14 Қазан, 2011

Қазақ даласы күл-қоқыс

7164 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Жұмыр жерді мекендейтін сан-мыңдаған тіршілік атау­лының ішінде Жер-анаға адам баласынан артық қиянат жасай­тын жан иесі жоқ екен. Басқасын былай қойғанда, сана­лы тіршілік иесі саналатын «нome sapins»-тің күнделік­ті өмір қажеттілігінен артылған тұрмыстық қалдықтары мен күл-қоқысы ортақ планетамызды тұншықтырып бара­ды. Қа­сиет­ті даласын көзінің қарашығындай аялайтын қазақ «ат аунаған жерде түк қалады» деп қастерлеуші еді. Енді табиғат аясына демалысқа шыққан әрбір адамның артында кемінде 10 кило қатты тұрмыстық қалдықтар қалатын болды. Жыл сайын әлемдегі әрбір қа­ла тұрғыны 250-300 кг. қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) «өн­діреді» екен. Жаһандану үрдісі белең алған бүгінгі шақта одан ауыл-село тұрғындары да кенде қалып жатқан жоқ. Енді осы цифрды жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиард адамға кө­бейтіп көріңіз. Оған өндірістік, техногендік қоқысты қосып бай­қаңыз­шы. Жер бетінде жиналған ҚТҚ мен қоқыс көлемін ойлау­дың өзі қорқынышты. Қайран жер қалай шыдас беріп тұр десеңізші! Басқасын қайдам, ҚТҚ мен қоқыс «өндіруден» Қазақстан дү­ние жүзіндегі ең дамыған елдерден қағыс қалып тұрған жоқ. Қазір қазақ даласында 22 миллиард тонна қалдықтар мен қоқыс жиналыпты. Оның 16 миллиард тоннасы техногендік-минерал­дық қалдықтар болса, 6 миллиард тон­­насы адам ағзасына аса қауіпті химиялық қалдықтар екен. Сарапшылар дерегі бойынша, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдықтар жиналатын болса, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар көрінеді. Осы зиянды қоқыс шығаруда Қара­ғандының тау-кен және кен байыту кешендері (29,4 пайыз) бірінші орынды иеленсе, Шығыс Қазақстан облысы (25,7 пайыз) екінші орынды, ал тиісінше 17,0 пайыз және 14,0 пайыз қоқыс «өндіретін» Қостанай мен Павлодар облыстары үшінші орынды бөліседі. Қасіреті қалың қазақ дала­сын­да бүгінге дейін жиналған 22 млрд. тонна қалдықтың 96 миллион тоннасы қатты тұрмыстық қалдықтар екен. Бұл арнайы есепке алынған күл-қоқыс алаң­дарына төгілгені. Ұлы даламыз­дағы күл-қоқыс «қоры» жыл сайын бірнеше миллион тоннаға көбейіп отыратын көрінеді. Ал ұлы даланың жер-жерінде есепке алынбаған тау-тау күл-қоқыс қаншама?! Қазақстан ҚТҚ мен күл-қоқыстың 97 пайызын арнау­лы күл-қоқыс алаңдарына төгу­мен ғана айналысады. ҚТҚ мен күл-қоқыс «өндіруден» Павлодар облысы мен Алматы қаласы алда келеді. Тиісінше, олар жылына 1,7 миллион тонна және 0,5 миллион тонна күл-қоқыс шығарады. Қазақстанның әрбір тұрғынына шаққанда жылына 1381 тонна ҚТҚ мен күл-қоқыс «өндіріледі». Салыстыру үшін айта кететін болсақ, Германияда әрбір тұр­ғынға шаққанда бұл көрсеткіш 0,4 тоннадан айналады, оның өзі тиісті зауыттарда қайтадан өңделеді. 