Ақ мақта, Қазақстанның ақ алтыны Оңтүстікте, онда да Мақтаарал секілді күннің көзі айрықша түсетін өңірлерінде өседі.
Қырық, қырық бес градус аптапта, ала қарғаның миы қайнап айналма болып қалатын шіліңгір шілдеде, саялар бір бұтасы жоқ жалаңаш алқапта шабық шапқанның жағдайы қандай болатындығын диқандар мен оның отбасы ғана біледі.
Осынша бейнеттеніп өсірген ақ мақтаң өнімнің қызығын көрер қоңыр күзде қалтаңды томпайтып, бала-шағаңа “сен же, мен жеге” шығарып жатса тәуба ғой, кейде көктемнен қоңыр күзге дейін шығарған шығыныңның орнын жаппай шерменде күйге түсіретіндігі тағы бар. Мұндайда ерні жалақтанып, тілім-тілімі шығып, бойы ырғайдай болған диқан кетпенін атызға бір ұрып, “енді көрмегенім мақта болсын” дер. Амал жоқ, көктемде Тәңіріден несібе күтіп, көрместей болып лақтырып кеткен кетпенін қолына қайта алып, жерінің сорын шайып жүргені.
Биыл құдайға шүкір, Ливерпульдағы мақта биржасы ақ алтынның бағасын диқан көңіліндегідей ұстап тұр. Килосы 100-110 теңге.
Отырар ауданынан іссапардан оралып келе жатырмыз. Шілік ауылының тұсынан күзгі суық бүрсең қақтырған жігіт ағасы қолын көтерді. Арыстанды-Қарабастың долы мінезіне мініп тұрған шағы. Тоқтадық. Диқан екен. Ақтөбе елді мекенінен. Көңілсіз. Себебін түсіндірді. Мақтасы дертіп пісіп, қауашағы жарылғалы тұр. Ал, терімші аз, болғанның өзінде автобус жалдап алқапқа апарасың. Үш мезгіл тамақ бересің. Еті мол тамақ жегізбесең шалқасынан түседі. Оның үстіне терімшілердің бағасы қымбаттап кеткенге ұқсайды. Бұрын килосына 5-6 теңге төлеп келсең, қазір 10-12 теңгеден сұрайды. Соның өзінде ертеңгі күнді зорға батырып, уақыт оздыратындар бар. Орасан шығындығы өз алдына, күзгі жауын-шашынға ұрынса есіл еңбектің еш болатындығы тағы бар. Болат есімді сол кәсіпкер шекараны жағалап, өзбек терімшілерін жалдап келуге ниеттеніпті.
Рахат дейді. Тамақ сұрамайды. Көбірек жұқа нан әкеп берсең болғаны. Бала-шағаларымен атыздағы мақтаны тез жинап береді. Бағасы да арзан.
Көрші ағайындардың қазақ мақтасымен қабырғаларын жауып жүргені аян. Бірақ, олардың тайлы-тұяғымен шекарадан өтуін заң көтермейді. Арнайы квота шеңберінен шықпауға тиіс.
Ақ мақтаның отаны – Мақтаарал ауданында да осындай жағдай. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұрбол Саттаров “терімшілер бригадаларын ұйымдастырдық. Былтыр 11 мыңнан астам терімші болса, биыл 63 мыңға жетті” деп арқаны кеңге салғанымен солардың өзі жетімсіз болып отырған жағдайы бар. Терімшілер бригадасына кезекке тұрғандар көп. “Бақтыбай” шаруа қожалығының төрағасы Б.Жиенбаев “былтыр терімшілерге төрт жүз теңгеден төлегем. Өзбекстаннан жиырма адам келіп, төрт гектар мақтамды аптаға жеткізбей жинап беріп еді. Тамағы, жатағы сол төлеген ақымда болатын. Қазір баға шарықтап кетті” дейді. Шынында, биылғы науқан облысқа сын болғалы тұр. Созақбай Әбдіқұлов Созақ ауданын басқарып тұрғанда атаулы көмек алатындардан, қолы бос азаматтардан бригадалар құрып, осы мақталы аудандарға көмекке жіберетін еді. Екі жаққа да пайдалы.
