Көкшетау қаласы – Сарыарқаның саумал самалы тербеткен сайын даласында сұлудың жасауынан үзіліп қалған әсем әшекей сынды Бурабайынан бастап, зерлі Зерендісін, атақты да аруақты Айыртауы мен Имантауын бауырына басып жатқан көркем көркімен, сұлу табиғатымен тамсандыра білген, «Оқжетпесімен» сұқтандырып, сексен көлімен сыр ұқтырған киелі өлкенің қасиетті ордасына айналған еді. Көкшетау деген атау енді бір ғана қаланың аясына сыймай, ол енді Батыс Сібір жазығымен Сарыарқаның аралығын алып жатқан жазиралы өлкенің бар қаласы мен даласының символына айналды. «Көкшетау!» деп асқақтады, «Көкше!» деп тамсанды, оған ғашық болды, оны бір көруге, ауасын бір жұтуға іңкәр болды адамдар!
Төрткүл дүниенің төрінде жүрсем де көңіл төрінен сен кетпейсің, Көкшетау! Талайлардың тал бесігі болып тербелген де, сұңғыла көкейді ән болып кернеген де, кең дүниенің сырын шайқап күйі де болып шалқып төгілген де сен едің, Көкшетау! «Өзің боп нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау, сен жүресің көкейімде», – деп күні кеше қайран да, қайран Еркеш ақынның жыр кеудесінен ала құйын болып ұйтқыған бораныңмен де, ұйыған аптап самалыңмен де, кең дүниенің ырғағымен тербелген биші қайыңыңмен де, көк қарағайы көкке қолын созған іңкәр да ұлпа көгіңмен де қымбатсың, ардақтысың, ажарлысың, сүйіктісің, сүйкімдісің!
Бауырыңдағы балапанын алдырған бүркіт іспеттес Бұқпа таудың тұрысы анау, әне! Кең дүниеге құлағын түріп, сол кең дүниенің тылсым сырын ұққысы келген сұңғыланың кейпімен баяу мүлгиді. Жарықтық мәңгілікке орнаған, сөйтіп, мәңгіліктің жырын айтуға жаралған Бұқпа таудың мазасын ақ толқыны жағаға тынымсыз соққылап жатқан Қопа көлі ғана алғандай ма, қалай?! Қайтсін-ай енді! Қопа да еркелегісі келеді әлде кімге! Қопа да қамыққан көңілінің кірін шайғысы келетіні бар. Дүние-ай, шіркін!..
Кімнің көңілі кірлемей жүр дейсіз осы күні. Адам баласының ең әуелі өз қадірін өзі білмеуінен жылап жатқан көңілдер қаншама. Төгілген көз жастарын айтсайшы! Дүние-ай, шіркін!..
Сол бір кемі бар көңіл дүниенің жұбанары да, жұбатары да сенсің, Көкшетау! Жүдеген де, үдеген де, құлазыған да, аспандап, асқақтаған да, жәбір көріп жасқанған да, аруақтанып айбаттанған да, қуаттанып қайраттанған да кездерің аз болмады-ау! Сөйткен Көкшетау сен енді, міне, тәуелсіз елімнің бір шырақты шаһары болып шамыңды жарқырата жағып отырсың. Қазіргі көркіңе, қазіргі келбетіңе қарап көңілімдегі сүйіспеншілігімді бір баса алмай-ақ қойдым. Көкшетау көркейген сайын көңілім өсіп, Көкшетау өркендеген сайын еңсем көтеріліп, Көкшетау абаттанған сайын жанымның жадырай түсетіні тағы да бар.
Шіркін, Көкшетау, талайларды тамсандырып, ән мен жырдың ырғағымен тербелген едің, әлі де тербелерсің! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзі қамқор болып Көкшетаудың түсіп кеткен еңсесін талай бір көтеріп, бағын жандырған пейіл-ниетіне де ел риза. Қазіргі Көкшетау астаналық облыстың орталығы болып отырса, ол да біздің Елбасының Көкшеге деген адал көңілімен таза жүрегінің мейірім шапағаты деп қабылдаймыз. Сол үшін мың алғыс Елбасына!
Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер әнімсің! Көкшетау, сен менің мәңгі айтып өтер сырымсың да, жырымсың да! Әне, қазіргі Көкшетау көңілімнің лағыл бір сезімдерін селдететін әсем бір күйімен жүрегімде тербеліп тұр.
Міне, түнгі Көкшетау! Сол түнгі Көкшетаудың көңіл көкжиегіндегі суретін айтайын ба сіздерге. Абылай хан даңғылын қақ жарып баяу ағып жатар Қылшақтының үстіндегі субұрқақтан әлемнің қызылды-жасылды сәулелері ойнап тұр. Көгілдір әлемнің көк сағымы да, жасылды дүниенің жасыны да алаулайды. Көкшенің тақта тастарынан тұрғызылған «Мақтай таудың» етегіндегі ал қызыл гүлге оранған алаңда аяғын енді басқан сәби талпынады өмірге. Жан-дүниесін аналық мейрімге шүпілдетіп алған сол сәбидің анасы да сәбиінің сүрінбеуін тілеген ақ жүрегімен мейірлене түседі. Сол ананың мейірімі бар, сол алаңдағы алаулаған сансыз шамдардың сәулесі бар кең дүниенің тар түнінің аясы кеңіп сала бергендей. Бір кездері жүдеп, жықпыл тастарының арасынан жатаған жантақ өсе бастаған, күтусіз, қараусыз қалған Мақтай тауға адамның мейірімі түсіп еді, ол да жасарып, жасанып, құлпырып, гүлдеп, түрленіп, әрленіп, әсерленіп сала берді.