2011 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, Астана қаласының арнайы бөлінген ресми күл-қо­қыс полигонында 20 миллион тонна ҚТҚ мен күл-қоқыс қал­дық­тары жинақталған. Қалада коммуналдық қалдықтарды жинаумен және оны күл-қоқыс поли­гондарына тасумен 30 мекеме айналысады. Оның 90 пайы­зынан астамы жекеменшік кәсіп­орын­дар. Ресми деректер бойын­ша, тек 2010 жылдың өзінде қаланың  ресми жұмыс істейтін күл-қоқыс полигондарына 1 238,7 мың тонна ҚТҚ мен күл-қоқыс қалдық­тары тасталған. Жоғарыда данагөй қазақтың «ат аунаған жерде түк қалады» деген қанатты қағидасын да айттық. Бұл аттың түгі де, қой­дың қиы да, қысқасы, адамнан басқа сан мың тіршілік иесінің табиғатқа қалдыратын қалдық­тары зиянсыз, қайта топырақ құнарын арттыратын тыңайтқыш деген сөз. Ал адам баласының табиғатқа тастайтын ҚТҚ-лары Жер-ананың денесіне жабысқан мерездей, жылдар бойы таби­ғатқа жазылмас жара салатын дертпен тең. Мынаны қараңыз, адамдар күн сайын тау-тау қылып күл-қо­қысқа тастайтын пластмасса құты­­лар жер бетінде 500 жылға дейін, кәдімгі палиэтилен пакеттері 200 жылдан астам уақыт бойы шірімей, жатып алады екен. Ал  консерві қалбырлары мен шыны сынықтары 1 мың жылға дейін жер қойнын ластап, «жегі құрт­ша» топырақ құнарын жеп жатады. Осыдан біраз жыл бұрын үлкен крейсерлік кеме капитаны Чарльз Мур Тынық мұхитында көшіп жүрген үлкен күл-қоқыс «аралын» көреді. Кейін ғалым­дардың зерттеуі бойынша, бұл шын мәнінде суға батпайтын әртүрлі пластмасса құтылары мен ҚТҚ қалдықтарынан құралған қоқыс үйіндісі болып шыққан. Бұл Тынық мұхитындағы күл-қоқыс «аралының»  көлемін дәл анықтау мүмкін емес. Кемеден қарағанда оның шегі мен шеті көрінбейді. Ал ұшақтан оны анықтау тағы қиын. Ғалымдар пікірінше, үнемі көшіп жүретін бұл күл-қоқыс «континен­тінің» жалпы көлемі 700 мың шаршы шақырымнан 15 миллион шаршы шақырымға дейінгі аумақ­ты алып жатқан көрінеді. Яғни бұл мұхиттағы күл-қоқыс «аралында» 100 миллион тоннадан астам әртүрлі ҚТҚ мен қоқыс жинақтал­ған. Чарльз Мурдың есебінше, күл-қоқыс «аралының» 80 пайызы құрлықтарда тасталған күл-қоқыс­тан, 20 пайызы кемелер палу­басынан мұхитқа лақтырылған әр­түрлі қоқыс қалдықтарынан құрал­ған. Міне, адамзаттың табиғатқа жасаған қиянаты құрлықты қойып, алып мұхиттарды да улап жатыр. Қазір республикамызда 6325 елді мекеннің 4525-інде ғана ҚТҚ мен күл-қоқыс төгілетін арнаулы бөлінген полигондар бар. Оның тек қана 6,8 пайызы немесе 307-сі ғана заңдастырылған. Қалған күл-қоқыс полигондары кез-келген жерде, қалай болса солай қалып­тасқан. Ол ол ма, республи­камыздағы 6325 елді мекеннің 25 пайызында немесе 1558 елді мекенде ғана ҚТҚ мен күл-қоқысты арнаулы полигондар­ға таситын кәсіпорындар бар. Ал қалған 75 пайызы немесе 4767 елді мекенде күл-қоқыс үй іргесінде немесе елді мекен маңында ша­шылып жатыр. Ауруын жасырған өледі. Ақи­қатын айтсақ, қасиетті қазақ дала­сының алып күл-қоқыс алаңына айналып бара жатқандығы ащы шындық. 