Әзірге ондай әкімдер табылмай тұрғанға ұқсайды.
Мақта дақылы облыста экономикалық табыстылығы жоғары бірден-бір дақыл. Биылғы жылы 160,6 мың гектар жерге, өткен жылмен салыстырғанда 26,4 мың гектарға артық егілді.
Мақта шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мемлекет тарапынан пайдаланылған ағын сумен егілген егіс көлеміне, минералды тыңайтқыштарға субсидия төленуде.
Өткен жылы Мақтаарал ауданында сүдігер айдау, сор шаю жұмыстары алдыңғы жылдармен салыстырғанда ерте аяқталып, нәтижесінде, егілген мақта дақылы 1 мамырға дейін өніп шықты.
Мақтадан 307300 тонна өнім жинап, өткен жылмен салыстырғанда 67,5 мың тонна артық жинау межеленуде. Бүгінгі күнге 181700 тонна шитті мақта жиналды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 126164 тоннаға артық.
Облыс көлемінде жаңа технологияларды ендіру арқылы шитті мақта дақылынан мол өнім алып отырған агроқұрылымдар саны жыл сайын артып келеді. Мақтаарал ауданынан «Таңшолпан» ӨК 60,9 га, «Кетебай » ӨК 50 га алқапқа, «Тұмар БС» шаруа қожалығы 48 га, Түркістан қ. «Әзім ата» шаруа қожалығы 180 га, Арыс қаласында «Хлопкопром» ЖШС 203 га алқапқа тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы өнімінің сапасы мен өнім көлемін арттыруда.
Ал, Мақтаарал ауданының жекелеген шаруашылықтары арасында «Аман» ШҚ , «Аймұқан» ШҚ, «Давитян» ШҚ, «Алтын аймақ» ШҚ 40-45 центнерден, Шардарадан «Рахымжан» ШҚ , «Тоқай» ШҚ, «Ақ ниет» ШҚ 40-42 центнерден, Түркістан қаласында «Нұр» ӨК, «Төлеген ата» ШҚ 23-25 центнерден өнім алуда.
Шитті мақтаның 1 килосының бағасы 105-108 теңгені құрайды. Бұл баға өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 40-50 теңгеге жоғары.
Кешенді агротехникалық іс шараларды тиімді пайдаланып, гектар түсімділігін экстенсивті жолмен емес, интенсивті жолмен молайту жолдары қарастырылуда. Өнімнің негізгі көзі – тұқым шаруашылығы. Облыста мақтаның түпнұсқалық және элита тұқымын өндірумен 5, II-III репродукциялы тұқым өндірумен 22 шаруашылық айналысады.
Жердің құнарлылығын сақтап, ауыспалы егіс жүйесін игеру (қазіргі таңда мақта егілетін жалпы алқаптың 27% ендірілген) жөнінде тауар өндірушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Келешекте мемлекет тарапынан бөлінген жеңілдіктер іріленген агроқұрылымдарға бірінші кезекте берілетін болады.
Облыс әкімдігі осылайша жұмыс істеп жатыр. Әйтсе де, мақтаны күзгі жауын-шашынға іліктіріп ап, сортын төмендетпес үшін терімшілер бригадасының тиімді әдістерін ойластырған жөн секілді. Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Мақтааралда тұратын тәжік ағайындар жыл сайын он, жиырма отбасы болып бірігіп, кімнің мақтасы бірінші ашылса 50-60 адам болып кірісіп кетеді. Бағасы келісімді. Өз мақтасына да кезек келетіндіктен ешқайсысы қымбат сұрамайды.
Облыста екі қолға бір күрек таба алмай, күндік нәпақасын қайдан айырарын білмей жүргендер жетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас болып, ішкі саясат басқармасы, жастар орталығы бастама көтерсе жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Ылғи жалаң ұран тастаудан нақты шаруаға көшіп, шаруаларға көмек көрсететін кезең осы. Және кешіктіруге болмас.