– Көкшетау су үстіне түрлі-түсті бұрқақ орнатқан Қазақстандағы екі қаланың бірі, – деген облыс әкімі Сергей Александрович Дьяченконың да өз қаласына қуана қараған, өз қаласына сүйсіне көз тіккен кейпі көз алдыма келе қалғаны бар.
Жастығының отты жылдарын Көкшетау қаласында өткізгендіктен бе, Сергей Александровичтің осы бір кішкене ғана Көкшетауға деген ет жүрегіндегі үлкен бір сүйіспеншіліктің, үлкен бір құрметтің бар екендігін айтқан ләзім осы арада. Сол басшының Көкшетауды сүйе келгендігіне қуандым. Әкімнің Көкшетауды көркейтемін деп жүрген ниетіне ризамын. Қазіргі уақытта бір облыстың жүгі жүктелген Сергей Дьяченконың Көкшетау қаласындағы әр түп тал мен теректің солып қалмай көктеп өсуін өзі бақылап жүретіндігінің де куәсі болғандығымды неге айтпаймын?! Көкшетаудың әр көшесінің, әр алаңының алқызыл гүлзарларға айналуы үшін де жанымен шырылдап тынымсыз күй кешіп жүрген сәттерін де білемін. Енді қараңызшы, сол Дьяченконың өз қолымен, қолымен емес-ау жүрегіндегі Көкшетауға деген үлкен сүйіспеншілігімен жасалған гүлзарлар Көкшетаудың ажарын ашып, арайландырып, көркін келтіріп, көркейтіп, сәулесін шашып, нұрландырып жібергенін көзбен көріп, жүрекпен сезгендейсің.
Міне, көз алдымда тағы да түнгі Көкшетау! Бұған дейін ақ жауыны себелеп өтсе, батпағы бетіне шыға келер жолайрықтарындағы гүлзарлар түрлі гүлдердің исімен жаныңды рахат бір сезімге бөлейді. Астанаға шыға беріс күре жолдың үстіндегі жолайрықтағы гүлзар сандаған сәулелі шамдардың нұрымен аспан әлеміне шуақ шашқандай әсерде боласың. Сол әсем бір гүлзардың ортасында Көкшенің күйімен, Көкшенің әнімен, Көкшенің сәнімен бұралған бейнелі монумент тұр. «Көкшенің ерке самалы» деп ат қойдым оған. Түнгі Көкшетаудың түрлі бояуымен сәулеленіп тұрар сол «Көкшенің ерке самалы» ел мен жердің еркіндігін, Көкшенің ұл-қызының еркелігін мына аппақ әлемнің бояуына қанықтандырғандай әсер қалдырады.
Өзіміз талай бір кештерімізді өткізген, аяғын тәй-тәй басқан сәбилерімізді серуендеткен Көкшетау қаласының орталығындағы баққа қарай көңіл назарын аударыңызшы. Абылай ханның ескерткішінің тұсынан басталып, «Достық» мейрамханасына қарай созылар қалалық бақтың тозығы жеткендігі баяғыдан белгілі еді. Бақ қоршауының жиектерінің құмы үгітіліп, тастары түсіп, бетондары қисайып көңілді жүдететін. Соны көңіл көзімен аңдаған да, қаржы тауып үлкен бір істі қолға алған да облыс әкімі Сергей Дьяченко екендігін де айтқан жөн. Енді сол бақтың басына бақ қонғандай абаттанғандығын көріп, көңіліңдегі қуанышыңмен асқақтап жүре бергің келеді. Әне, құдай қаласа аз уақытта «Тәуелсіздік» монументі де асқақтап тұрмақшы!.. Көкшенің әрдайым биікте тұрар ар-иманындай болып жаңа мешіттің алтындалған айшықты күмбездері де ай сәулесіне малынады.
Түнгі Көкшетау!.. Міне, тағы да бір іңкәр көңіліммен жап-жаңа жөнделіп, жобаланып қалған М.Горький атындағы көшеңмен жүріп келемін. Жүріп емес-ау, қуаныштың қос қанатымен ұшып келемін. Кеңейіп сала берген бұрынғы тар көшенің тынысы да кеңейіп, өзіңнің де, көңіліңнің де, көлігіңнің де қанаты бардай тап бір. Самаладай жарқыраған шамдар, соңғы бір үлгідегі бағдаршамдар да қызылды-жасылды сәулесімен сенің жолыңды да нұрландырып, әр адам баласына сәт-сапар тілеп тұрғандай. Көшенің қос қабатына жаңадан егіліп жатқан сұңғақ бойлы көк теректер де көк аспанға қуана қол созып, ұмтылғандай. Сол көк теректер осы бір көшенің, тіпті Көкшетаудың көркі ғана емес, күні ертең көгілдір Көкшенің әнін айтып, тілеуін тілеп, жапырақ жүрегімен мәңгі сыбдырлап, жайқалып тұрарына да көңіл сенеді.