40 жыл бойы көкірегін қарс айырған атом бомбасының 500-ден астам ядролық сынақтары­нан сызат алған, жарты ғасырдан бері Байқоңырдан үздіксіз ұшы­рылатын ғарыштық зымырандар зіркілінен зәрезап болған, айдыны тартылып, топырағы эрозияға ұшы­ра­ған ұлы дала енді тұр­мыстық, химиялық, техногендік, ядролық қалдықтар қоймасына айналу қасіретін көтере алмайды. Ендеше, шұғыл түрде қасиетті жерімізді ҚТҚ мен  күл-қоқыстан тазарту шараларын қолға алу керек. Най­қалатын уақыт жоқ. Дала тұн­шы­ғып, жер жарасы жарылғалы тұр. Парламент Мәжілісінің мәлі­меті бойынша, елімізде экология­лық шараларға бюджет қаржы­сының бар болғаны 0,2 пайызы ғана жұмсалады екен. Бюджет қаржысының жетімсіздігін түрлі дәрежедегі экологиялық төлемдер есебінен толтыру шарасы көзде­лінген. Өкінішке орай, бұл мәселе де  жауапсыз, бақылаусыз жіберілген. Мәселен, 2008 жылы еліміздегі әртүрлі экологиялық төлемдер көлемі 74,7 миллиард теңгені, оның ішінде, қоршаған ортаны ластауға салынған айыппұл мөл­шері 8,5 миллиард теңгені құраған. Ал осы қаржының табиғатты қорғау шараларына бар болғаны 22,3 миллиард теңгесі немесе 29,9 пайызы ғана жұмсалған. Қоршаған ортаны ластайтын өндіріс ошақ­тары ең көп орналасқан Шығыс Қазақстан облысында табиғат қор­ғау шараларына облыс бюджетіне түсетін экологиялық төлемдердің бар болғаны 3,7 пайызы ғана жұм­салады. 2009 жылы барлық өңір әкімдіктерінің еліміздегі таби­ғатты қорғау шараларына жұмса­ған қаржысы 13,5 миллиард теңге немесе бюджетке түскен барлық экологиялық төлемдердің 17,7 пайызынан аспаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстандағы ҚТҚ мен күл-қоқыстың 97 пайызы далаға төгі­леді. Тек 3 пайызы ғана өрте­леді. Ал Германияда ҚТҚ мен күл-қоқыстың 30 пайызы, Жапонияда 30 пайызы, АҚШ-та 27 пайы­зы, Швейцарияда 25 пайызы қайта өңделеді. Яғни, бүкіл өркениетті әлем ҚТҚ мен күл-қоқысты қайта өңдеу немесе азайту мақсатында мүмкіндігінше жұмыс жасап жатыр. Соңғы жылдары Қазақ­станда да күл-қоқыс өңдейтін зауыттар салу жөнінде бірнеше жобалар белгіленді. Өкінішке орай, әлі күнге дейін бұл жобалар іс жүзіне асырылған жоқ. Иә, бүкіл өркениетті әлем  қоршаған ортасын қорғап, қасіреті қалың Жер-ананы күл-қоқыс қой­масына айналдырып алмау жолын­да жанталаса қарекет жасап жа­тыр. Қазақстан болса, күл-қоқыс мәсе­лесін күн тәртібіне шығаруға да салғыртсып, ұлы даланың ұлан­дығының арқасында «жағасы жайлау, арқасын кеңге» салып келеді. Кейбір дамыған елдер ҚТҚ мен күл-қоқысты қайта өңдеу арқылы бірқатар пайдалы өнімдер алып, «екі жеп, биге шығып» жатыр. Ал біздің Үкімет жомарт даланың қойнауындағы қазынаны таратып, жерасты қыртысын қопартудан дивиденд жинап, аяқ астындағы күл-қоқысты көзге ілер емес. Егер сол тау-тау болып үйілген ҚТҚ мен күл-қоқысты инновациялық тәсіл­дер­мен