Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында Кеден одағы құрылар алдында елімізде бұл одақ Қазақстан үшін тиімсіз, біздің кәсіпкерлер оның аясындағы бәсекелестікке төтеп бере алмайды, кәсіпорындарымыз тоқырап, банкротқа түседі деген байбаламның көтерілгендігі белгілі. Міне, Кеден одағының құрылғанына да бір жарым жылдай уақыт болды. Әзірге банкротқа түсіп жатқан кәсіпорындарды көргеміз жоқ. Рас, дүкендер сөрелерінен Беларусь пен Ресей тауарларын бұрыңғыға қарағанда жиірек кездестіретін болдық. Бұлай болуы заңды да. Үш ел арасындағы Кеден шекарасы бір-біріне ашылған соң біз жалпы көлемі 170 миллион адамды қамтитын ортақ рынокта өмір сүре бастадық. Ал енді осы мәселе жөнінде нақты фактілер не дейді? Осы мәселеге маманданған сарапшылар талдауы нені көрсетеді? Кеден одағына жасалынатын Қазақстан экспорты мен импортының барысы қалай? Аталған сұрақтарға жауап іздей отырып, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің департамент директоры Қанат ҚОЖАМҚҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Қанат Болатқанұлы, әңгімемізді ең алдымен, Кеден одағына жасалатын Қазақстан экспортының жай-күйінен бастасақ.
– Бұл мәселе Қазақстан үшін қуанарлықтай деп айтуға әбден болады. Оған көз жеткізу үшін 2010 жылдың шілдесінен бастап 2011 жылдың шілдесіне дейінгі 1 жыл уақыттың көрсеткіштеріне назар аударып көрейік.
Міне, осы аралықта Қазақстанның Ресей мен Беларусь елдеріне жасаған экспортының жалпы көлемі 7 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Бұл соңғы бес жыл ішінде осы елдерге жасалынған Қазақстан экспорты өсімінің рекордтық көлемі. Қысқасы, біз мұндай 7 миллиард долларды құраған биіктікке бірінші рет шығып отырмыз.
Соның ішінде импортқа қарағанда, экспорттың басым қарқынымен дамып келе жатқандығын айтуға болады. Рас, қазіргі уақытта экспорт пен импорттың ара-қатынасы, яғни олардың жалпы көлемі туралы көрсеткіштерге келетін болсақ, импорттың басым түсіп жатқандығына көз жеткіземіз. Мәселен, талдау жасалынып отырған аталған мерзім ішінде Қазақстанның Беларусь пен Ресей арасындағы жалпы тауар айналымы 21,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Сауда айналымының өсімі 43 пайыз болды. Бұл жақсы көрсеткіш. Салыстыру үшін айтатын болсақ, Кеден одағы аясындағы елдермен тауар айналымы көрсеткішінің ең жоғары деңгейі 2008 жылы 20,5 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. Қазір енді ол 21,7 миллиард доллар болып отыр. Соның ішінде талдау мерзімінен бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, Кеден одағы аясындағы тауар айналымының көрсеткіші 43 пайызға өсіп отыр. Мұның 7 миллиард доллары жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанның осы елдерге жасаған экспорттық тауарлары да, қалғанының барлығы импорттық тауарлар.
Кеден одағы аясында, әзірге экспортқа қарағанда импорттың көп болуы заңды жағдай. Өйткені, осы уақытқа дейін Қазақстан тарихи тұрғыдан алғанда, көбінесе импорттаушы елдер қатарына кіргендігі белгілі. Біз осы уақытқа дейін шет елдерге тек шикізат шығарып келген едік. Ал тұрмысқа қажетті, өндіріске қажетті барлық тауарларды шет елдерден, соның ішінде, әсіресе, Ресейден тасымалдап келген болатынбыз. Енді қазіргі жағдай осы үрдістің бұзылып, Қазақстан экспортының неғұрлым қарқынды дамып келе жатқандығын көрсетіп отыр.
Мәселен, талдау жасалынып отырған бір жыл мерзім ішінде Қазақстан экспортының өңделген өнімдер көлемі 45,3 пайызға өскенде, импорт көлемі 42,8 пайызға өскен. Сөйтіп, экспорттың даму деңгейі импортқа қарағанда бірте-бірте басым түсе бастады. Бұл біз үшін қуанышты жағдай. Ол, ең алдымен, Қазақстан экономикасының Кеден одағы аясында бәсекелестікке қабілетті екендігін көрсетеді.
