Осындай ерлердің бірі – қол бастаған батыр Баймұрат Бәйімбетұлы Бұқа батыр немересі 1709 жылы Аякөз өзенінің бойында дүниеге келіп, 1784 жылы Қытайдың Құлыстай өңірі Күжібай деген жерде қайтыс болды. Ерекше ерлігі мен мұқалмас қайрат-жігерінің, төзімі мен сабырының, ел қамын ойлаған ақылгөйлігінің нәтижесінде Баймұратты Абылай хан мен қазақ қолдарының қолбасшысы Қабанбай батыр да барынша құрмет тұтқаны ел санасында жаңғырып, бүгінге дейін жетіп отырған ескі әңгімелер мен шежірелер арқылы белгілі.
Баймұрат батыр қазақ тарихының елеусіз тұлғасы емес. Мұны Абылай ханның ақылшы серігі болған әйгілі Бұқар жыраудың:
Қасабай, Шөрекпенен батыр
Жанбай,
Айқасты ата жаумен жан-жақты.
Баймұрат, Тентек батыр, балуан
Қасым,
Бұлардың маңайына жан батпады – деп жыр толғауынан аңғаруға болады. Сол секілді, кезінде Кәрібай ақын Таңатарұлы да жоңғар соғысындағы басты батырларды ардақтап жырға қосқанда:
Уәли сүйегі Уақ, батыр Бармақ,
Қаз дауысты Қазыбек өңкей саңлақ.
Баймұрат, Райымбек, батыр Тентек,
Барлығы жауда кеткен кегін алмақ – деп төкпелеткен.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов те өзінің атақты «Дарабоз» романында Баймұраттың ерлігіне жан-жақты тоқтала кетеді.
«Баймұраттың жай күндері мінезі сондай ауыр болғанымен, шабуыл кезінде қалт жібермес кәнігі шеберлігіне, шайқас уақытындағы қимылы көз ілеспейтіндігіне, қайратының қапталдығына, машығының молдығына үзеңгілес батырлар да, сардар Қабанбай да талай сүйсінген. Баймұрат өзінің «Нарқызыл» атымен қазақ даласында болған шешуші жойқын соғыстардың көбіне қатысқан. 1743 жылы, қазақ-жоңғар арасында бітімге қол қойылып, халық тыныстап, 5-6 жыл бейбіт өмір сүрді. Дегенмен жарты жері жау қолында жатқанда қазақтың ел билеген хандары мен қол бастаған батырларында уайымсыз ұйқы, қайғысыз күн қалай болсын. 1748 жылы мамыр айында Сарысу бойында ұлы жүз, орта жүз (Әбілмәмбет, Абылай хандар) ордасындағы хан кеңесі өтті. Оған Қабанбай батыр, Боранбай, Төбет, Қу дауысты Құттыбай билер бастатқан найман тобы да қатысады. Бұларды қорғап-қоршаған ер Еспенбет, Есенгелді, Баймұрат, Оразымбет, Көкжал Барақ, Тауасар, Дәулетбай секілді әйгілі батырлары қаншама! Осыларға іле-шала ер Жәнібек бастаған керей кісілері мен батыр Баянды бас еткен уақ жігіттері де келіп жетіп еді» дейді (Қ.Жұмаділов. «Дарабоз» бірінші кітап 9 бет).
Ұзақ жылдарға созылған итжығыс шайқастар соңы Абылай хан тұсында қазақ қолдарының бірігуіне әкеле жатты. Осыдан жаудың сағы сынып, алғашқы екпінінен жаңылып, көп жуасып қалды. 1748 жылы қар кетіп, жаздың шеті жылт етісімен-ақ найманның Төлегетайынан тарайтын төрт арысы Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл ауылдары Ұлытау өңірінен шығысқа қарай жылжып, осы бір ұрымтал өлкеге әдейі қоныс аударған-ды. Яғни Ұлытау өңірінен қопарыла көшкен қалың ел Барқытбелдің батыс сілеміне барып тұмсық тіреп, өрісін кеңейткенде әр рудың ең жанкешті деген қарулы, мерген жігіттерінен жүздіктер іріктеліп, көп жылқы мен қалың көшті қорғап-қоршап жүретін жасақ құрылған. Сардар Қабанбайдың шешімімен ортадағы қолды Дәулетбай, оң қолды Шыңқожа, сол қолды Баймұрат басқарған.
Қабанбайды Ұрыжардағы қалмақтың «ақ тулы ақсүйек» атанған хойт нояны Банжар ынтымақтастық, татулық мақсатында қонаққа шақырғанда, Ханбабамыз Баймұратты әдеттегідей қасына ерте жүреді. Баймұрат сол жерде ұйымдастырылған ойынға қатысып, елу қадам жердегі сырықтың басынан күміс теңгені атып түсіріп, бас бәйгені алады. Кейін Банжар мен Қабанбай құда болып, Банжардың тұңғыш қызы Мүнкей Қабанбайдың кенже ұлы Әліге ұзатылады.
