау, жинау мәселелері дұрыс жолға қойылатыны анық. Ал жеке меншік үй шаруашылығындағыларда оның бәріне жауап беретін жоғары технологиялар жоқ. Бүгінде Үкімет тауарлы-сүт фермасын құру идеясын қолдап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жақын маңда 35 сүт тауарлы ферма құруды тапсырып отыр. Дегенмен, елімізде әзірше жұмыс істеп келе жатқан бірен-саран сүт өңдейтін кешендердің де жағдайын назардан тыс қалдырмаған жөн сияқты. Себебі олар әлі күнге дейін тозығы жеткен құралдармен, ескі жабдықтармен жұмыс істейді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.