Халық еңбектің қадірін түсініп, ешкімге қол жаймайтындай тірлік кешуде. Бірі мал, бірі кәсібін ашса, енді бірі құс өсіруді қолға алған. Әйтеуір, қол қусырып қарап отырудан аулақ. Мәселен, Панфилов ауданындағы «Кәрім» шаруа қожалығы үйрек өсіріп, оның етін өндіруді қолға алыпты. Қожалықта қазірдің өзінде 70 мыңға жуық үйрек бағылуда. Инкубаторлардан айына 48 мың балапан шығарылады. Қондырғы толық автоматтандырылған. Жаңа шыққан балапандар арнайы камераларда қанаты қатайғанша 2-3 тәулік болады. Дәрі-дәрмек егілген соң балапандар арнайы фермаларға бөлінеді.
– Қазір ет қымбаттап, тұтынушы сұранысын қанағаттандыру міндеті тұр. Осыны ескеріп, үйрек фермасын құрдым. Құс етінің қуаты мол, әрі жеңіл тағам. Бағасы қымбат емес, килосы – 500 теңге. Болашақта өнімдерімізді еліміздің барлық қалаларына шығарумен қатар өзге елдерге экспорттауды да жоспарлап отырмыз, – дейді «Кәрім» шаруа қожалығының басшысы Ғазиз Суфьянов.
Қожалықтағы әр бөлімшедегі 6-7 мың үйректің жем-шөбі мен суын жұмысшылар уақытылы береді, күтеді. Жұмысшыларға арналып, үй салынуда. Айлықтары шамамен 100 мың теңгеден асады екен. Содан болар жұмысшылар осында тұрақтап қалуға мүдделі. Бүгінде шаруа қожалығы ғылыми-зерттеу орталықтарымен де бірлесе жұмыс жасап, болашақта үйректің қазақстандық тұқымын шығаруды алға қойған.
Ауданда құс шаруашылығы енді-енді дамып келеді. Үкімет тарапынан салаға қолдау жасалып, көңіл бөлінуде. «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруа қожалығына 90 миллион теңге несиелік қаржы қарастырған. Ұжым оның 60 млн. теңгесін алыпты. Енді Қытайдан қажетті құрал-жабдық әкеліп, жоспарлы жұмыстарын жалғастырмақшы.
Жыл соңына дейін шаруа қожалығы 200 мың тонна үйрек етін сатуды жоспарлап отыр. Жаңа қондырғылар орнатылғанда бұл көрсеткіш еселеп артады. Қазір шаруашылықта 3 мыңнан астам үйрек болса, алдағы жылы оның санын 2 есеге арттыру көзделіп, ұжым мүшелері құсты дәрігерлік талаптарға сай баптап, күтуді жақсарта түскен.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.