Бәріміз де ауылда туып, ауылда өстік. Оның қандайда бір жетістікке жетіп, құлпырғанын көру сонда қанат қаққан кез келген жанның көңіліне қуаныш сыйлайды. Өткенге сәл көз жүгіртсек, тоқсаныншы жылдардың орта шеніне таман жұмыссыздықтың салдарынан ауылдағы қаншама өндіріс ошақтары мен мал қоралардың тек қаңқасы, сондай-ақ егіс алқаптарының бос қалғаны бар еді. Өкінішке қарай, бұл көріністер әлі де баршылық. Алайда, қазіргі таңда Үкімет тарапынан көңіл ерекше бөлінуінің арқасында шырайы кірген ауылдар саны көбейіп келе жатқаны сүйсіндіреді. Бұл ретте, әрине, аудан, ауыл әкімдерімен қоса сол жерден түлеп ұшқан еңбексүйгіш кәсіпкерлердің де еңбектерін айтқан орынды. Бүгінде реңі кіріп, берекелі тіршіліктің үлгісін көрсетіп отырған жерлердің бірі Ақмола облысының Астрахан ауданы.
Астықты ауданның астығы жайында газетіміздің бұрынғы сандарында біршама айтқан едік. Ендігі айтпағымыз – аудандағы картоп өсіріп, оны өңдеудегі игі жұмыстар жайында болмақ. «Шищов Е.И.» шаруа қожалығының жүргізіп жатқан бұл кәсібі кімді де болса қызықтырмай қоймайтындай. Жоғарыда айтылғандай, бос қалған егістік алқаптарының қатарында осы картоп егілген 110 гектар жер де болыпты. Бұл жерден өнім алынып жатқанына биыл бұйыртса, үшінші жыл. Он жеті жыл бос жатқан осы алқапты аталмыш қожалық ел игілігіне айналдыруда екен.
Ауданнан онша қашықта орналаса қоймаған шаруашылық жерінде қызу жұмыстардың куәсі болдық. Орталық халқына маусымдық кезде жұмыс тауып беріп отырған қожалықтың бұл ісіне жергілікті жұртшылық дән риза. Егіс басында жанталаса еңбек етіп жатқан жұмысшылар Күмісжан Байғожина мен Валентина Кулинич маусымдық жұмысты асыға күтетіндіктерін айтады. Қанша еңбекақы аласыздар деген сұрағымызға екеуі де: «Бізге тоннаға қарап төлейді. Жоспарды орындасақ, шамамен күніне адам басына екі, екі жарым мың теңгедей болып қалады. Қысқасы, бұйырғаны ғой», – деп күлімсірейді олар. Сондай-ақ, картопты сұрыптап өңдейтін арнайы техниканы ерекше атауға болады. Мұнда сағатына бір мезгілде 15 тонна картоп төрт түрде сұрыпталады. Бұл да біраз адамды жұмыспен қамтыған. Қожалықтың атқарушы директоры Анатолий Сысоев бізді картоп сақтайтын арнайы қоймалармен таныстырды. Соның бірі сыйымдылығы 350 тонналық тұқымдық сұрыптағы картоптар сақталатын қойма.
– Гектарына 300 центнерден жоғары өнім алып жатырмыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Сұрыптайтын техниканың картоптарынан бөлек, өнімдердің денін егіс басынан өзге аймаққа да алып кетіп жатқандар да жетерлік. Бұл да біздің жұмыстарымызға тың серпін береді, – дейді Анатолий Николаевич.
Ал шаруашылықтың агрономы Игорь Булгаков тұрақты түрде жұмыс жасайтын 8 жұмысшының барлық жағдайы жасалғанын жеткізді. Бұлардың қатарында кезекті еңбек демалысы мен уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайында төленетін ақылар да бар. Сайып келгенде, берекелі шаруашылықтағы жұмыстар легі қарқынды деңгейде жүріп жатқандығы байқалады.
Игілікті жұмысты жандарына серік еткен кәсіпкерлердің ауыл тұрмысын көтеруде жасап жатқан жанкешті еңбектерін қалай мақтасаң да жарасады. Аталған шаруашылықтағы жұмыстар да осы қатардан орын алады. Ұжымдағы қызу шаруалар бізге осыны аңғартты.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Ақмола облысы, Астрахан ауданы.
Суретті түсірген Қайырбек МҰҚЫШЕВ.