керекке жаратса, қазба бай­лығынан тапқан табыстан бір де кем емес пайда табуға болады. Мемлекет басшысы еліміздегі ҮИИД бағдарламасына жолдама бере отырып, ендігі кезеңде эконо­микамыздың даму  болашағы тек инновациямен байланысты бола­тын­дығын барынша айтып келеді. Қазақстандықтардың инно­ва­ция­лық идеясы, өндіріске енгізер жаңа жобасы жоқ па? Бар. Тек «ауылдағының аузы сасық» қағи­дасын жаттап алған біздің министрліктер мен әкімдіктер ғана шетел­дердің ескірген технология­сына таласып, «велосипед» ойлап тапқандай жайбарақат жүр. «Көр­мес түйені де көрмес» дегендей, өз қандастарымыздың шетел тех­ноло­­гиясын он орап алатын инно­ва­циялық жобалары шағын шеберханаларда шаң қауып жатыр. Жақында осындай өнертап­қыш­тық инновациялық жобаның авторы, техника ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет­тің профессоры Төлеухан Ермеков ақсақалмен пікірлесудің сәті түсті. Ол жетекшілік ететін университеттегі ғалымдар тобы ҚТҚ мен күл-қоқысты химиялық қайта өңдеуден өткізетін инновациялық жаңа технология ойлап тауыпты. Өкінішке орай, министрліктерден де, әкім­діктерден де қолдау таппаған бұл технология әлі күнге дейін уни­верситеттің шағын шеберха­на­сында тұншығып жатыр. Енді инно­вациялық жаңалық авторына сөз берейік. – Қазіргі кезде, – дейді техника ғылымдарының док­торы КСРО Мемлекеттік сый­лы­­ғының лауреа­ты  Төлеухан Ермеков, – ҚТҚ мен күл-қоқысты қайта өңдеуден өткізудің жаңа да тиімді жолы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұсынып отырған химия­лық әдіс болып табылады. Бұл технологиялық әдіс Қазақстан Рес­публикасында 20-дан астам инно­вациялық патенттерге ие болды. Осы жерде айта кететін бір мәселе, Астана, Алматы, Атырау, Қара­ғанды, Ақтөбе қалаларында ҚТҚ мен күл-қоқысты қайта өңдеу зауыттарын салу жөнінде техноло­гияларын ұсынып жүрген «Имабеиберика» АҚ (Испания), ASTA Anlagen (Берлин), «Алтын алмас» АҚ (Испания-Қазақстан), «Ювен­та-ДВ» (Германия) сияқты шетел компаниялары ҚТҚ мен күл-қо­қысты іріктеу және жағу жөніндегі өздерінің ескі технологияларын енгізуді мақсат етіп жүр. Ал біз ұсынып отырған жаңа технология­ның басты артықшылығы сұйық өнеркәсіптік және қатты тұрмыс­тық қалдықтарды қайта өңдеу  үдерістерінің технологиясы (СӨҚТҚҚӨҮТ) ҚТҚ мен күл-қоқысты іріктеу және оларды арнау­лы полигондарға тасу жұ­мыс­­тарынан мүлде бас тартады. СӨҚТҚҚӨҮТ қайта өңдеу техно­­логиясын жүзеге асыратын жаңа зауытта барлық қайта өңдеу жұмыстары заманауи ақпараттық технологияларға сүйене отырып, автоматтандырылған әдіспен жүзе­ге асырылады. Біздің технология­мыз бойынша жұмыс істейтін сұйық және қатты тұрмыстық қал­дық­тарды қайта өңдейтін (СҚТҚҚӨ) зауыттың әлемдегі қазіргі қолданыс­тағы технологиялардан бірқатар артықшы­лық­тары бар. Біріншіден, химиялық өңдеуге негізделген бұл жаңа зауытта қол жұмысы мүлде