Бұл – бір дақылдың ғана жайы. Әйтсе де, аудандарға сапарға шықсаң, диқандардың жасап жатқан жұмыстарына көңілің тоғайып қайтады. “Жұмыс істей беру керек. Сонда Алла тағала мына байғұс көп тыртаңдап кетті ғой, несібесін молайтайын деп байлығыңды еселейді” дейді бір досым. Рас сөз ғой.
Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Отбасы тоқ, көйлек көк.
Жұмыс істеймін, отбасымды ешкімге телміртпеймін деген ағайынға облыс әкімдігі барынша жағдай туғызып жатыр.
Диқанға ең бірінші керегі не, ол – суармалы жер. Асқар Мырзахметовтің тікелей қадағалауымен суармалы жерлер жыл сайын көбейтіліп жатыр. Жақында Бәйдібек ауданына іссапармен барғанбыз. Қапшағай су қоймасын пайдаланып, табиғаты қаталдау өңірдің өзі бау-бақша, көкөніс өнімдерін молайтуға бет алған.
Қазіргі есеп бойынша суармалы жерлерді ұлғайту жөнінде қала, аудандарға 500 мың гектарға тапсырма беріліп, 317,6 мың гектары нақтыланды.
Ұсыныс берілген 317,6 мың га-ның 2012 ж. – 26,2 мың га; 2013 ж. – 34,4 мың га; 2014 ж. – 60,4 мың га; 2015 ж. – 90,9 мың га; 2016 ж. – 105,7 мың га. игеріледі деп болжануда.
317,6 мың гектардың 87,1 мың гектары тәлімді егістік жерлерді суландыру, 19,4 мың гектары шабындық жерлерді игеру, 211,1 мың гектары жайылымдық жерлерді пайдалану есебінен игерілетін болады. Негізінен, Түлкібаста 15,4 мың гектар, Арыс қаласында 15,0 мың гектар, Қазығұртта 13,6 мың гектар, Сайрамда 8,0 мың гектар, Бәйдібекте 7,0 мың гектар, Созақта 6 мың гектар тәлімі егістік жер суландырылады.
Қосылатын суармалы жерге талдау жасайтын болсақ, 65 өзен арқылы 108,7 мың гектар, 59 канал арқылы 145,1 мың гектар, 5 су қоймасы арқылы 40 мың гектар, 6 көлден 6,7 мың гектар, 8 жерасты суынан 12,1 мың гектар, ұңғымалар арқылы 2,6 мың гектар игеріледі деп күтілуде.
Суармалы жерді ұлғайту есебінен жаңадан ашылатын жұмыс орны 43705 болса, қажетті қаржы көлемі 205781 млн. теңгені құрайды.
Бұл – суармалы жерлердің жағдайы. Облыста суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып суаруға негізделген технология жоғары қарқын алып келеді. Жылыжайлардың көлемі жыл сайын артуда.
Сонау бір жылдары облыс делегациясының құрамында Ресейдің Кемеров қаласына жолымыз түскен. Алып қаланың сыртында алып жылыжайы бар екен. Мақтанышпен көрсетті. Қысқы мезгіл еді. Сол кездегі бағаммен қияр бағасы Шымкентте 100 теңгенің ар жақ, бер жағында тұрғанда Кемеров облысында 400 теңгенің үстінде болды.
Қазір Ресей кедені ашық. Қазақ диқандарының екі жеп биге шығатын кезі келгендей. Оған себеп жоқ емес. Атажұртқа оралған ағайындар тұратын “Асар” ауылының өзінде бір жылда 40 мың адамды жұмыспен қамтитын жылыжай кешені салынып жатыр. Ол толық іске қосылған жағдайда көрші мемлекеттерге көкөніс өнімдерін еркін шығаруға болады.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір Оңтүстіктің өзі Қазақстанды көкөніспен қамти алады деген идеяны ұстанады. Негізсіз емес. Бүгінгі жұмыстар осыны көрсетеді. Мұндай жағдайда дағдарыс дегеніңіз, диқан қауымын алты айлық жерден айналып өтетіндігі анық.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.