Осыған қосымша тағы бір айта кететін мәселе, әр түрлі өңірлер мен елдер бойынша Қазақстан экспортының өсім деңгейін алатын болсақ, оның ең жоғарғы өсімі де осы Кеден одағы аясында көрініс беріп отыр. Мәселен, Еуропа одағы, Қытай және басқа да елдермен салыстырғанда, Қазақстанның Кеден одағына жасайтын экспорты пайыздық тұрғыдан неғұрлым жедел өсу үстінде. Мұның өзі аталған одақтың Қазақстан үшін дер кезінде құрылғандығын және пайдалы болып шыққандығын көрсетеді.
– Сонымен, Қазақстанның Кеден одағына шығаратын экспорттық өнімдерінің көлемі айдан айға өсе түсуде екен. Рас, бұл еліміз үшін өте қуанышты жағдай. Дегенмен, осы тауарлардың арасында өңделген өнімдердің, атап айтқанда халық тұтынатын тауарлардың үлесі қандай? Міне, басты мәселе осында ғой.
– Рас айтасыз, сіз айтып отырған мәселе біз үшін ең қажетті көрсеткіштердің бірі. Өйткені, олар Қазақстан экономикасының сапалық өсімін, яғни шикізаттық емес сектордың даму жағдайын білдіреді. Міне, осы тұрғыда да біз үшін қуанышты жағдайлардың бар екендігін айта кетпекпін.
Ол үшін, ең алдымен, Қазақстанның Кеден одағына шығарып жатқан тауарлар тобын жіктей кетуіміз қажет. Ол жіктеу ең алдымен шикізаттық өнімдер және шикізаттық емес өнімдер деп екі топқа бөлінеді. Бізге осының ішіндегі ең маңыздысы шикізаттық емес топқа кіретін өнімдер. Өйткені, бұл топқа елімізде бастапқы және тереңдетілген өңдеуден өткізілген тауарлар жатқызылады. Сондықтан басты назарға осындай тауарларды аламыз. Олардың экспортының талдау мерзіміндегі бір жыл ішіндегі жалпы көлемі 3 миллиард долларды құрап отыр.
Бұл тауарлар негізінен мынандай үш топқа бөліп қарастырылады.
Бірінші топ – аралық тауарлар. Бұған негізгі бағасы өңдеу кезінде жасалынатын тауарлар кіреді. Атап айтсақ, темір, хром, мыс концентраттары, ферроқорытпалар, тағы басқалар. Олардың жалпы экспортының көлемі 2,7 миллиард долларды құрайды. Бұл көрсеткіш біздің Кеден одағына дейінгі бір жылымызбен салыстырғанда 37 пайызға өсіп отыр. Яғни, қанағаттанарлық деп айтуға болады.
Екінші топ – халық тұтынатын тауарлар, яғни азық-түлік тағамдары, жанар-жағар май және басқалар. Талдау мерзімі ішіндегі бұл жөніндегі экспорттың жалпы көлемі 254 миллион долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш мұның алдындағы бір жылмен салыстырғанда, 304 пайыз өскен, яғни 63 миллион доллардан 254 миллион долларға дейін жеткен. Міне, осы жағдай Қазақстан экономикасының Кеден одағы аясында қарқынды дамуға бет алғандығын білдіреді. Егер осындай қарқынды алдағы уақытта да сақтап отыратын болсақ, біздегі аталған өнімдерді өндірумен, өңдеумен және оларды экспорттаумен шұғылданатын шағын және орта бизнес кәсіпорындарының кең тыныспен дамуға бет алатындығына көз жеткіземіз. Демек, бұл Кеден одағының алып рыногына шығу Қазақстан кәсіпкерлері үшін пайдалы болып шыққандығын білдіреді.
Үшінші тауарлар тобы – өндірістік құрал-жабдықтар. Аты да айтып тұрғандай оған кілт, гайкалардан бастап, күрделі приборлар және басқа да өндіріске қажетті заттар кіреді. Талдау мерзім ішіндегі бұл жөніндегі экспортымыздың жалпы көлемі 50 миллион долларды құрады. Бұл осының алдындағы бір жылмен салыстырғанда 60 пайызға артық көрсеткіш.
Сонымен жалпылай алғанда, Қазақстанның өңделген өнімінің экспорты Кеден одағы аясында қарқынды түрде артып келеді. Мұны ең алдымен, ел басшылығының Кеден одағы аясында жүргізген жұмыстарының, сонымен қатар елімізде қолға алынған жаңа индустрияландыру бағдарламасының алғашқы жемісті нәтижелері деп айтуға әбден болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сайлаубай ТӨРЕМҰРАТ, журналист.