– Көкшетауда тым болмаса осы заманның үрдісіне сәйкес бір көше болсын, соны жасайық, – деп айтқан тағы да сол Сергей Александрович Дьяченконың осы бір ауыз сөзінен азаматтың сол баяғы өзінің, біз бен сіздің, одан қалды қалың елдің Көкшесінің бүгіні мен болашағын ойлап, адал көңілінің жүрек лүпілін сезінгендей болып едім.
Әкімнің айтқаны болды. Жүрек қалауы орындалды. Қыруар шаруа іске асты. Енді, міне, осы бір жаңадан жасанып шыға келген Көкшетаудың осы бір көшесі Көкшетау атты қаланы асқақтатты, Көкшетау шынайы бір қалаға ұқсап шыға келді. Көкшетау жаңа жасанды, Көкшетау жаңа түледі!
Түнгі Көкшетау!.. Баяғы Қараөткелге, бұрынғы Ақмолаға, қазіргі Астанаға тартылған күре жолдың бойындағы тас тұғырдағы Құлагер тұлпардың ескерткішіне көңіл шіркіннің жетелей беретіні бар. Әрлі-берлі ағылған көліктерін аялдатып, тас тұғырдағы Құлагерге сүйсінген талайларды көресің де, бұл да бір Көкшетаудың абыройын аспандатқан, Ақан серінің аруағын асқақтатқан, тұлпар тұяқты қайта бір тірілткен ескерткіш болды-ау деп қуанамын. «Құлагер, топтан озған, жүйрігім-ай!», – деген Ақан сері жүрегінің опасыз әрі қатыгез дүниенің аузынан жалын атып, күрсіне айтқан бір ауыз сөзінің тасқа ойылып жазылғандығын көңіл қалап тұрды да, сол бір ұсыныспен барғанымда да Дьяченко мырза мұнымды құп алды.
– Құлагер бұл поэзия! Құлагер – тарих! Құлагер Ұлы Даланың ұлы тұлпарының символы, – деген Сергей Александрович Дьяченконың зерделі көңілінен шыққан осы бір ауыз сөзін үлкен бір жиында естігенде әкімнің ел тарихын құрметтей білер қасиетіне тағы да алғыс айтқым келгені болды. Осы арада бір айтар пікір, Көкшеге әкім болып немесе қызметке келер болсаң ең әуелі, Көкшетау атты қаланы жан-жүрегіңмен осы Дьяченко сияқты сүйе білу керек! Жүрегінде Көкшетауға деген сүйіспеншілігі, көңілінде Көкшетауға деген адал пейілі мен ниеті бар азамат қана Көкшетауды бүгінгідей көркейтіп, бүгінгідей нұрландырып, бүгінгідей асқақтата алады. Көкшетауға деген сол көңіліндегі адал ниеті, жүрегіндегі шексіз сүйіспеншілігі бар Сергей Александрович Дьяченконың бүгінгі Көкшетау үшін жанын салып, мейірімін төгіп жұмыс істеп жатқандығына қарап, бұл қаланы көркейту үшін көп қаржы ғана емес, бұл қалаға деген махаббат пен сүйіспеншілік те керек екен деп ойлаймын. Иә, Көкшетау көңілдің қаласы, Көкшетау жүректің қаласы, Көкшетау ой мен сезімнің қаласы. Осы бір жай Көкшетауға қызмет бабымен келіп-кетіп жатар кім-кімнің де әрдайым есінде болса екен!
Әне, тас тұғырда Құлагер тұр! Жануар-ай, кең дүниенің қысқа шылбыры мен тар тұсауынан босанғаны енді болды ма екен, беймәлім кеңістікті бетке алып, бауырын еркін бір жазып, төрт аяғын тең басып, жал-құйрығы төгіліп шауып келеді. Жануар-ай, өз соңынан түскен қуғыншы қарақшының бар екендігін сезе ме екен, шұрқыраған үні келеді құлағымның түбіне. Ей, адамдар, аяңдаршы Құлагер дүниені! Ей, адамдар, құлатпаңдаршы Құлагер өмірді! Ей, адамдар, жылатпаңдаршы Ақан адамның сері көңілін!
Тас тұғырдағы Құлагер, міне, осылай деп шұрқырайды. Соны ұғар, соны түсініп-түйсінер сана болсын деңіз!
Түнгі Көкшетау! Мен де сенің түнгі бесігіңде мүлгіген ой әлеміңмен бірге тербеліп, бірге тебіренемін.
Мен де кетемін ертең!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты.