14 Қазан, 2011

Бірлесіп көтерген жүк жеңіл

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кез келген мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық игілігінің маңызды тетіктерінің бірі – елдегі табысты кәсіпкерлік екені сөзсіз. Қазақстан Президенті экономиканың осы саласына жан-жақты қолдау көрсету туралы тапсырма жүктеген болатын. Бұл тапсырманы жүзеге асырудың негізгі жолы еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады. Осы уақытта ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес мекемелерінің үлесі 7-10 пайызға дейін артуы тиіс. Бұл Қазақстанның бизнес-ахуалы жоғары 50 елдің қатарына енуіне мүмкіндік береді. Сондықтан елімізде кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау үшін партия көптеген ауқымды шараларды қолға алып келеді. Мәселен, партияның бастамасымен заңның бизнеске байланысты тармағына шығындарды азайту туралы өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ, жүйеқұраушы кәсіпорындардың қатысуымен шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жаңа жоба табысты жүзеге асырылып келеді. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбекпен қамту стратегиясы-2020», индустрияландыру картасы сияқты маңызды бағдарламалардың орындалуы партияның қатаң бақылауында. Қазақстандағы бизнес ахуалды жақсарту төңірегіндегі осы және өзге де маңызды мәселелер кеше «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «дөңгелек үстел» барысында сөз болды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық бизнесті дамыту, бәсекеге қабілетін арттыру міндетін қойып отыр. Сондықтан, осы мақсатқа жету үшін әртүрлі кедергілерге жол бермей, кәсіпкерлерімізді қорғау және қолдау көрсету «Нұр Отан» партиясының негізгі мақсаты деуге болады. Осыған байланысты партиямыз бүгін жаңа ұсыныстар енгізіп, нақты шараларды қолға алып жатыр». Елбасы мемлекетіміздегі бизнес ахуалды жақсарту үшін бірқатар стратегиялық міндеттер жүктеді. Ол ең алдымен, лицензиялар мен рұқсат берулерді, тексерулерді азайту. Мәселен, осы уақытқа дейін 300-ден астам рұқсат беру құжаттарын қысқарту мүмкіндігіне ие болдық. 2015 жылға дейін бизнеске байланысты шығындар тағы да 30 пайызға дейін төмендеуге тиіс. Мемлекеттік мекемелердің рұқсатнамалары мен бақылау-қадағалау қызметтерін қысқарту жөніндегі Елбасы тапсырмасының орындалуы туралы Сауда және экономикалық даму министрі Қайрат Келімбетов баяндады. Ол «Нұр Отан» мен бизнес-қауымдастықтың қатысуымен дайындалған мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау және лицензиялау-рұқсат беру қызметтерін одан әрі реформалау ұсыныстарын алға тартты. Ол бірнеше кезеңдерден тұрады. Біріншіден, лицензиялар мен рұқсаттарды 30 пайызға қысқарту, сондай-ақ, рұқсаттардың кейбір түрлерін хабарлама тәртібіне ауыстыру. Одан әрі рұқсатнамалар тізбегін олардың қауіптілік деңгейіне байланысты санаттарына және бірегей талаппен бекітіліген тәртіпке сәйкес бір ғана заңмен толықтай анықтау көзделіп отыр. Нәтижесінде барлық рұқсатнамаларды жаппай электрондық түрге ауыстыру және ХҚКО арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Аталған өзекті мәселені шешу үшін бірлесіп, билік пен бизнес арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру керек. Ол өзгерістерді «Атамекен» Одағы мен Үкіметтің күшін біріктіру арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл «Нұр Отан» партиясының ұсынысы. Бизнес орта өкілдері мұндай әріптестіктің кәсіпкерлікті көтеру, жалпы алғанда, елімізді дамыту жолында оң нәтиже беретініне сенімді. Партия бизнес саласы мәселелерін шешудегі бірлескен игі қадамдардың орындалуын қатаң бақылауға алмақ. Себебі, Қазақстанның жаңа экономикалық дамуының тиімділігі қуатты кәсіпкерлік ортамен тығыз байланысты. «Егемен-ақпарат».