Алматыда 2011 жылдың 5-8 қазан күндері аралығында «Мұнай және Газ – KIOGE 2011» атты 19-шы Қазақстанның халықаралық көрмесі болып өтті. «Атакент» көрмесінің 5 павильонында 25 мемлекет өздерінің 450 экспозициясын паш етті. Экспозициялар аясында KIOGE 2011-дің конференциясы болды. Форум жұмысына 750-ден астам делегат қатысып, 9 отырыс пен дөңгелек үстел барысында 40-тан астам беделді баяндамашы бағдарлама бойынша сөз сөйледі. KIOGE 2011 көрмесінде 6 мемлекет: Германия, Италия, Канада, Қытай, Ресей, Франция өздерінің ұлттық стенділерін көрсетті. Экспозициялардың үштен бір бөлігін отандық 150 компания иеленді.
Өткен жылмен салыстырғанда KIOGE көрмесі кеңейген. Бірқатар компаниялар көрмеге бірінші рет қатысты. Ұлттық топтардың саны артты, павильоннан тыс экспозициялар аясы кеңейді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, конференция бағдарламасы негізінен коммерциялық бағытта өтті. Оның шеңберінде Қытайға арналған «Шығыс бағыты бойынша» атты арнаулы отырыс өткізілді.
Бұл оқиғаның маңыздылығын оған қатысушылардың құрамынан-ақ байқауға болады. Олардың ішінде жылына 190 миллиард текше метр газ өткізетін 11 мың шақырымға созылған газ тасымалдау құбырлары бар еліміздегі негізгі газ тасымалдау жүйесін бақылайтын «ҚазТрансГаз» АҚ бар. Бүгінде «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақстанның газ тасымалдау саласын әртараптандырып, оның пайдалану дәрежесін әлемдік стандарттарға жеткізді. Компания қазақстандық экономиканың елеулі де ажырамас бөлігіне айналып, халықаралық рынокта берік орнын иеленді. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың газ тасымалдау жүйесін дамыту жөніндегі басқарушы директоры Әуезхан Уромбаев эксклюзивті сұхбат барысында былай деді:
– Бүгінгі таңда «Мұнай және Газ – KIOGE 2011» халықаралық көрмесі мұнай және газ саласы қызметкерлерінің нәтижелі қарым-қатынас және пікір алысу алаңына айналды. Менің ойымша, бұл көрме әртараптандыру және жаңа технологиялар саласы бойынша тәжірибе алмасу үшін өте пайдалы болып табылады. Көрмеге келген көптеген шетелдік компаниялардың бүгінгі таңдағы жоғары технологиялық газ құбырларын салу саласындағы тәжірибесі жан-жақты және өте пайдалы. Көрме жұмысының барысында құрылыс саласындағы шетелдіктердің өскелең тәжірибелерін үйреніп, жаңа материалдар, технологиялар және жабдықтар туралы толық мағлұмат алуға болады. Біз газ саласы үшін материалдар мен қондырғылар өндіретін компаниялармен алдын ала келісім жасауға дайындалдық. Сонымен бірге біз еліміздің экономикасына пайда әкелетін жаңа кездесулерге, жаңа іскерлік байланыстарға дайынбыз. Өздеріңіз білесіздер, біз Қытай Халық Республикасымен бірлесе отырып, Қазақстан жерінде «Бейнеу – Бозой - Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші кезеңінің құрылысын бастадық. Қазір техникаларды жұмылдыру шаралары жүріп жатыр. Жаңа газ құбырының ұзындығы 1475 шақырымға созылады. Оның бағыты Маңғыстау облысының Бейнеу кентінен басталып, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласына дейін созылады. Осы жерде газ құбыры «Қытай – Орталық Азия» газ құбырына жалғасады. Газ құбырының жобалық өткізу қуаты жылына 10 миллиард текше метр болса, болашақта оны 15 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға болады. Оның құрылысы екі кезең бойынша жүргізіледі. Бастапқыда ұзындығы 1164 шақырымға созылатын «Бозой – Шымкент» учаскесі және Бозой кентіндегі компрессор стансасы салынады. Бұл учаске 2013 жылы пайдалануға берілмек. Содан кейін ұзындығы 311 шақырымға созылатын «Бейнеу – Бозой» учаскесі және компрессор стансасы пайдалануға беріледі. Бұл газ құбыры Қазақстанның Оңтүстік өңірлері тұрғындарының экономикалық мүмкіндіктерін арттыру және Ақтөбе облысының кен орындарынан алынған көмірсутегі шикізатын тасымалдаудың сенімділігін нығайту, сонымен бірге Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау көлемін арттыру үшін жүзеге асыруда.
Жақында Түркістан қаласында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры жүйесінің алғашқы құбырларын дәнекерлеу бойынша салтанатты рәсім болып өтті. Сонымен бірге «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры қазақстандық газ магистралын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіру шарасын жүзеге асырады. Бұл газ құбырының бүкіл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін зор маңызы бар. Газ құбырының желісі Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтары бойынша өтеді. Құрылыс жұмыстарына 3500 қазақстандық маман тартылып, оны пайдалануға берген сәттен бастап 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сөз жоқ, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбыры Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы нағыз «халықтық» құрылыс болып табылады. Оны жүзеге асыру республикамыздың табиғи газ өндірудегі жоғары әлеуетін көрсетсе керек.
«ҚазТрансГаз» АҚ-тың басты мақсаты – 1475 шақырымға созылған осы магистралдың құрылысын салып, қазақстандық тауар өндірушілерді кеңінен жұмылдыра отырып, қажетті технологиялық және әлеуметтік инфрақұрылым жасау. Қиындықтарға қарамастан бұл жобаның бірінші кезеңі 2013 жылы іске қосылады. Нәтижесінде, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры еліміздің аумағы бойынша өтетін барлық негізгі газ магистралдарын біріктіріп, бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құрады. Белгіленген осы күрделі міндетті жүзеге асыру үшін «ҚазТрансГаз» АҚ-тың толық мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, кәсіби мамандар, мықты материалдық-техникалық база және қаржылық әлеует те жеткілікті. Жобаның жалпы инвестициялық құны 3,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде белгіленген. Бұл шығын алда тұрған міндеттер мен мақсаттар аясында толық ақталады.
Анна ЭЛАС.