болмайды. Қал­дық­­тарды көметін орын да қажет емес. Себебі, СҚТҚҚӨ толық химия­лық қайта өңдеу үдеріс­теріне түседі. Химиялық қайта өңдеу жұмыс­тарын жүзеге асыру барысында пайда болған газ жылу энергиясын өндіруге пайдаланы­лады. Барлық сұйық күл-қоқыс қалдықтары (металл және темір-бетон қалдықта­рынан басқа) им­портты алмас­тыратын бұйымдар жасау үшін қайта өңделеді. Одан электр жабдықтары өнімдерін және ерлер мен балалардың аяқ киімдерінің ұлтандарын жасайтын бұйымдар алынады. ҚТҚ мен күл-қоқысты химия­лық жолмен өңдеу барысында пайда болған метан, пропан, бутан сияқты газдарды жылу энергиясын алуға және су ысыту қондыр­ғыла­рын қыздыруға пайдалануға бола­ды. Химиялық жолмен қайта өңдел­ген барлық күл-қоқыс қал­дықтарынан өндіріске пайдалы 40-тан астам әртүрлі заттар және қымбат импортты алмастыратын бұйымдар жасалады. ҚТҚ мен күл-қоқыстарды осылай өңдеу тех­но­логиясы барысында қала маңа­йындағы күл-қоқыс полигондарын тазарту жұмыстары тиімділікпен жүргізіледі. Бұл жаңа технология­ға негізделген зауытта ҚТҚ мен күл-қоқыстарды қолмен іріктеу жұмыс­тары болмайды. Бәрі авто­мат­тан­дырылған және қоршаған ортаға да қауіпсіз. Зауыт өндіретін тауарлар түгелдей дерлік эколо­гиялық таза және оларды пайдалану мерзімі ондаған жылдарға созы­лады. Бұл жаңа зауыт химия­лық өңдеу тәсілдерімен ҚТҚ мен күл-қоқыстан шығаратын сапалы бұйым­дар қолданыстан шыққан­нан кейін күл-қоқыс күйінде қоршаған ортаға тасталғанда өте зиянсыз болып саналады. Жаңа зауыттың өндірістік қуа­ты жылына 6 миллион 800 мың дол­лар өнім өндіруге негізделген. Бұл зауытты салуға тартылған инвестициялық қаржы 1,5 жылдың ішінде игеріледі. Зауыт салуға жұмсалған инвестициялық қар­жы 18 айдың ішінде  өзін-өзі ақтап, толық қайтарылады. СҚТҚҚӨ зауытының алғашқы бір тәжіри­белік цехын салуға сұраныс жаса­лып отырған қаржы көлемі қазір 100 миллион теңге мөлшерінде. СҚТҚҚӨ зауыты қоршаған ортаны ластайтын көмір қышқыл газының көлемін азайтуға ба­рын­­ша ықпал етеді. Сонымен бір­ге бүгінде күл-қоқыс алаңда­рына көптеп шығарылатын ав­токөлік доңғалақтары резең­келе­рін, ақпа­рат­тық технология­ның ес­кірген құрал-жабдықта­рын осы зауыт цехында химия­лық тәсіл­дермен 1-3 мм. дейін ұсақтап, эко­логия­лық таза пайда­лы бұ­йым­­дар алуға болады. Тағы бір айта кететін мәселе, бұл зауыт қоршаған орта­ға ерекше зиян кел­тіретін мұнай шламда­рын кешенді технология­лық әдіс бо­йынша қайта өңдеуге мүмкін­дік береді. Зертханаларда жасал­ған тәжірибелер көрсетіп отыр­ған­дай, қайта өңделген ҚТҚ мен күл-қоқыстың химиялық құрам­дарынан және сұйық өнер­кә­сіп­тік қалдықтардан 20 текше метр түр­лі газ өндіріп, цехта ат­қа­рылатын бір жұмыс ауысы­мын­да 100 мың киловатт электр энер­гиясын шығаруға болады. Қо­рыта айтқанда, бүгінде ба­ла­ма­сы жоқ жаңа технологияға негізделген бұл зауыттың дала­мыз­ды күл-қоқыстан тазартып, эко­номи­ка­мыздың дамуына ба­рын­ша игі ықпал ететіні даусыз, – дейді профессор Төлеухан Ермеков. Иә, Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жыл ішінде Қазақстанның экономикасы аршынды қадам­дар­мен дамыды. Еліміз бүгінде әлеуетті экономикасы, тұрақты қаржылық қуаты бар мемлекетке айналғаны да ақиқат. Осының бәрі ненің арқасы? Ол қойнауы қазына, топырағы құт қазақтың қасиетті жерінің арқасы. Жасы­ра­тыны жоқ, ел экономикасының бүгінге дейін даму үрдісі тек қасиетті жеріміздің қойнауынан алынған шикізат ресурстарының арқасында ғана мүмкін болды. Қазақстан Республикасы экспор­тының 90 пайызын мұнай, көмір, темір және әртүрлі түсті металл шикізаты құрайтындығы да шындық. Ғасырлар бойы төл перзентін қойнауынан алынған игілікпен қамтамасыз етіп келе жатқан қайран дала қажыды, тума таби­ғатымыз тақырланды. Ұлы дала­мызды ғасыр тажалы атанған ядролық сынақтар 40 жыл қақы­ратса, қолдан жасал­ған қырсық­тың кесірінен қос тамыры тартылып, ақ айдын Аралдың суалғанына да ширек ғасырдан асты. Баянауылдың басынан бағы тайды, тау мен тасы тесілген Қарқаралыны бұлт торлады, жер жәннаты Жетісудың бұлағы сарқылып, көк майсасы жұтаң­данды. Көлі құрғап, көңілі ортай­ған көгіл­дір Көкшетаудың да әрбір күні күрсінумен өтіп жатыр. Байқо­ңырдан ғарыш кемесін ұшы­рып, ырысты да күрішті Сыр бойын тусыраттық. Ұлы дала енді туған перзенттерінен жа­на­шырлық күтеді. «Ал­мақ­­тың да салмағы бар». Енді «бұлақ көрсең, көзін аш» деген баба­лардың қасиетті қағи­дасына адалдық танытып, жомарт дала­мызды күл-қоқыстан та­зар­тып, тынысын ашуымыз қажет-ақ. Ұрпақ мүддесін, жер қадірін ойлайды-ау деген билік басын­дағылардан көңіл қалды. Жақын­да жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбеков теледидардан Алматы маңында болған алапат дауылдан құлап қалған ағаш­тарды жинап, тазартылған жерлерге қайтадан ағаш өскіндерін өсіру туралы бастамаға «Құлаған ағаштарды жинаудың қажеті жоқ. Қоршаған ортада қалыптасқан жағдай бойынша дауылдан құ­лаған ағаштар табиғи үдеріс бойынша сол жерде жылдар бойы жатып, өз-өзінен шіриді. Бұл сол жердің топырағын ты­ң­айтуға ерекше қолайлы жағ­дай жасайды» деп салды. Ұлан-ғайыр даламыздың тағдыры тапсырылған министрдің пайы­мы осылай болса, басқаларға не жорық! Қазақ «жер жарасы – жан жарасы» деген ұлағатты ұран тұтқан ұлт. Халқымыз атамекенін асылындай аялауды атадан балаға мирас еткен. Ендеше, қа­зақ даласы күл-қоқыс қойма­сы емес. Бүгінгі ұрпаққа айтар ұлағат, жеткіншектер санасына құятын ғибрат туған жеріміздің тоқымдай телімін тусыратпай, сай-саласын ҚТҚ мен күл-қоқысқа толтырмай, қоқыспен бітелген бұлақтардың көзін ашып, тауы мен тасын көздің қара­шығындай қорғау – халықтық мүддеміз, перзенттік парызымыз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

Суретте: Тынық мұхитын­дағы күл-қоқыс «аралы».