Енді Баймұрат бабамыздың жеке көрсеткен ерліктеріне келсек, Ұрыжар маңындағы соғыста Еспенбет қалың қолдың маңдай алдын, Баймұрат пен Шынғожа қос қанатын, Есенкелді мен Дәулетбай артқы тосқауылды басқарды. Барлық тауының батыс баурайы – қолбасшы Қабанбайдың кіндік қаны тамған жер. Осы арада үлкен қақтығыста қалмақ қолы жағынан «жекпе-жек» деп бір дәу қалмақ астындағы атын желе шоқырақтатып, ортаға шығады. Сол кезде Баймұрат Қабанбайдың бауырлары қаракерей руының батырлары Еспенбет, Дәулетбай, Қасабайлардың алдын орап:
– Ауыл өздеріңдікі ғой, жігіттер! Әйтседе, Қабекемнің туған жерінде кезекті маған беріңдер! – дейді жаңағы үшеуіне қаратып. Баймұрат жекпе-жектің хас шебері атанған, даңқы ерте шыққан батыр болғандықтан оның сөзі жерде қалмайды.
– Жолың болсын, Баймұрат батыр! Бұл жолы – кезек сенікі. Бұқа бабаның аруағы қолдасын, жауыңды жайратып қайт! – деп рұқсат береді Қабекеңнің өзі.
Сайысқа шыққан қалмақ батыры он алты жасында Қабанбай өлтірген Өлже-жырғал ноянның немересі Мәңке-жырғал екен. Сайланып шыққан ерлердің сұрапыл жекпе-жегінде шақырлаған найза мен қалқан дабысы қатты шыққанменен екеуі де оларды денелеріне дарытпай біраз арпалысады. Осы тұста мұндай жекпе-жектің талайын бастан өткерген Баймұрат батыр бай тәжірибесіне сүйеніп, тосын тәсіл қолданды. Ерінің алдыңғы қапталында үнемі қасынан тастамай іліп жүретін «барып кел» деп аталатын шоқпары болады екен. Бұл – екі құлаштай шынжыр бауы бар, бір ұшы ердің алдыңғы шеттігіне бекітілген аумағы кішігірім шәугімдей домалақ шойын. Қолтығына найзасын кезене қысқан күйі екпіндете шауып келе жатып, екінші қолымен «барып келді» ілгегінен ағытып алады да, аңыратып алға салады. Найзаның өтінен қалай жалтарудың амалын таппай жанталасқан Мөңке-жырғалдың тұсынан өте бере қолындағы шоқпармен дулығалы бастан көздеп тұрып, бар пәрменімен періп кеп жібергенде, қарақұсы жарылған қалмақ атынан сұлап түсіп, тіл тартпай, мерт болады. Жекпе-жектің Баймұраттың жеңісімен бітуі ұрысқа кіргелі тұрған қазақ жауынгерлеріне жігер берген үлкен қолдау болады.
Ауданның құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Бекен Жапаровтың жетекшілігімен шыққан «Зайсан асулары» атты кітапта Абылай ханның кезекті кеңес өткізіп, онда «Шаған шайқасының» тактикасын жасаған Қабанбай батырдың жоспары талқыланып, мақұлданғаны, сол жоспарды жүзеге асыру үшін төрт топқа бөлінген жауынгерлердің бір тобын Абылай ханның шешімімен Баймұрат батырдың басқарғандығы жазылған.
Мұнан кейінгі 1754 жылғы Шорға шайқасында Баспан шатқалында бекінген қалмақ әскерлері Қызылтас, Үштөбе, Базар өзенінің басын жайлаған торғауыттардан астыртын көмек алып, қайта күшейіп алады да, олармен ұрыс салған керей Ер Жәнібек әскерлерінің мысын құртып, ырық бермей тұрады. Сол кезде көп сарбазбен көмекке келген Қабанбай батыр қалмақ жауынгерлерінің артынан барып тиісу үшін Баймұратты екі мың кісімен Базар өзенінің сол жақ қапталындағы сайдың ішімен сезік тудырмай жасырын аттандырады. Баймұрат бастаған жасақ түнімен жүріп отырып, Баспан шатқалының қыр желкесіне жетеді. Олар биікке шығып, күтпеген жерден атой салып, ойраттардың ту сыртынан шабуыл жасайды. Қабанбайдың осындай тәсілінің арқасында Баспан – Базардағы шайқас қазақ әскерлерінің үлкен жеңісімен аяқталады.
Жаудан босаған жерге иелік ету басталғанда Абылай ханның пәрменімен керей ер Жәнібек елін Алтайға бастағанда, Баймұрат батыр төртуылдың ақбарақ, ақболат руларын Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі Құлыстай өңіріне қоныстандырған. Оның зираты қазіргі Шәуешек қаласының маңындағы Абдыра ауылының Күжібай деген жерінде. Баймұрат ұрпақтары ел толқыған аласапыран кезде де батыр бабалары жатқан осы өңірден тапжылмапты.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, қазақ жерін жоңғардан азат етуде ерекше көзге түскен Баймұрат батырдың есімін есте сақтап, ұрпақ санасында жаңғырту, осы арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында Зайсан қаласынан ескерткіш орнату ісі қалың көпшіліктің тілегімен қолға алынды. Осы үшін Зайсан аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен және аудандық Қоғамдық кеңестің шешімі негізінде өткен жылдың соңында «Баймұрат батыр» қоры құрылды. Қазіргі күні ескерткіштің жобасын жасатып, тиісті орындарға бекіттіру жұмыстары жүргізілуде.
Қалибек АЛТЫБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Зайсан ауданының құрметті азаматы
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы